Жамбыл облысындағы Теріс-Ащыбұлақ аулының мектеп оқушылары 10 күннен бері сабаққа бара алмай жүр. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Теріс-Ащыбұлақ ауылының оқушылары 1 жылдан бері көршілес Ақтөбе ауылындағы мектепке қатынап оқиды екен. Осы мектепке балаларды тасымалдайтын автобустың бұзылу себебінен оқу бағдарламасын жалғастырудың сәті түспей тұр.
Жуырда балаларды көрші мектепке алып шыққан жеңіл көлік жарты жолда апатқа ұшырап, оқушылар зардап шегіпті. Ал Қызыл арық ауылдық округінің әкімі Ермек Сейдалиев жаңа көлік алғанша, оқушыларды ескі автобуспен тасымалдауға мәжбүр екендіктерін алға тартты. Бірақ, оны сатып алуға биыл қаражат қарастырылмаған көрінеді.
Осы мәселеге байланысты телеарна тілшісі аудандық білім бөліміне хабарласқанында, оқушыларға жаңа автобустың келер жылы бөлінетінін айтыпты.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «Астана» телеарнасы.
Фото: Novate.ru.
.