• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 11 Қазан, 2021

Мұғалімдердің жалақысы өсті

1006 рет
көрсетілді

«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген екен Мағжан Жұмабаев. Бүгінгі жастың болашағы тікелей мұғалімнің берген біліміне, бағыт-бағдарына байланысты. Үлкен өмірге ата-ана қалай баулыса, мұғалімнің міндеті де дәл солай. Алайда мынау нарық заманында ұстаздың айлығы жұмысына сай болуы, мәртебесінің биік болуы керек. Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойған болатын. Сөйтіп мектеп мұғалімдерінің ғана емес, жоғары оқу орында сабақ беретін ұстаздардың да айлығы артты.

Кеше ғана көтерілген жа­ла­қы алған Шығыс Қазақстан тех­никалық университетінің про­фес­­сорлық-оқытушылық құ­ра­мы айлығының артқанына қуанып жүр. Мынау қым­батшылық заманда заң қабыл­да­ған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ерен еңбегімен ұстаз­дар­дың алғысын арқалап жүрген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке мұғалімдер қа­уы­мы риза.Естеріңізде болса, Қазақ­стан­да жаңа 2021-2022 оқу жы­лынан бастап Мемлекет бас­шы­сының қолдауымен Білім және ғылым министрлігі Жоғары оқу орындарының штаттық қыз­меткерлеріне ең төменгі жалақыны белгілеу, сондай-ақ педагогикалық жүктемені азайту туралы бұйрық қабылдады. Соған орай аталған оқу орнында ғылыми-педагогикалық қыз­мет­керлердің жалақысы 1 қыр­кү­йектен бастап айтарлықтай жо­ға­рылады.Техникалық университет ректоры Жасұлан Шаймардановтың мәліметі бойынша штаттағы оқы­ту­шының базалық жалақысы 200 мың теңгені, аға оқытушының жалақысы 230 мың теңгені, профессорлар қауымдастығының (доценттің) жалақысы 260 мың теңгені, профессордың жалақысы 350 мың теңгені құрады.– Бір мөлшерлеменің максималды көлемі енді оқу жылы ішінде 550 сағаттан аспайды, яғни оқу жүктемесі төмендетілді. Өзгеріс профессорлық-оқы­ту­шы­лық құ­рамның ғылыми қызметпен айналысуына көбірек мүмкіндік беру мен уақытын қамтамасыз етуге арналған, – деп түсіндірді Жасұлан Шаймарданов.Сонымен қатар ЖОО оқыту­шыл­ары үшін ынталандыру үс­те­мелері де қарастырылған. Осы­лайша, Хирша индексі бар (ғылыми жарияланымдар мас­сиві) – 3 және одан жоғары; білім беру бағдарламаларына жетекшілік ететін; БҒМ ұсынған оқулықтарды жария­лайтын; РОӘК ұсынған оқу-әдістемелік құралдарды шығарумен айналысатын педагогтер жалақыға үс­те­ме­­ақыны қоса алады. Қоса айта кетерлігі, оқы­ту­­шы­­лар жалақы бонус­та­рын студент­тердің пәндік олим­­­пиа­да­лардағы, спорттық жа­­рыс­тар­дағы, БҒМ ұсынған СҒЗЖ конкурстарындағы елеулі же­тіс­тіктері үшін, сон­дай-ақ кә­сіби бағыт бойынша ха­лықа­ра­лық деңгейде серти­фи­кат­талған курс­ты меңгергені үшін ала алады.ЖОО оқытушыларында IELTS Academic, TOEFL IBT, TOEFL PBT, TOEIC халықаралық сер­ти­фикаттарының, Teaching Knowledge Test ағылшын тілі сер­ти­фикатының, Қазтест серти­фи­к­атының (Ана тілі емес) болуы қосымша төлемдер үшін негіз болып табылады.Мысалы, «А» мұғалімінің IELTS сертификаты (KazTest) бар ең төменгі жалақысы 245 мың теңге, аға оқытушы «B» (ғы­лыми дәрежесі бар) Хирш индексі 3 және IELTS сертификаты (KazTest) болса, 338 мың теңге болады, Хирш индексі 5 және IELTS сертификаты (KazTest) бар «С» қауымдастырылған профессор (доцент) 378 мың теңгені құрайды, Хирш индексі 10 мен IELTS сертификаты бар «D» профессорынікі (KazTest) 540 мың теңгені құрайды.– Ғылыммен айналысқан мұ­ғалім тұрмыстық мәсе­ле­лер­ге көп алаңдамауы керек. Ондай болса, жұмыстың сапасы кетеді. Белгілі бір нәти­же­ге қол жеткізу мүмкіндігі қиын­дайды. Сондықтан ЖОО оқыту­шы­ларының жалақысын индекс­теу өте маңызды әрі уақтылы жасалған қадам деп санаймын. Лайықты еңбек лайықты төлемге сай болғаны дұрыс, – дейді физика-математика факультеті ­де­ка­­нының орынбасары Гауһар Тәжібаева.