Адам капиталы – адамға салынған капитал. Тек ақша ғана емес, оған берілген тәрбие, білім, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар, бәрі де капитал. Адам сол капиталды сәтті жұмсай білсе, орайын келістіріп пайдалана білсе, өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізеді. Адам капиталы жоғары адамдар еңбек ететін қоғам өркениетті, озық қоғамға, одан әрі озық, көшбасшы елге айналмақ. Ал Қазақстанның мұндай мүмкіндігі бар ма? Бар, бірақ жоғары емес.
Мамандық таңдау маңызды
Дәл бұлай пайымдауға себеп бар. Жақында Еңбек ресурстарын дамыту орталығы зерттеу жариялап, елдегі адам капиталы мүмкіндіктерін зерделеп көрді. Біздегі адам капиталы ұлттық жиынтық байлықтың 42 пайызын ғана құрайды екен. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70 пайыз деңгейінде. Адам капиталын әр кез талапқа сай сақтап тұратын нәрсе – кәсіби біліктілікті ұдайы арттырып отыру. Бұл енді бұрыннан бар қағида. Кім болса да ізденуді тоқтатқан сәттен бастап тоқырауға ұшырайды. Қазақстанда бір алған білімімен өмір бойы нәпақа тапқысы келетіндер көп сияқты. Статистика солай дейді. Жыл сайын жұмыспен қамтылған азаматтардың тек 5 пайызы ғана кәсіби қабілетін арттырады екен. 2009-2019 жылдар аралығында өз қызметкерлеріне оқу ұсынған ірі компаниялар саны 51-ден 42 пайызға азайған. Сауалдамаға қатысқан ересектердің 26 пайызы «өз-өзімізді дамытуға жұмыстан қолымыз тимейді» десе, 25 пайызы қосымша білім алуға қаржы жетпейтінін айтқан.
Өз-өзін дамыту мәселесі енді өзекті бола түспек. Жаһандану, технологиялардың қарқынды дамуы, демографиялық өзгерістер, тауарлар мен қызметтердің сапасына қойылатын талаптардың күшеюі – еңбек нарығы мен экономикадағы бәсекелестікті арттырып жатыр. Мұндай алапат өзгеріске тегеурінді білім-білігі бар кадр ғана төтеп бере алмақ. Әрине, ол үшін бірінші кезекте сапалы білім қажет. Экономист Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, қазір жастардың жұмыссыз қалуына себеп болып отырған үлкен фактор – сапалы білімнің жоқтығы немесе аздығы.
Жыл сайын орта есеппен 70 мыңнан астам түлек жұмыспен қамтылмай қалса, 40,1 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Жастардың көбіне ата-ана пікіріне сүйеніп қана мамандық таңдауы, келешегіне қатысты жеткілікті деңгейде талдау жасай алмауы да оның нарықтан өз орнын таппай қалуына себеп болып отыр.
– Əдетте, жастар жұмыспен қамту орталықтарына бармайды, ата-аналарына, таныстарына жүгінеді, ата-аналары баланы қай жерге болсын жұмысқа орналастыру үшін барлығына телефон шалады. Адам талантты болуы мүмкін, бірақ оны мысалы, жеткізуші ретінде жұмысқа орналастырады. Өйткені ата-анасы соны жөн көрді, ал ол өзі қайда барарын білмейді. Біз адамдарды жұмысқа орналастырғанда, олардың көпшілігі мамандық бойынша жұмыс істемейді, өз əлеуетін толық іске асыра алмайды, соңында олар моральдық жағынан зардап шегеді жəне бұл жағдайда қоғамға да зиян келеді. Егер алған біліміңіз жұмыс орнында талап етілсе, өз мүмкіндігіңізді 100 пайыз жүзеге асыра аласыз. Міне, сонда лайықты жалақы талап етуге құқығыңыз бар. Егер 100 пайызға жұмыс істей алмайтын жұмысқа орналассаңыз, онда кез келген жалақыға келісесіз, – дейді белгілі экономист Жақсыбек Күлекеев.
BTS Education бас директоры Саясат Нұрбек Германияда кәсіптік бағдар жүйесінің балабақшадан басталатынын айтады. Яғни олар дағдылардың кішкентай кезден қалана бастауын көздейді.
Жеңіл технология ауыр міндет артады
Сөз жоқ, қарқынды экономикалық жəне технологиялық даму адам білімінің өсуіне əсер етеді. Егер бұрын техникалық кəсіптік білім беру шеңберінде алынған білім біліктілікті арттырмай 10 жылға жететін болса, бүгінде көптеген мамандық бойынша дағдылардың өзектілігі тек 2 жыл бойы сақталады. Мұндай жағдайда сізді сұранысқа ие ететін жалқы фактор – үздіксіз оқу мен іздену ғана. Цифрлы технологиялар мен жасанды сана технологиялары еңбек əлемін өзгертуде – мамандықтар күрделене түседі, жаңалары пайда болады, жұмыс берушілер де өз тарапынан қызметкерлерден күрделі білім мен дағдыларды талап етеді. Нəтижесінде, қазіргі жұмыс күші жаңа дағдыларды игеріп, жаңа кəсіптер пайда болған сайын үнемі бейімделуді үйренуі керек. Алдағы бес жылда бүгінгі қызметкерлердің негізгі дағдыларының 40 пайызы өзгермек, ал əрбір екінші қызметкер (50 пайыз) қайта даярлаудан өтуге мəжбүр болады екен.
