• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Коронавирус 12 Қазан, 2021

Вакцина салдыру бойынша жоспар толық орындалды

217 рет
көрсетілді

Коронавирус инфекциясының таралуы бәсеңдеген Шымкент қаласы «жасыл аймаққа» өтті. Оның басты себебінің бірі ретінде екпе егудегі белсенділік аталуда. Бүгінде үшінші мегаполисте вакциналауға жататын 536 мың азаматтың барлығы індетке қарсы екпенің І компонентін салдырған. Ал ІІ компонентін 454 848 адам алған.

Шымкентте індеттің таралуы азайып, инфекциялық ста­цио­нар­да­ғы төсектік орын­дардың ба­сым бөлігі қысқартылды. Ма­ман­дардың айтуынша, бұл – иммундау шарасының нәтижесі. Денсаулық сақтау басқармасы үшінші мегаполис коронавирусқа қарсы вакцина салдыру бойын­ша бастапқы жос­пар 100 пайыз­ға орындалғанын хабарлады. «Жасыл аймаққа» кірген Шым­кент­­­те өткен тәулікте, яғни 10 қа­­занда коронавирустың 28 жағ­­­дайы тіркелді. Оның ішін­де 8 адам инфекциялық ста­­цио­­нарға жатқызылып, 20 адам үй бақылауына алынды. Дәрі­­гер­­лердің көмегімен індет­тен айығып, отбасына оралып жатқандар қатары да арта түсу­де. Мысалы, COVID-19 ин­фек­циясына шалдығып, өкпе­сінің 62 пайызы зақымдалып ауруханаға түскен 72 жастағы әжей қауіпті инфекцияны жеңіп шықты. Науқасты дәрігерлер бір айға жуық хаттама бойынша емдеген. Қала тұрғыны Шарапат Мырзалиева өте ауыр халде 14-қыркүйек күні қалалық жұқ­палы аурулар орталығына ке­ліп түскен. Келген кездегі жағ­дайы бойынша қандағы оттегі мөл­шері, яғни сатурациясы 50-ден төмен болған. Дәрігерлер науқасты жасанды тыныс алу аппаратына қосып, шұғыл емдік шараларын жүргізді. Қарт кісінің артериялық қан қысымы және асқазан мен бауырда қосалқы аурулары болған. «Түскен кезде жағдайы өте ауыр болды. Ком­пьютерлік томографиямен тек­серу нәтижесінде науқастың өкпесі 62 пайыз зақымдалғаны анықталды. Науқасқа хаттама бойынша толық ем көрсетілді. Қазіргі жағдайы жақсы. Өзді­гінен дем алуда. Қандағы оттегі мөл­шері орнына келді. Апа то­лық емделіп, үйіне оралды», дейді дәрігер Бекен Сырбекұлы.

Дәрігерлер індет жұқтыр­ған­дардың азаюына, дәл диаг­ноз қоюға және науқастарға са­палы көмек көрсетуге замана­уи жабдықтардың септігі мол еке­нін айтады. Осы орайда жуыр­да «Ұлттық сараптама орта­­лы­ғы» МК мен Израильдің AID Genomics халықаралық ге­ном­дық компаниясы арасын­да­ғы келісім шеңберінде Шым­кент­­­те коронавирус инфек­ция­­­сын диагностикалауға ар­нал­­ған зертханалық кешен ашыл­­ға­нын айта кетелік. AID Genomics жұқ­­палы ауру­лар­ды диаг­нос­ти­калауға ма­ман­дан­ды­рыл­ған жетекші диаг­нос­ти­калық компания ынты­мақ­тас­тық аясында коронавирус инфекциясын зерттеу жабдықтары бойынша гуманитарлық көмек көрсетті. Зертханалық жабдық тәулігіне 2 500-ге дейін тест орындауға қа­білетті, өнімділігі жоғары то­лық автоматтандырылған кешен. Зертханамен бірге нәти­же­лерді қалыптастыру, про­цесті мониторингтеу және жеделдету үшін жасанды интеллект технологиясы қолданылатын жеке әзірленген қамтамасыз ету бағдарламасы пайдалануға берілді. Сала мамандары Қазақстанның Израильдегі елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылған бұл бастама адам фак­торының әсерін барынша азай­тып, нәтижелердің дәлдігін қам­тамасыз ететінін айтуда.