Бәріміз де ауылда тудық, ауылда өстік, арман сапарына сол ауылдан аттандық. Біз туған топырақ қарт Қаратау мен кәрі Сырдарияның ортасында орналасқан – Жаңақорған өңірі. Тау мен арналы өзен ортасында қоныс тепкендіктен бе, бұл жердің ауасы да, табиғаты да, желі де, жауыны да – қысқасы, бәрі де ерекше. Ал адамдары ше?
Менің жас күннен, дәлірек айтсам, Жаңақорғандағы мектеп-интернатта оқып жүрген кезден танитын достарым аз емес. Олардың әрқайсысы өзінше ерекше, өзінше менің өмірімде із қалдырған. Солардың арасында Алшынбай Тұртановтың орны өзінше. Ол жас күнінен-ақ өзгеге ұқсамайтын ерекше мінезімен, алғыр қабілетімен ойымда сақталды.
Мектепті аяқтай сала бәріміз де арман атты пыраққа мініп, алыс қалаларға оқуға аттандық. Қызық болғанда, көңіліміз өте жақын Алшынбай екеуміз де Жаңақорғанға жақын Ташкент қаласына бардық. Онымен қоймай бір оқу орнын таңдаппыз. Біз оқыған оқу орны – Орта Азия политехникалық институты болды. Алшынбайдың таңдауы құрылыс жағына, ал менікі архитектураға түсті.
Алшынбай студент кезінен-ақ ұйымдастырушылық қабілетін байқатқан екен. Қашан көрсем де қазақстандық студент жастарды іздестіріп, солармен бас қосып, әртүрлі кештердің өткізілуіне ұйытқы болып жүретін.
Әлі есімде, 1966 жылы Ташкентте сұмдық жер сілкінісі болды. Қаланың біраз бөлігі қирап, ғимараттар жарылып, сызат түсті. Міне, осыдан бастап қалада шұғыл жұмыстар өріс алды. Көптеген ғимараттарды, қоғамдық орындарды, т.б. қайтадан жобалап, қайта тұрғызу керек болды. Бір жолы Алшынбай мені іздеп келіп, бір газетті ұсынды. Оқып қарасам – кішігірім автобус аялдамасының архитектуралық жобасына конкурс жарияланыпты, ақшасы да қомақты. «Жандар, сен осыған қатыс, сөзсіз жеңіп шығасың» дейді Алшынбай. Көп ойланғам жоқ, жобаны әзірлеп, конкурсқа жібердік. Айтқандай-ақ, жеңіске жеттік, ал алған ақшаны бүкіл студенттерді жинап, кішігірім той жасадық. Тек бұл ғана емес, онан кейін сауда үйі ғимаратының архитектуралық жобасын әзірледім. Оған да бастамашы – Алшынбай еді. Оны да жеңіп алдық. Одан соң да Алшынбай мені жайыма қалдырмады. Бір күні қазіргі Куйбышев атындағы метроның құрылыс жобасына конкурс жария болғанын айта келді, тағы да қатысуға тура келген. Бағымызға қарай, біздікінен мықты жоба таппаған-ау, бізге бірінші орын бұйырды. Осылайша, ашқұрсақ студенттік күндерді де өзімізше тойға ұластырып жатушы едік.
Оқу бітірген соң Алшынбай ауылға қайтты, ал мен белгілі бір себептермен Ташкентте қалып қойдым...
Арада жылдар жылжыды. Мен Өзбек еліне белгілі дәрежедегі архитектор ретінде танылдым, қаншама ресми, мәдени орындардың архитектуралық жобаларын жасауға атсалыстым. Ара-тұра елге, Жаңақорған топырағына жол түскенде естимін, Алшынбай Тұртанов бұл кезде бүкіл Сыр еліне танымал құрылысшы болыпты. Әсіресе, оның ерекше көзге түскен кезі – Қазақ елі өз тәуелсіздігін алған шақта елдің басына түскен қиыншылықты бірлесе көтерісіп, аудан экономикасының құлдырауына жол бермеуі. Өз аузынан естігенім – ол осы бір қиын тұста көршілес Ресейге жиі-жиі сапарлап, туған топыраққа аса қажет құрылыс материалдарын вагонмен жеткізіп отырыпты. Осылайша, елдегі құрылыс жұмыстарының тұралап қалмауына тікелей ықпал еткен. Соның арқасында аудан орталығында осы күндері әсем де келбетті ғимараттар бой көтерген. Үлкен мешіт, салтанатты тойхана, неке сарайы, базарға арналған орын, қонақ үй, автокөлік жөндеу орталығы, түрлі цехтар, т.б. секілді орындардың кезек-кезегімен бой көтеруіне Алшынбайдың да үлес қосқанын жоққа шығаруға болмас. Міне, осы арқылы аудан халқына мол жұмыс орны ашылғанын айтпаса да түсінікті.
Бұл күнде Алшынбай аудан ғана емес, облысқа, тіпті республикаға аты танымал. Өзінің шаруа қожалығы бар. Осы арқылы ол өзі де аудан көлемінде талай кісіге жұмыс тауып беріп отыр. Алшекең қолы ашық, жомарт жан. Кейбір жаны қысылып, жағдайы болмай жүрген жандар келсе, оларға да көмегін аямайды. Қаншама адамдарға аяғынан тік тұрып кетуіне ықпал еткенін аудан халқы жыр қылып айтады.
Ол – әсіресе, туған жердің тарихына, мәдениеті мен дәстүріне де жанашыр жан. Жаңақорған өңірі – тарихи жәдігерлерге бай. Айталық, бір ғана көне Сығанақ шаһарының өзі неге тұрады? Тарихтың айтуынша, 1465 жылы қазақ хандары Керей мен Жәнібек осы жерден енші алып шығып, өздерінің хандығын құрған жоқ па! Оның бер жағында әйгілі Көккесене, Алпамыстың жары – Гүлбаршынға қойылған тарихи ескерткіш, Өзгент шаһары, Ақтас мешіті, Қылышты ата, Төлек ата, т.б. туралы Алшекеңмен ой бөлісу аса қызғылықты. Ол туған жердің тарихи жәдігерлерін қатты қадірлейді. Мұнымен тоқтамайды, тағы да айтар еді: «Жаңақорғанның Қаратау беткейіне қарай өрлесеңіз, арғы жағында Ақсүмбе ауылы тиіп тұр. Сол жерде қазақтың қайраткер перзенті, 1924 жылы астананы Қызылордаға көшіріп әкелуге ықпал еткен Сұлтанбек Қожанов дүниеге келген. Ұлтының азаттығын армандаған тұлға отыз жетінші жылы атылған...»
Алшынбай келешекте осы өңірдегі тарихи жәдігерлерді қалпына келтіріп, ал есімдері елге мәшһүр тұлғаларға құрмет көрсете отырып, аймақта туризм мен басқа да игілікті шараларды мықтап жолға қоюды ұсынады. Оның ойынша, мұнда алыс-жақын шетелден келетіндер аз болмайтын сияқты. Несі бар, өте жақсы бастама.
Айтпақшы, менің досым Алшынбай Тұртанов – үлгілі отбасы иесі, ұл-қыздарын құтты орнына қондырып, енді немере-шөберелерінің алдағы бақытты өмірі үшін алаңдап отырады. Осы Сыр өңіріне атағы молынан жайылған би Нәлібайдың шөбересі, атақты бай Жұматтың немересі, текті әулеттің ұрпағы. Сол тектілік оның әр ісінен де көрініп тұрады. Кейде ел ішінде болып жататын кішігірім дау-дамай мен аралық тайталастарда Алшынбай шегініп қалмайды, ақты ақ, қараны қара дейді. Шын ақиқатқа көзі жетсе, соны жақтап шығады. Шындықтың мәртебесі биік болса екен дейді. Содан да болар, аудан ішіндегі бірқатар күрмеулі мәселелерде аудан басшылығы да Алшынбайдың төрелік сөз айтқанын тілеп тұрады.
...Бұл күнде біз елордасы – Нұр-Сұлтанда тұрып жатырмыз, қызмет жағдайы солай. Ал Алшынбай елде. Кей кездері телефон соғып, амандық-саулық біліп тұрады. Сондайда басталып кеткен әңгіме ұзай түсер еді. Жағдай сұрасудан басталып, ел мен жер тағдырына қатысты, әсіресе Жаңақорған ауданының алдағы тағдыры жайындағы өзекті мәселелер қозғалады. Ойы баяғыша сергек те жылдам. Ұсыныстары көңіліңе қона кетеді.
Жақында маған хабарласып, тағы да аудан өңірін тарихи-туристік орталыққа айналдыру жайын баян қылды. Тіпті сөз арасында мына мен қызмет ететін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жаңақорған топырағынан келіп, арнайы архитекторлық мамандық алуды арман еткен жас Айгерім Мырзахан және математика-механика маманы магистрант Айман Назарбекқызы туралы айтты.
– Сол шәкірттеріңізге, – деді Алшынбай. – Тікелей тақырып беріп, тереңірек ізденуіне жағдай жасап, сол арқылы ауданды болашақта архитектуралық тұрғыда көркейту жағын ойластырсаң қайтеді? Жастар ізденімпаз ғой, бағыт берсеңіз, әрі қарай дамытып әкетпей ме!
Біз әрине, құп алдық. Талапкер жастарды неге қолдамасқа. Әрбір жас өзі туған жерді көркейтуге үлес қосып жатса, бұл қуана қостарлық шаруа ғой.
...Бүгін де, міне, жұртшылық шаруасы мен ел ісі десе тыным таппайтын досым туралы, онымен өткізген жастық шақты еске алып, көптен көкейде жүрген ойларымды қағаз бетіне түсірген жайым бар.
Мәртебең асқақтап, алға қойған мақсатың орындалып, жеңіске жете бер, Алшынбай дос!
Жандарбек МӘЛІБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, архитектор