Түркия елінде болған гастрольдік сапар кезінде Қарағандының Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі 10 мыңнан астам көрермен алдында өнер көрсетіп, домбыра мен қобыз үні арқылы Ұлы дала тарихын жүректерге жеткізе білді.
Өнер ұжымы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы аясындағы іс-шараға арнайы шақырылған болатын.
Концерттік бірлестіктің жетекшісі Талғат Ыдырысов кіші құрылтайға қатысып, сонымен бірге Алания, Анталия, Хатай, Газиантеп, Ыстанбұл және Конья қалаларында концерт бергендерін хабардар етті.
– Оркестрдің концерттерін Түркияның 10 мыңнан астам көрермені тамашалады. ЭКСПО-ның ашылуына дайындалып жатқан Хатайда амфитеатр залын бірінші болып сынап көру сәті түсті. Бізге ЭКСПО ашылуында да өнер көрсету туралы ұсыныс түсті, – дейді Т.Ыдырысов.
Ал Тәттімбет оркестрінің дирижері Ерлан Бақтыгерей болса, түрік көрермендерінің ұлттық музыкалық аспаптарымыздың үніне айрықша таңғалып, ерекше әсерге бөленгендерін атап өтті.
– Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбет, Махамбеттің күйлері мен Нұрғиса Тілендиевтің заманауи әндерін орындадық. Сонымен қатар белгілі түрік композиторларының шығармалары, түрік әндеріне попурри орындалды. Көрермендерге ұнағаны сонша, олар орындарынан тұрып кетіп, би биледі, ән салды, – дейді дирижер.
Алдағы күндері аталған өнер ұжымы жаңа концерттік маусымын ашады. Оркестр репертуарында қазақ және орыс классиктерінің шығармалары, сондай-ақ гастрольдер бағдарламасынан әндер болады деп жоспарланған.