Бұл екеуінің арасында қандай байланыс бар деп отырсыз ба? Байланыс бар. Одан да зорын айтайық, әлемді жайлаған дағдарысқа дәл осы екеуі тікелей себепші болды.
Пандемия технология саласында кеңінен қолданылатын микросхемалар мен жартылай өткізгіштерді өндіретін жетекші кәсіпорындардың қызметіне кері әсер етті. Бұл аздай жұмыс пен оқудың онлайн режімге көшірілуі электроникаға деген сұранысты шамадан тыс арттырып жіберді. Сөйтіп, бұл жағдай шатқаяқтап тұрған әлем экономикасын тығырыққа тіреп, жаһандық дағдарыстың белең алуына жол ашты.
Бұл жерде АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғысының» да салқыны бар. Түрлі салалар арасындағы жоғары бәсекелестік, кейінге қалдырылған сұраныс және жаппай локдаунға байланысты жеткізілімнің үзілуі салдарынан жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуаты артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыра алмайтын жағдайға жетті.
QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының сарапшысы Әсет Жақыпбековтың айтуынша, микросхемалар мен жартылай өткізгіш өнімдердің жетіспеушілігі IT-салаға, электроника мен автомобиль өнеркәсібіне ғана емес, сондай-ақ машина жасау, авиация, медицина секілді басқа да салаларға кері әсер еткен.
– Жартылай өткізгіштерді өндірушілер пандемия кезінде өздерінің жеткізу тізбектерін тұрмыстық электроника мен медицина секторына қайта бағдарлады. АҚШ-тың санкциялары мен нарықта байқалған тапшылыққа байланысты Қытай компаниялары өз қорларын құруға мәжбүр болды. Бұл өз кезегінде сұранысты уақытша арттырды да. Әлемде қалыптасқан жартылай өткізгіштер нарығының конъюктурасы Қазақстанда технологиялық өндірісті, оның ішінде тұрмыстық техника өндірісін іске асыруға әсер етуі мүмкін, – дейді Ә.Жақыпбеков.
Қазір жартылай өткізгіш өнімдер өндіруде Тайвань мен Оңтүстік Корея көш бастап тұр. Олардың процессор чипі нарығындағы жалпы үлесі шамамен 83 пайызды, ал жад чиптері нарығындағы үлесі 70 пайызды құрайды. Бұл нарықтағы көшбасшы кәсіпорын – Taiwan Semiconductor Manufacturing Company (TSMS) компаниясы. Бүгінде жартылай өткізгіш нарығының 54 пайызын осы компания иеленіп отыр. Оның бәсекелесі – оңтүстіккореялық Samsung Electronics. Бұл компанияның жалпы нарықтағы үлесі 17 пайызға тең.
Ә.Жақыпбековтің айтуынша, әлемнің жекелеген аймақтарында микрочиптер өндірісін жергіліктілендірудің көпжылдық үрдісі ірі тұтынушыларға соққы боп тиген. Сол себепті қазіргі жағдай әлемнің көптеген елдерін өз өндірісін құру туралы ойлануға мәжбүр етті. Intel Corp, Qualcomm Inc және Advanced Micro Devices Inc секілді микросхема өндіруші америкалық компаниялардың атқарушы директорлары АҚШ Президенті Джо Байденді ішкі өндірісті қолдауға, елдің инновациядағы артықшылығынан айырылып қалмауға шақыруы да тегін емес. Жартылай өткізгіштер өнеркәсібі қауымдастығы АҚШ әкімшілігін ынталандыру пакетіне гранттар немесе салық несиелері түрінде жартылай өткізгіштерді өндіруге ынталандыруды қаржыландыруды қосуды ұсынып отыр.
– АҚШ жартылай өткізгіштердің жергілікті өндірісін дамытуды ынталандыру үшін 54 млрд доллар көлемінде субсидия бөлуді жоспарлауда. TSMC қазірдің өзінде Аризонада зауыт салып жатыр. Ал Intel және Samsung Electronics құрылысты бастау жөніндегі жоспарларын жариялады. Сонымен қатар сыртқы жеткізушілерге тәуелділікті азайту үшін Еуропалық комиссия Еуропалық микроэлектроника альянсын құруды жоспарлап отыр. Оған Еуропаның ең ірі микросхема өндірушілері, сондай-ақ автоөндірушілер мен телекоммуникациялық компаниялар кіруі мүмкін, – дейді QazIndustry сарапшысы.
Еуроодақ негізгі салалар бойынша АҚШ пен Азияның технологияларына ғана сүйенбеу үшін Еуропада жартылай өткізгіш шығаратын алдыңғы қатарлы зауыт салуды қарастыруда. 2020 жылдың соңында Еуроодақтың 17 елі декларацияға қол қойды. Онда салаға 145 млрд еуро инвестиция салуға және оны 2 нанометрге дейінгі процессорларды дамытуға жұмсау міндеттелді.
Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мәліметінше, Қытай 2025 жылға қарай жартылай өткізгіштерді өндіруге арналған жабдыққа деген қажеттілігінің 70 пайызын өз кәсіпорындары есебінен қамтамасыз етпек. Тиісінше, импорт арқылы өтелетін қалған қажеттілікті жыл сайын төмендетіп отырмақ. АҚШ технологиясынан тәуелсіз болуы үшін Қытай 2025 жылға дейін жоғары технологиялар саласына 1,4 трлн доллар қаржы инвестициялауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Қытай жоспарлы түрде жоғары білікті мамандарды тартып жатыр. Аталған елдің Quanxin Integrated Circuit Manufacturing (QXIC) және Wuhan Hongxin Semiconductor Manufacturing Co (HSMC) сияқты екі компаниясы TSMC-тен 100-ден астам тәжірибелі инженер мен менеджерді жұмысқа шақырып, оларға TSMC-тің жылдық жалақысынан 2-2,5 есе көп қызмет пакеттері мен бонустар ұсынған.
Осы орайда, Қытай «Жартылай өткізгіш импортты алмастыру» бағдарламасын іске асыру үшін пайдаланылатын қаражатты жинақтау мақсатында арнайы қор құрғанын атап өткен жөн. Бұл «Үлкен қор» – Big Fund деп аталады. Бірінші кезекте, қордың көмегімен Naura, Advanced Micro-Fabrication Equipment, Hwatsing, ACM Research, Mattson Technology және Shanghai Micro Electronics Equipment секілді электроника өндірісіне арналған жабдықты жеткізушілер қаржыландырылады.
– Қытай тікелей жартылай өткізгіштер өндірісінде көшбасшылардың бірі болса, жартылай өткізгіштерді өндіруге қажетті технологиялар мен жабдықтар тұрғысынан негізгі жетістіктер АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және Еуроодаққа тиесілі. Қытай кәсіпорындары 28 нанометрді игеру үшін қажетті жабдықтар мен технологиялардың тек 20 пайызын қамтамасыз ете алады. Қалғанын импорттауы керек. Мысалы, Нидерландының ASML компаниясы микроэлектрондық өнеркәсіпке арналған фотолитографиялық жүйелердің ірі өндірушісі болып саналады. Олардың негізінде АҚШ технологиясы жатыр. Ол TSMS және Samsung Electronics компаниясын қоса алғанда, жартылай өткізгіш компоненттерін өндірушілердің көпшілігін литографиялық жабдықпен қамтамасыз етеді.
Бүгінде жартылай өткізгіштер өнеркәсібі өндіріс пен технологияны дамытуға үлкен қаражат салатын әлемнің бірнеше дамыған елдері арасындағы бөлінген өндіріс тетігі саналады. АҚШ, Еуроодақ, Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония жартылай өткізгіштер нарығынан берік орын алған. Тұтыну көлемі аз екені ескеріле отырып, Ресей алдыңғы қатарлы компоненттермен «қалдық принципіне» сәйкес қамтамасыз етіледі. Жартылай өткізгіш өнімдердің жаһандық жетіспеушілігі ендігі жерде өндірушілердің үлкен нарықтарға басымдық бергізуіне жол ашады.
Жартылай өткізгіш өнімдерді сатудың жалпы көлеміндегі үлесінің аздығына байланысты автоөндірушілер тапсырыс берушілер арасында кезектің соңында қалды. Әлемдік автоиндустрия жыл сайын 37 млрд долларға жартылай өткізгіштерді сатып алса, бір Apple компаниясының өзі жыл сайын оған шамамен 56 млрд доллар жұмсайды.
Осы жағдайдың алдын алу мақсатында Ресей өз аумағында жартылай өткізгіштер өндірісін оқшаулау мүмкіндігін қарастыруда. 2020 жылдың басында Ресейде электронды өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясы бекітілді. Бағдарлама 2030 жылға қарай қалыңдығы 7 және 5 нанометрге дейінгі микросхемалар өндірісін жолға қоюды мақсат тұтып отыр. Ресей Үкіметі осы мәселелерді шешу үшін 2024 жылға дейін шамамен 266 млрд рубль бөлмек. Бүгінде Ресейде негізінен 130 нанометрлік жартылай өткізгіштер шығарылады.
Ә.Жақыпбековтің айтуынша, әлемнің жекелеген аймақтарындағы өндірісті оқшаулау көптеген елді шетелдік жеткізілімдерге тәуелді ете түсті. Бірқатар ел өз өндірісін дамытуға көңіл бөліп, озық зерттеулерге инвестиция салады деген болжам бар.
– Микрочиптердің жаңа заманауи жоғары технологиялық өндірісін жаңадан бастау тым қымбат және техникалық тұрғыдан күрделі. Жартылай өткізгіштердің жеке өндірісін құру үшін заманауи жабдықтары мен технологиялары, білікті инженерлері мен мамандары бар қомақты қаржылық салымдарға қол жеткізе алатын ірі халықаралық компанияны шақыру қажет. Semiconductor Industry Association бағалауы бойынша орташа есеппен 14-16 нанометрлік өнімді шығаратын зауытқа 13 млрд доллар, 10 нанометрлікке – 15 млрд доллар, 7 нанометрлікке – 18 млрд доллар, 5 нанометрлікке 20 млрд доллар қажет, – дейді Ә.Жақыпбеков.
Электроника саласындағы зерттеулерге салынатын инвестиция да артып келеді. Бүгінгі таңда жартылай өткізгіштер саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер көлемі фармацевтикадан кейін екінші орында тұр. Мәселен, ТЅМС 2021 жылға озық литографиялық технологияларды игеруге шамамен 20 млрд доллар көлемінде қаржы жоспарлаған. Оның басым бөлігі 3 нанометрлік технологияға бағытталады.