Қостанайдағы қазақ драма театрының жаңа ғимараты салынар кезде осындағы зиялы қауым тарапынан «Әттеген-ай, театр қаланың қақ ортасына, саябақтың қасына түскенде болар еді» деген пікірлер естіліп қалған еді. Ғимарат қаланың шетіне емес, бірақ дәл орталықтан қиғаштау түсті. Қазір шатырына қараған кісінің көз алдына қазақ қызының сәукелесі елестейтін ғимарат қаланың өзі тұрған жерін абаттандырып жіберді. Қостанайға келген қонақ қазақ драма театрының сыртын да, ішін де көргенше асығады. «Театр киім ілгіштен басталады» деген сөз рас екен. Кірген бетте жоғарыдан түскен шамнан, әшекейлерден қазақ аруының алқасын, сырғасын көргендей болып, адам жанын сұлулыққа деген іңкәрлік билей бастайды. Театрдың үлкен және кіші залы бар. Үлкен залы 300 орындық қана, кіші залына 100 адам сыяды. Бұл дүние жүзіндегі театр стандарты. Сахнадағы спектакльден әртістің жүзін жақыннан көріп, дауысын да жақыннан, микрофонсыз естіген көрермен көңілінің хошын айтпаңыз. Ал кіші залда көбіне моноспектакльдер өтіп жатады. Сондай-ақ, белгілі өнер адамдарымен кездесу көбінде осы залда болады. Залдың кішілігінің өзі үй ішінен үй тіккендей, құстың ұясындай бір бауырмалдық сезім ерекше әсерге бөлейді. Ал үшінші қабаттағы «қысқы бақты» көрмеген көрерменнің көңілі сыңар кетеді. Мұнда жер жүзінің әр шалғайында өсетін өсімдіктер мен ағаштарды қызықтар едіңіз. Қысы-жазы бір температура ұсталады, африкалық өсімдіктер Қостанайдың көк аспанына қарап өседі.
Драма театры үшін арнайы жобамен салынған бірегей ғимараттағы сахна шеберлеріне жасалған қолайлылықты қостанайлық әртістердің өзге әріптестері әзірге армандайды десек, ешкімнің көңіліне келе қоймас. Мұндағы актерлердің әрқайсысы жиһазбен жасақталған. Әр өнер иесіне әрленетін бөлме бөлінген. Театрда тренажерлық зал, буфет жұмыс істейді. Ұжым спектакльге дайындық кезінде бұрынғыдай даладан ештеңе іздемейді.
Сәулеті Қостанай қаласының көркіне айналған І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының спектакльдеріне орыс, қазағы бірдей келеді. Театрдың ішкі әсемдігін өзге жұрттың да көргісі келіп тұрады, «жақсыны көрмек үшін» деген емес пе? Оның сыртында қолданам десең әр орындықта ілеспе аударма дайын. Қазақпен қатар, өзге жұрттың барлығына таныс орыс және әлем әдебиеті классиктерінің шығармалары жүріп жатады. Мысалы, өткен жылы театрдың бас режиссері Ерсайын Төлеубай «Сергей Есенин» спектаклін қойды. Орыс әдебиетін жақсы білетін режиссер лирикасы қай халық өкілін де сусындатқан ақынның жеке өмірін, оның алапат сезімі мен махаббатын, трагедиясын пьесаға арқау етті.
– Қостанайға Ресейде біраз жыл Ішкі істер министрі болған, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары, генерал Рашид Нұрғалиев келе қалды. Сыртта жүргендіктен бе, қазақ өнерін қастерлейтін кісі екен. Көлігін тоқтатып, театрға кіріп, аралап көрді. Сол күні «Сергей Есенин» спектаклінің болатынын айтып, шақырдым. Кешке уақыт тауып келіп, спектакльді көріп кетті. Ол Сергей Есенинді қазақ тілінде қойғанымызға өз таңғалысын жасырған жоқ. Тек ол емес, Қазақстан Парламентінің депутаттары, қалаға келген басқа да мәртебелі қонақтар, қарапайым кісілер осында келіп, театрды аралап көреді, спектакльдерді қызықтайды. Сонымен қатар, қай ұлттың болсын отау құрған жастары қос аққудай болып, театрды аралап жүруді, суретке түсуді әдетке айналдырған. Қазақ драма театры осындай әсем ғимаратқа көшудің арқасында өнеріміз де өзгелерге бұрынғыдан да бетер жетіп жатыр. Шүкірлік етеміз. Бұл сұлулықтың шекарасы болмайтынын көрсететін ұғым, – дейді бас режиссер, Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубай.
