Сауд Арабиясының Жидда қаласында ауыр атлетикадан жастар арасында өткен әлем чемпионатына Қазақстаннан небары екі спортшы ғана қатысқаны мәлім. Солардың екеуі де асқан шеберлік танытып, алтын тұғырдан көрінді.
Жарыс жолына 102 кило салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген Рахат Бекболат шыққанда оның бас жүлдені олжалайтынына күмәнданғандар кемде-кем еді. Себебі, ол бұған дейін де жасөспірімдер мен жастар арасында әлем және құрлық чемпионы атанып, сан рет рекордтық көрсеткішті жаңартты. Сыр бойының саңлағы ересектер дуына да еркін қосылып, бірқатар дүбірлі додаларда мықтылығын мойындатты. Жиддадағы жарыста да Рахат жасындай жарқырады. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 355 (155+200) килолық зілтемірді еркін еңсерген ол бас жүлдені қанжығасына байлады. Күміс медальді иеленген Түркияның тастүлегі Танер Чаглар қандасымыздан 18 кило кем көтерді. Қола жүлде Ирак спортшысы Аммар Рубайави Әлиге бұйырды.
Бүгін Руфина Шалқарованың асқан шеберлігіне тәнті болдық. +81 кило салмақта сынға түскен ол 247 (107+140) килолық көрсеткішпен алтыннан алқа тағынды. Өзге спортшылар қазақ қызына жарытып қарсылық та көрсете алмады. Мәселен, екінші орынға табан тіреген бразилиялық Тиана Жустино Руфинадан 28 кило кем көтерді. Үшінші сатыға түркиялық Фатмагүл Чевик жайғасты. Оның көрсеткіші – 203 кило.