Тәуелсіздік таңы атқаннан бері, тарих қойнауындағы шежірелі деректердің шымылдығы түрілді. Мұны мақтанышпен айтуға болады. Отанымыздың отызжылдық белесінде архив саласы айтарлықтай алға жылжып, кеңес идеологиясының қазанында күйген қаймақтарымызды қайта ақтады. Оны – бір деңіз. Екіншіден ескі құжаттарға жан бітіріп, жаңартып, реставрация жұмыстары жүргізілді. Ол ол ма, ақпараттарды цифрлы форматқа көшіріп, заманға сай қам-қарекет қылды. Заманауи техникалық құрал-жабдықтардың көмегімен бояуы өшкен мәліметтердің маңызын кілкіп алды. Ендігі әңгіме, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтап алу.
Архив саласы жайлы айтқанда алдымен «Архив-2025» бағдарламасы еске түседі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлт мұрағатын ұлықтау керектігін жеткізген еді. «Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжат, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі, іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын» деп, Үкіметке тапсырма берген болатын. Бұл – деректерді әшейін жинақтау емес, қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін цифрлы форматқа көшіру әрі ойлы жасқа отаншылдық тәрбие беру деген сөз.
Енді осы екі критерии шеңберінде сөз қаузайықшы. Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі шама-шарқынша архив саласында тың жобалар жүзеге асырып келеді. Соның бірі – мұрағат мекемелерінің техникалық құрылымын жандандыру. Бұл тұста бірінші болып ойға Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві оралады. Ширек ғасырды артқа тастаған шежірелі шаңырақтың жеткен жетістігі едәуір. Бұл шаң басқан архивтер емес, тозаңнан арылған дерекке бай, заманауи технологияға бейім ғылыми орда.
«Бұл мекеме Қазақстанның архив қызметінің көшбасшыларының бірі ретінде, архивтану ғылымын дамытуда және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда жетекші рөл атқаруда. Ғылыми құндылықтарды меңгерген ұжым еліміздің игілігі үшін аянбай еңбек етіп, кәсіби шеберлігін көрсетіп келеді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің қолдауымен ерекше құрылғыларды иелендік. Бұл Қазақстанда біздің мекемеде ғана бар. 1920-1930 жылғы құжаттарды қайта жаңғыртып жатырмыз. Құжаттардағы ақпараттардың жойылып кетпеуі үшін бар күш-жігерімізді салудамыз. Реставрациялауға арналған соңғы үлгідегі аппараттар осында орналасқан. Ұлт мүддесі үшін қажымай еңбек етіп келе жатырмыз», дейді қалалық архив директоры Мейрам Бектембаев.
Осы күні 2 қорға және 179 құжатқа реставрация жұмыстары жүргізілген екен. Ұжым жұмысты одан әрі ілгерілету үшін 2018 жылдан бері өзінде бар мамандардың білімін жетілдіруге күш салып келеді. Қызметкерлер Мәскеудегі құжаттама және мұрағаттану мамандығы бойынша арнайы университеттерден қашықтан білім алуда.
Шынында 1995 жылы қалалық мемлекеттік архивтің құрылуы астананың Алматыдан Ақмолаға ауысуымен байланысты болды. Сол уақытта жас мемлекетіміздің алдында Орталық Азия аймағында экономика мен саясаттың драйвері болу міндеті тұрды. Тарихи процестерді қайта қарастырмай, бұл мүмкін емес еді. Елорданың Арқа төсіне қоныс аударуы еліміздің өркендеуіне жол ашты. Мұрағаттағы 40 қор қаланың рухани өміріне тірек болды.
