• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қазан, 2021

9 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды

145 рет
көрсетілді

Жастар тұрмысының жақсаруында жұмыссыздықты жоюдың маңызды рөл атқаратыны даусыз. Үшінші мегаполисте бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің ұйымдастырылуы нәтижелі істердің бірі.

Жәрмеңке ұсынылған жұмыс орын­дарының көптігімен және психо­лог­тардың қатысуымен ерек­шеленді. Жет­кіншектер жұ­мыс іздеп, ересектерден сұ­рау­ға қысылған жағдайда психологтер оларға қолдау көрсетіп, кеңес беріп жатты. Бұған қоса жұмыс іздеушілерге түйіндеме жазуда да көмек көрсетілді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жастар ре­сурстық орталығымен бірге ұйым­дастырған жәрмеңкеде жал­пы саны 9 мыңға жуық бос жұ­мыс орындары ұсынылды. AZALA Textile, «Сити Строй», «Реголат», «Қазнұр», «Альфа-Юг», Аsia Trafo ме­кемелері, «Магнум, «Фиркан» секілді ірі сауда желілері және қаладағы арнаулы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар, мектептер, балабақшалар – жалпы 50-ге жуық жұмыс беруші мекемеге медицина, техника және педагогика саласының ма­мандары қажет. Қалалық жұ­мыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова осындай шаралар жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізетінін айтады. «Жәрмеңкеге 14 пен 29 аралығындағы жастар, кво­та шеңберінде басқа да жерлестеріміз, оқу орындарының түлектері қатысты. Ұсынылған 9 мыңға жуық орынның ішінде 3 500-і – тұрақты жұмыс орны. Бұл – жастарға үлкен мүмкіндік. Қа­зіргі таңда Шымкентте 3 200 жас жұмыссыз ретінде тіркелген», дейді басқарма басшысы.

Жәрмеңке нәтижесінде мыңға жуық жас жұмысқа жолдама алды. Тұрақты жұмыспен – 790, ал «Жастар практикасымен» 121 жас жұмыс істемек. Жәрмеңкеде, сонымен қатар, еліміздің сол­түстік өңіріне қоныс аудару бойынша ақпараттық-түсіндірме жұ­мыстары ұйымдастырылып, нәти­жесінде 100-ден аса шым­кенттік солтүстік өңірлерге көшу­ге қызығушылық танытты.

Жыл басынан бері «Еңбек» мемле­кеттік бағдарламасы шең­берінде 18 мыңнан астам шым­кенттік жұмыспен қамту ша­раларына қатысқан. Оның ішін­де 2 384 жас – «Жастар прак­тикасымен», ал 109-ы «Ал­ғашқы жұмыс орны» жобасымен жұмысқа жолданған. Осы арада айта кетелік, Шымкентте жұмысқа алғаш рет орналасатын, еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қолдау мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүргізілуде. Бүгінге дейін жобаға қатысуға 109 жас ниет білдіріп, қазіргі таңда өз мамандығы бойынша түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жолданып, екі жылға тұрақты жұмысқа орна­ласты. Жоба «Нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың» 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасының ІІІ бағыты аясында жүзеге асырылып отыр. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен келісімшарт жасап, оқу орнын енді тәмамдаған жастар 24 ай жұмыспен қамтылады. Жобаға қатысушының еңбекақысы – 20 АЕК. Халықты жұмыспен қамту орталығы алғашқы 12 айдың еңбекақысын субсидиялайды.