• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қазан, 2021

«Әке» – бас жүлдегер

338 рет
көрсетілді

Шымкент қаласында жас режиссерлерге арналған Shymkent nomad film fest қысқаметражды фильмдер фестивалі өтті. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

Үшінші мегаполистегі кино­индустрия саласына үлкен мән беріп, дарынды жастардың шы­ғар­машылығына қолдау көр­сету арқылы мүмкіндік бере­тін шы­ғармашылық алаң құ­ру­ды мақсат еткен фестиваль жеңім­паздарын марапаттау рәсіміне қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жас таланттарға шығармашылық табыс тіледі. «Жүлделі орын ал­ған 4 фильмді көрермендер­мен бірге тамашаладық. Жас режис­серлердің аяқ алысы жаман емес. Биыл бұл байқау Шымкентте бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Жастарымыз осындай қар­қында еңбектеніп, іздене түссе қаламыздан әлі талай мықты кино­режиссерлер шығатыны сөз­сіз. Осындай шағын кинофес­ти­вальдер олардың танылып, шың­дала түсуіне жол ашады деп сенеміз», деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Байқауға қатысуға 30 үміт­кер ниет білдіріп, қазылар алқасы соның ішінен 10 кинотуынды­ны іріктеп алған. Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, байқау қатысушылары жастығына қара­мастан қоғамдағы көкейкесті мә­селелерді фильмдеріне арқау ете алған. Олар жас режиссерлердің еңбегінде әрбір бейнесюжет­тің тақырыптық идеясының ерек­шелігіне және еңбектің жанрлық талаптарға сай болуына айрықша мән бергендерін айтады. Байқау қорытындысы бойын­ша үшінші орынды Ерсұлтан Тілеуовтің «Таңдау» туындысы иеленді. Екінші орын Дмитрий Владимировичтің енші­сінде («Же­тістік» фильмі). Ал бірін­ші орын «Садақа» фильмінің ре­жис­сері Болат Қожахметке бұ­йыр­са, бас жүлдеге «Әке» филь­мінің режиссері Ердәулет Али­беков ие болды. Фестиваль бұған дейін «Самғау» деген атаумен Шымкентте 5 жыл қатарынан өт­кі­зіл­генін айта кетелік. Елдегі эпидахуалдың күрделенуіне байланысты уақытша тоқ­тағаны­мен биыл Shymkent nomad film fest қысқаметражды фильмдер фестивалі атауымен қайта бастау алды.