Қарапайым ауыл агрономына мақта теретін комбайн жүргізушілерінің қажетті бөлшекті көрші елден алып жүргені ой салса керек. Зерделей келе комбайндарға аса қажетті «шпиндельді щетканы» ауыл аспай-ақ шығаруға болатынына көз жеткізеді. Сөйтіп пластикалық қалдықтардан, жалпақ тілмен айтқанда босаған баклашкалардан әлгі бөлшекті жасап шығарады.
Бүгінде Жетісай ауданына қарасты Жылы су ауылдық округінің тұрғыны Қозыбай Әшековтің өнімі сұранысқа ие. Ауыл шаруашылығы саласындағы білімін бизнеспен ұштастырған агроном ұлы Алтаймен бірге пластикалық қалдықтардан «шпиндельді щетка» мен қалыңдығы 1 мм болатын жіп шығаруда. Бұған дейін аталған щетканы көршілес Өзбекстан елінен тапсырыспен алып келген комбайн жүргізушілері ауыл азаматының қолынан шыққан өнім сапасының жоғары, бағасының арзан екенін айтады. Бір комбайнға 96 дана кететін бір маусымға жарамды өзбекстандық щетканың әр данасы базар нарығында 4 мың теңге болса, Қозыбай Әшековтің қолынан шыққан екі маусымға жарамды өнімнің бағасы соның тең жартысы, яғни 2 мың теңге тұрады. Осылайша, отбасылық бизнесті дамытып отырған Қозыбай Әбдірашимұлы қолынан іс келетін ауылдың тағы бір тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Қолдағы барымен кәсіп ашқан азамат алдағы уақытта мемлекеттік қолдаумен несие алуға ниетті.
«Мемлекетіміздің жүйелі саясатының нәтижесінде жыл сайын кәсіпкерлерге жасалатын мемлекеттік қамқорлықтардың қатары артып, берілетін несиелердің көлемі де көбейіп келеді. Біз де сол бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген пайызбен несие алуды, алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтсек, өнім көлемін арттырсақ деген жоспардамыз», дейді Қ.Әшеков.
Бүгінде кәсіпкер күніне 25 данаға дейін шпиндельді щетка жасауда. Өткен жылы 28, биыл 40-қа тарта комбайнға өнім дайындаған азаматтар тапсырыстың күн санап артып отырғанын айтады. Сондай-ақ Қ.Әшековтің отбасы жылыжай, бау-бақша өсіру ісін де дұрыс жолға қойып, ауыл тұрғындарын жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етіп келеді.