Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елордадағы жалпы орта білім беретін мекемелердің «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері арасында дәстүрлі «Жас сарбаз – Тәуелсіздік тірегі» күзгі әскери-патриоттық ойындары өтті.
«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ елордалық филиалы ұйымдастырған бұл іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, «Астана жастары» КММ, Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының және Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері департаментінің қолдауымен жүргізіліп отыр. Әдеттегідей әскери бөлімдердің базасында кезектесіп жүргізілетін жарыстар бұл жолы қаламыздағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің аумағында болды.
Іс-шара барысында жас өрендерге нағыз әскери өмірдің қыр-сырлары таныстырылып, патриоттық тәрбиелеуге бағытталған жарыстар ұйымдастырылды.
3 күнге созылған жиында тәрбиеленушілер әскери-қолданбалы спорт түрлерінен сайысқа түсті. Атап айтар болсақ, белтемірге тартылу, автоматты бөлшектеу, химиялық қарудан қорғаныш костюмін кию, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша нормативтерді орындау, «Smart Sarbaz» роботтехника сайысы. Әскери бөлім ұйымдастыруымен әскери ансамблі концерті, әскери қару-жарақтар мен техниканың түрлері, сарбаздардың тұрмыс-тіршілігі мен орындайтын тапсырмалары, қолма-қол ұрыс пен жекпе-жек тәсілдері көрсетілді.
Сайыстар бойынша жалпы командалық есеп жасалып, үздіктер анықталды. Жекелеген сайыстар бойынша үздік көрсеткіш көрсеткен «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынында Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғайды.