• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Қазан, 2021

Өлеңнен алып, өлеңге берген...

631 рет
көрсетілді

Ол осы күнге дейін өлең дейтін хандықтың әміршісі секілді күй кешті. Себебі оның жырында дала, кең жайлау, аршаның иісі, қарағайдың қуаты, бұлақтың мөлдірлігі, судың пәктігі, көңілдің тазалығы, жүректің лүпілі бар еді. Қазақы қалыпты, қайсар рухты шымырлатып жіберердей өлең жазса, Сұраған Рахметұлы жазсын.

«Сен маған неге,

у сіңген көзбен қарайсың?

Қарайсың, сосын,

бастағы қанға тарайсың.

Қабағын түйген қап-қара

ойға үңілсем.

Масқара түнге малшынған

майда арайсың.

 

Қыршынды қидың қыл бұрау

арқан салдың да.

Мұң жанып жатыр

Мұқандар өлген шалғында.

– Кісімін десем...

– Жылқысың дейсің ...

Ендеше:

Мінетін болсаң кісінеп

тұрмын алдыңда».

Міне, осылай ақтарыла тө­гі­ліп, бар айтарын жырымен айт­­қан ақын, жазушы, та­рих­шы Сұраған Рахметұлы – қа­зақ по­эзиясының көрнекті өкіл­де­рінің бірі. Бұлай деуімізге оның екпінді өлеңдері мен ойға құ­рылған мақалалары, оқырман дей­тін қазының көңілінен шық­қан кітаптары себеп болып отыр.

Ол Баян-Өлгей мен Ас­та­на-Алматы арасын өлеңмен жал­­­ғаған әдебиет елшісі іспетті. Бә­­­­ріне дәнекер оның тұма жырла­ры болды.

Талант деген Тәңір берген несібенің өзі кім көрінгенге тоқ­тай бермейтін сыңайлы. Сұраған Рахметұлының таланты жайлы, ақындық болмысы мен өлеңдегі, өнердегі дабысы, шабысы жайлы осыған дейін аға буын ақындар мен қаламдастары көп айтты. Әрине, есті оқырманның пікірі бір басқа. Маңыздысы да сол.

«Қырбақ қар өлең

шумақтарындай,

Мейірімді дала кірпігі.

Қаздың қаңқылы ұшады

қалқып,

Құндақтағы ұлдан

Әуенін санамда іркідім».

Ақындықты тақтан да қымбат көретін өр мінезді жандар болады. Олардың арманы, мақсаты мен мұраты тек қана өлеңнің еншісінде. Біздің кейіпкеріміз де  – сол мүдденің ішінде, тіпті үнемі ойдың ішінде жүретін қаламгер. Ол бар мұңын, тағдырын өлең­нен тауып, өлеңге ғана серік болды. Өлеңнен алып, өлеңге берді. Асқақ арман, таза жүрек, шынайы ынтызарлық оны өлеңнің, өнердің жолынан адастырған жоқ, қайта әлдилеп биігіне кө­терді. Сұраған ақынның өлең құр­лысында қазіргі және өткен ақындарға ұқсамайтын, өзіне тән стильдік ерекшеліктер бар екенін де оның өр мінез жырлары, да­лалықтарға тән әуені айтады.

Сұраған ақын туралы жа­зушы, ғалым Мұхтар Мағауин: «Шы­­нында да, Сұраған – қазіргі заманғы қазақ поэзиясының ал­дың­ғы қатарында тұрған танымал ақын екені күмән туғызбаса керек. Табиғи дарын ғана емес, ұтымды ізденіс, тынымсыз ең­бек нәтижесі. Байыптап қара­сам, жаңа бастаған жас талап­­кер Сұ­рағанның үлкен бір ар­тық­шы­лығы және кеміске айна­лу­ға мүмкін шетін жағдайы болыпты.

Артықшылығы – ежелгі ­Тү­ркі мекені, бүгінгі Моңғол ұлы­сын­да, баяғы Абай заманындағы, тұрмысы табиғи, тілі таза, мінез-құлқы нағыз ұлттық сипатты, уызы шайқалмаған қазақ орта­сында туып-өсті және біржола қалыптасты. Ықтимал кемшіндік – осы өзгеше ортадағы шалғай жағдаяттар нәтижесінде тоқы­рау­ға ұшырау, яғни рухани өмір­­де, тыным, білім тарабында ке­ше­уіл­деп қалу қатері болатын. Алайда Сұраған өзінің тәңір сый­­лаған талабының арқасында үлкен қазақ жұртындағы тұрғы­лас­тарынан кем түспей, тіпті кей реттерде оза шауып, зор бі­лік­ке жетті. Бұған бүгінгі Сұ­раған ақынның мазмұнды, ойлы ғана емес, тақырып тұрғысынан жан-жақты, құрылымы мен түр жағынан жаңалықты өлең-жыр­лары нақты куәлік бе­реді. Қайталап айтайық, Сұра­ған Рахметұлы – қазіргі қазақ поэ­зиясындағы ең елеулі тұлға­лар­дың бірі. Сонымен қатар алым­ды әдебиетші және білікті та­рихшы ретінде де жоғары ба­ғаға лайық. Тек Сұраған ғана емес, бүгінгі Моңғол ұлысында, Қытай мемлекетінде жасап жат­қан ана тілді қаламгер атаулы қазіргі қазақ әдебиетінің кең өрісін, шын мәнісіндегі ұлт­тық, үлкен әдебиет екенін айғақ­тай түссе керек. Сонымен қа­тар қадым заманда Түркі қа­ғанаты құрамында болған, орта ға­сырларда Шыңғыс ханның әлемдік империясын негіздеген бабалар әулетінің өшпес рухы мен кейінгіде Қазақ ордасы ата­­лып, дербес ту көтерген ақыр тү­бінде әуелгі атынан айырыл­­са да, барлық зобалаңнан аман өтіп, тәуелсіз күнге жеткен қазақ халқының біртұтас бір­лі­гінің көрсеткіші. Сұраған Рах­мет­ұлы­ның алпыс жылдық мерей­то­йының ілгерінді-кейінді басқа да шаралардан өзгеше болмысын осы тұрғыдан танимын», деп аталы сөз айтып, ақынға шы­­найы баға береді. Айтса айт­қандай, Сұраған ақынның басқа­дан бөлек болмысы, мінезі, өнері біздің әдебиет үшін, тарих үшін елеулі.

«Армандар көгімді тырналап ұшады» дейтін ақынның ар­маны – ұлтым өзгеден кем қал­маса, өнеріміз аспандаса, өлең бар­ша жұрттың рухани азы­ғы­на айналса, ұрпақтар ежел­гі ата-бабаларының жолын қуып, ба­қытты күн кешірсе дей­тін рия­сыз әрі шынайы арман еке­нінде дау жоқ. Ақынның арманы – шексіз арман. Ал жыры – құдірет!