Елорда дамуының тұрақты динамикасына қала архивіндегі қордалы құжаттар көп септігін тигізді. Бүгінде елорданың мұрағат қоры 19 есеге өскен. 1915 жылдан бастап сақталған бірегей құжаттар бар. Олар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған. ХХ ғасырдың басындағы араб жазуы, латын және кириллица негізінде жазылған мазмұнды жазбалар ғалымдардың зерттеу еңбектеріне негіз болып келеді. Атап өтсек, жергілікті атқару комитеттерінің, «Қосшы» қазақ кедейлері Одағы комитеттерінің, полиция және әскери комиссариаттардың, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің, азық-түлік комитеттерінің қорлары, Кеңес өкіметін орнату процесін, оның ішінде кулактарды иеліктен шығару, өнеркәсіпті мемлекет меншігіне алу, Ақмола облысының саяси, экономикалық және мәдени өмірі туралы қамтылған деректер жетерлік. Әрқайсысы жеке тақырыпқа жүк боларлықтай маңызға ие. Құжаттардың көп қабаты 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұрғындардың еңбек өрлеуі, майданға көмек, эвакуацияланған кәсіпорындарды қабылдау және орналастыру туралы куәландырады.
Иә, ел шежіресі мен ұлт тарихындағы құнды жазба деректерді жинастырып, сақтау ісінде архивтерге жүктелер жауапкершілік орасан. Содан да болар, архив саласының дамуы мен техникалық жарақтандырылуына, мәдени мұралардың қайта қалпына келтіріліп, толықтырылуына мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп келеді.
«Дәстүрлі ақпарат құралдарын сақтауға арналған заманауи жабдықтармен жұмыс істеп жатырмыз. Мұрағат сөрелерінің жалпы ұзындығы 7584 метрді құрайды. Құжаттардың жоғалуын болдырмау мақсатында былтыр құжаттарды қауіпсіз сақтау және мұрағат ішіндегі радиожиілік белгілерін қолдану әрі қозғалысын бақылау жүйесі енгізілді. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін сайтқа ерекше құжаттардың тізімдемелерінің цифрланған суреттерін орналастырдық. Яғни қауіпсіздікті сақтай отырып, мұрағат материалдарымен үйден шықпай-ақ танысуға болады», дейді архив басшысы М.Бектембаев.
Келешекте тарихи маңызы бар барлық құжат заман талабына сай цифрландырылмақ. Бұл пайдалану кезінде алтыннан қымбат жазба жәдігерлердің қолды болуынан сақтайды деген сөз. Қазір архив қызметкерлері жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштерді саралап, оларға қажет файлдарды цифрландыруда. Осылайша, электронды мұрағат құру және сұранымға жауап беру мәселелерін бір уақытта шешуге тырысады.
Тағы бір назар аударатын дүние, шетел архивтерімен қарым-қатынас мәселесі. Қала архиві Ресей Федерациясындағы көптеген архив ұйымдарымен байланыс орнатып, шама-шарқынша бірлесе жұмыс істеп келеді. Оған дәлел Қытайдың Сиань мұрағаты және Польшаның Ұлттық еске алу институтымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюы. Мәселен, былтыр екі ел арасындағы мәдени байланыстың маңыздылығын арттыру мақсатында Ресей Федерациясы Ульянов облысының жаңа тарихы мемлекеттік архивімен өзара әріптестік туралы келісімге келген еді. Енді қазақ зиялыларының орыс архивінде қордалып жатқан қолжазбаларын елге қайтаруға күш салып жатыр.
Қалалық архив саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтап алу үшін бар қажыр-қайратын жұмсауда. Бүгінде мемлекеттік комиссия құрылған, архив қызметкерлері алдағы уақытта оң нәтижесін беретініне сенімді. Сондай-ақ Ақмола өңірі бойынша антисоветтік көтерілістер, қарсылықтар кезінде атылған, қудаланған адамдарды да ақтап алу үшін маңызды құжаттарды қайта ақтарып, оларға тағылған жаланы жойып, жазықсыз екенін дәлелдеуге тырысуда. Тәуелсіз мемлекетіміздің аясында жанданып келе жатқан архив саласының толайым тірлігі көңіл сүйіндіреді. Алға қойған жоспары аяқсыз қалмайтынына сенім мол.