Иә, осы құтты шаңыраққа келген жұрт таза бұлақтан су ішкендей рухани тазарып, байып кетеді. Осыған қарап, сырт кісі театрда өзекті мәселе жоқ, бәрі де қыздың жиған жүгіндей жайнап, рет-ретімен тұр деп ойлар. «Өнерге, театрға мемлекеттік қамқорлық болмай, оның көсегесі көгермейді!» деген бас режиссердің ащы жанайқайын тыңдағанда пісуі жеткен мәселелердің шешімін күтіп тұрғанын сезгендейсің. Және ол тек Қостанай театрына ғана емес, Қазақстанның барлық драмалық өнер ошағына тән. Өнердегі өзектілік бірнеше еселеніп кеткендей көрінеді.
– Менің өмірім театр саласында өтіп келеді. Қазақстандағы барлық театрдың жағдайынан хабардармын. Көпшілігіне қарағанда Қостанай театрының жағдайы салыстырмалы түрде шүкірлік деуге тұрарлық. Ал кадр мәселесі күйіп тұрғанда мынадай сәулетті ғимаратта отырып, көңіліміз ортая береді. Театрда 40-50 актер болуы керек. Ал олардың саны бізде қазір 28 ғана. Сегіз актер зейнет жасындағы кісілер. Кадр жетпеген соң олардың жасығынан асылын іріктеуге де мұрша жоқ. Мен келгелі талантты деген бес актер кетіп қалды. Былтыр Т.Жүргенов академиясын Диана Рахметова деген қызымыз бітіріп келді. Көрік қандай, тіл қандай, ән қандай! Талантты бала, сахнаға алғаш шықанда көрерменін баурап алды. Бірақ 30 мың теңгеге қашанғы жұмыс істейді? Челябідегі Өнер академиясын биыл төрт жас бітіріп келеді. Олар да 30 мың теңгеге тоқтар ма екен? Әлеуметтік-тұрмыстық мәселе театрға қадам аштырмайды, бас көтертпейді, – деп бас режиссердің сағы сынып отыр.
Ерсайын Жүнісбекұлы театрға кадр құтайтпайтынның бірі – баспана мәселесі екенін айтты. Театр ашылғалы он бес жылда бір адам да баспана ала алмаған. Әрине, нарық кезінде пәтер бұрынғыдай бюджет қаражатына берілмейді. Әлгі 30 мың теңге алатын жастарға қай банк несие береді? Олар түгел осы театрда шашы ағарған актерлердің де айлық жалақысы үй алатын несиеге төтеп бере алмайды. Театрдың жатақханасы ретінде бес бөлме үй бар. Режиссердің айтуына қарағанда, қазір онда бес отбасы тұрып жатыр. Театр актерлерінің тойда жүретіні де қазір жалпы жұртқа белгілі көрініс. Асабадан қадамы жүріп кеткендер тұрмысын түзеуге талпынады, ал сахнаның сәні болғанымен асабалыққа «ебі жоқтар» баспанасыз жүреді немесе тұрмыс тауқыметі оларды сахнадан кетіріп тынады.
– Мен қазақ драма театрының бастау бұлағында тұрғандарды айтпай-ақ қояйын, бергідегі Асанәлі, Райымбек, Сәбит, Шолпан, Ыдырыс, Фарида, Зәмзәгүл, Меруерт, Нүкетай, Торғын сияқты толып жатқан актерлерімізді жұрт көшеде көрсе марқаяды, мақтанады. Оларды бір көру көрермен үшін қуаныш. Ал қазір актер деген тойдан шықпайтын болды. Сахнада көрермен табынып отыратын актердің құны бес тиын болып кеткендей, ішім күйеді. Біздің театрдың да актерлері тойда жүреді. Не істеймін, олардың бала-шағасын мен бағамын ба? Тілім қысқа, – дейді Ерсайын Жүнісбекұлы.
Өнер құдіреті қоғамды тәрбиелейді. Ал театр – кәусардай таза, шынайы рухани азықтың отауы, қасиетті қоймасы іспетті. Оның өзі тоқ болмаса, көрерменге берері де солғын тартпай ма деген ой тек режиссерді толғантпайды. «Үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» деген ғой, тұрмыс тауқыметімен жүнжіген актер сахна, сұлулық туралы шабытты әңгіме айтар ма екен? Бұл туралы біз де қадалып сұрамадық.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.