Қазақстанның алты азаматы аңызға айналған, әлемдегі ең көне, ең беделді марафондардың бірі саналатын Бостон марафонында жүгірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
125-ші Бостон марафоны 11 қазанда өтті. Оған 20 мыңға жуық адам қатысты.
42 шақырым 195 метр қашықтықты бағындырған қазақстандықтар арасында «Алматы марафонының» директоры Салтанат Қазыбаева, Қазақстанның АҚШ-тағы вице-консулы Ерлан Өтегенов, Асқар Есеркенов, Әлия Айтқазина, Данияр Өтеулин мен Бағдат Ахметов бар.
Бостон марафонына сертификатталған марафондардан іріктеуден өту арқылы (әр жас санаты бойынша іріктеу уақыты бар) немесе қайырымдылық арқылы (қайырымдылық 7-9 мың доллардан басталады) қатысуға болады.
Бостон марафоны дәстүрлі түрде сәуір айының үшінші дүйсенбісінде мемлекеттік мереке - Патриоттар күнінде өтеді. 2020 жылы пандемияға байланысты тоқтатылып, биыл қазан айына ауыстырылды.