Қазіргі таңда үлкен қалаларда, одан қалды халық жиірек қоныстанған кенттерде «Бешбармақ» немесе «Бесбармақ» дейтін атауға ие асхана, дәмхана, мейрамханалар баршылық. Тіпті дүкен сөрелерінде самсап тұрған «Бесмармачная» атты кеспелер мен ұн жаймаларына көзіміз үйренгелі қашан. Қызық болғанда бұл терминді шетелдіктер, одан қалды тарихи санасы бұлыңғырланған өз ағайындарымыз ұлттық құндылық ретінде қабылдайды. Бірнеше жылдың алдында Ташкент шаһарына жолымыз түсті. Қала орталығындағы үлкен асханадан ас ішуге бардық. Мәзірдің дәл басында «Қазақтың ұлттық тағамы» деген титул тағынып баяғы «Бешбармақ» бедірейіп тұр.
Байырғы салт-дәстүрімізден хабары бар әр қазақ біледі. «Бешбармақ» сөзі шындығын айтқанда, өткен ғасырларда отарлаушылар тарапынан жұртымызды кемсіту мақсатында енгізілген жағымсыз атау. Ғылыми еңбектерде бұл термин: «XІX ғасырдың соңғы ширегінде қазақтан шыққан тілмаштар, нақтырақ айтқанда түземдік элита тарапынан бес саусағымен ет жейтін қазақтың тұрмыстық мәдениетін мансұқтау мақсатында енгізілген ұғым» депті. Расында солай. Осы орайда, қазан төңкерісінің көсемі Лениннің: «Орыстанған бұратаналар шынайы орыстық көңіл күй мәселесінде әрқашан шектен шығып кетеді», деген сөзі жоғарыдағы шындыққа кепіл болатын сыңайлы.
Қарапайым логикаға салып ойланып көрсеңіз, қазақ «бармақ» деп аяқтың саусақтарын айтады. Сонда дейміз да, қазақ етті аяғымен жеген бе?! Қолмен ет жеуді меңзесе неге «бессаусақ» деп атамаған? Бұл жерде сөз жоқ кемсіту жатыр. Әлемдік отарлау тарихын ұзақ жыл зерттеген америкалық ғалым Ева Томсонның: «Саяси жүйе өзгерсе де, отаршылдық зардабы бодан халықтың мәдени-тұрмыстық гибридизмінен байқалып тұрады, әсіресе бұл сөздік атауларда көп кездеседі» дегені сияқты.
Осы орайда, еске түседі, 2000 жылы айтыскер ақын Қонысбай Әбіл Астана қаласы әкімдігі жанынан құрылған Тіл секторына басшы болып келді. Елорда жаңадан бой көтеріп жатқан тұс. Әрбір ашылып жатқан бизнес мекемелеріне (мейрамхана, дүкен, шаштараз, дәмхана т.б.) ат қою үшін кәсіпкер әуелі Тіл секторымен келісетін тәртіп болды. Осы ұстаным бойынша Қонекең мейрамхана ашып, оған «Бешбармақ» деп ат берген кәсіпкер ұсынысын бекітпей тастайды. Ақыры соттасуға дейін барды. Осы сот үстінде марқұм Ақселеу Сейдімбек: «Бешбармақ» деген қазақты кемсітіп, қорлап айтылған сөз. Бұл «калбит» деген сөздің екінші баламасы. Орыс отаршылары бізді мәдениетсіз, қалай тамақ жеуді білмейді, көрсоқыр, надан деп, етті қолмен жегеніміз үшін осылай келекелеп атаған. Мұндай отаршылар енгізген итаршы сөз Астананың төрінде тұрғаны құлдықтың айқын белгісі» деген еді.
Осы күні басқасын айтпағанда, жолай кездескен ағайын-дос немесе таныстар «Үйге жүріңіз, бешбармақ асып берейін» деп қиылады. Бұл – қате. Айтыскер ақын Балғынбек Имашев айтқандай: «Атаңның басы бешбармақ, Ет асу дейді қазақта...». Халқымыз ұлттық асын ешқашан «бешбармақ» деп атамаған. Бұл сөзді қазақтың ежелгі жыр-дастан, ауыз әдебиеті, фольклорын жүз рет ақтарсаңыз да таппайсыз.
Жуықта қоғам белсендісі Мекеш Тәліп деген ағамыз, ет асудың қазақ тұрмысындағы маңызы жайлы талдапты: «Яғни келген жолаушы асығыс болса, оған жеңіл-желпі ет асқан. Оны «түстік» дейді. Қонақ асығыс болмаса, арнайы кәделі жілік қосып, ет асқан. Мұны «сыбаға» дейді. Ал қона-түнеу үшін келген қонаққа әдейі қой сойып, бас тартатын салт та бар. Оны «қонақасы» деп атаған» депті.
Алайда осындай жақсы салтымыз, етті қадірлеген дәстүріміз бола тұра, қазіргі ұрпақ ет қадірін бағаламай, «бешбармақ» деп атап жүргеніне таңғаласың әрі қынжыласың. Қынжылмасқа лажың жоқ. Қасиетті, кәделі, сыбағалы астың аталуы жағынан ажарсыз, дыбысталуы жағынан құлаққа жағымсыз түрпідей тиетін, «бешбармақ» атауын қолдану арқылы, тілімізді, салтымызды, асымызды өзіміз мазақ етіп жүргеніміз не сұмдық! Онымен қоймай сол жұтаған сөзді әсірелеп, таудай ғып, мәнерлеп, ауыз толтыра айтатынымызға жол болсын! Халқымыздың қадірлі асы, жолаушының кәделі қонақасы, сыйлы адамның сындарлы сыбағасы етімізді қайдағы бір жат сөз, жарамсақ атау «бешбармақ» дегеніміз жараспайды ағайын!