Қарағанды облысында Сочи Олимпиадасына қатысып жатқан қазақстандық спортшыларды қолдауға арналған автошеру өтті. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады.
Еліміздің көк байрағын көкке көтерген 10-нан астам көлік қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. Мұз сарайынан басталған шеру «Шахтер» стадионында аяқталып, эстафетаны Қарағанды қаласының спортшылары қабылдап алды. Олардың арасында қысқы спорт Ойындарында үздік өнер көрсетіп жүрген саңлақтарымыз да бар. Барлығы ел абыройын арқалаған спортшыларымызды Олимп шыңынан көруге тілектестігін білдірді.
Сочи XXII қысқы Олимпиадасына іріктелінген еліміздің ұлттық құрамасы арасында Қарағанды облысынан конькиші Екатерина Айдованың бар екенін білеміз. Ол дүбірлі додаға аттанар алдында бұқаралық ақпарат құралы өкіліне берген сұхбатында төрт жылда бір өтетін Олимпиадаға әлсіз спортшының қатыспайтынын айтқан-ды...
«Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз. Бұқаралық спортты дамытуға аз да болса өз үлесімізді қосайық деген ниетпен автошеруге шықтық. Басты мақсатымыз - Қазақстанның намысын қорғайтын жерлестерімізге қолдау білдіру», - дейді автошеруге қатысушы Юрий Мальчушкин.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «Хабар» телеарнасы.
Фото: «Хабар» телеарнасы.