Бұл туралы «Алдағы жылыту маусымында көмір тасымалдау мәселесі» тақырыбында өткен брифингте айтылды, деп жазады Egemen.kz.
«Күз мезгілінде халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесі қашанда өзекті. Бұл әлеуметтік маңызы зор шаруа ұлттық темір жол компаниясының басшылығының жіті бақылауында. Жыл жайын ҚТЖ жүйесі орташа есеппен 100 млн тонна көмір тасмалдайды. Оның 75 млн тоннасы ел ішіне, қалғаны экспортқа шығарылады. Егер көмір жөнелтушілер жүкті уақытында тиейтін болса, вагондарды үлестіру тепе-теңдігі сақталып, көлік тапшылығы болмайды», деді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының БАҚ-пен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Қайсар Көбесов.
Спикердің айтуынша, биыл 9 ай ішінде 76 млн тонна көмір тасмалданған. Бұл жоспардан 1,4 млн тоннаға артық. Соның ішінде ішкі тұтынушылар үшін 53,5 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл көрсеткіш жоспардан 2 пайызға жоғары.