McKinsey мəліметтері бойынша, 2030 жылға қарай 75-тен 375 млн-ға дейін жұмысшы қайта даярлаудан өтуге мəжбүр болады, ал автоматтандыру салдарынан 400-ден 800 млн-ға дейін адам жұмыстан шығуы мүмкін жəне жаңа жұмыс орындарын табуы керек. COVID-19 пандемиясы адамдардың күтпеген күйзеліс пен құрылымдық өзгерістерге төзімділігін арттыратын дағдыларды қалыптастыруына мүмкіндік беріп тұрғандай. Ал жұмыссыз қалған кадрларды неғұрлым күрделі мамандықтарға бейімдеп қайта даярлауға тура келеді.
– Мысалы, бұрын тауда фильм түсіру үшін тікұшақ ұшқышы жəне түсірілім процесінің техникалық бөлігін ұстап тұру үшін тағы 2-3 адам қажет болды. Қазір оны дрон түсіріп жатыр. Алайда дрондардың пайда болуы тікұшақтардың, операторлардың санының азаюына əкелген жоқ. Керісінше, бұл мамандықтар жұмыспен қамтылғандар арасында өсуді жалғастыруда, тек қана олар неғұрлым күрделі міндеттерді орындайды, – дейді О.Құдайбергенов.
Осы орайда С.Нұрбек Сингапур тәжірибесін алға тартады. «Адамды оқуға мəжбүрлеу өте қиын жəне ешқандай идеология бізге көмектеспейді. Сингапурдағы нəтижелі жұмыспен қамтуды дамытуға бағытталған агенттіктер кез келген сингапурлық кіретін жəне келесі қадамдарды орындайтын бірыңғай порталы бар My Skills Future бағдарламасын іске қосты. Біріншіден, ол өзінің дағдылары, мүдделері мен құзыреттерінің диагностикасынан өтеді, екіншіден, салаларда болып жатқан өзгерістерді зерттейді. Үшіншіден, ол біліктілікті арттыру үшін мүмкіндіктер алады, ал адам нені зерттеу керек екенін түсінеді. Сонымен оған болашақ мансап жөнінде кеңес беру үшін жеке тəлімгерлік беріледі», дейді сарапшы.
10 жылдан соң қандай мамандар қажет?
Құндылықтардың, талаптардың жыл емес, ай санап өзгеріп жатқанына куәміз. Енді бұл үрдіс біздің қоғамға да әсер етпей қоймайды. Бүгінгі қат маман иесі 5-10 жылдан соң нарықтан ығысып қалуы бек мүмкін. Сарапшылардың сөзінше, қазір ақпараттық-коммуникациялық технология (АКТ) саласы бойынша мамандар тапшы.
– Əртүрлі дипломдары бар, бірақ өз біліктіліктерін іс жүзінде дəлелдей алмайтын мамандар көп. Ірі компаниялар көп уақытты оқытуға жəне ізденушілер нарығындағы іріктеуге жұмсайды. Бұл процесс тұрақты жəне компания басшылығының назарын аудартады. Компаниялар өндіріске арналған ақпараттық жүйелерді сатып алғанда, өндірушілерден жыл сайынғы техникалық қолдауды сатып алуға мəжбүр болады жəне 2-3 инженерді дайындауға 20-30 мың доллар жұмсайды. Нəтижесінде, IBM, HP, SAP сияқты өндіруші компанияларға Қазақстан бюджетінен миллиардтаған доллар төлейміз. Мұның бəрі білікті АКТ инженерлерінің болмауына байланысты. Қазір елімізде кадрларды іріктеу проблемасын шешуді ұсынатын пəрменді жүйе жоқ, – деген ой айтады IT QCC ЖШС Сертификаттау орталығының жетекшісі Жоламан Увалеев.
«Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту мəселелері жөніндегі департаментінің директоры Айдана Тоғызбаева «нарықта жұмыс берушілердің талаптарына сəйкес келетін қызметкерлер жоқ» деген пікірде. Ал жұмыс беруші болса кадрды оқытып, дайындап, оған қаржы бөлгісі келмейді. Міне, осыдан келіп нарықта қарама-қайшылық туындайды.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжауынша, әлі ресми түрде пайда болмаған, бірақ жақын арада пайда болу ықтималдығы жоғары мамандықтар бар. Оған экотехнолог, «Ақылды үй» жобалаушысы, роботтехниканың инженер-технологы, мұнай-газ саласындағы инженер талдаушы, экожүйенің АТ сәулетшісі сияқты мамандықтар еніп отыр.
Өзектілігін жоя қоймайтын, бірақ жаңа заманауи талаптарға сай болу үшін қосымша дағдыларды меңгеруді қажет ететін мамандықтар ретінде мыналар аталады: сандық картограф, пойыздарды қашықтан басқару операторы, құрылыстағы аддитивті өндіріс операторы. Сонда жойылып бара жатқан мамандықтар қандай? Орталық бұған да жауап тапқан: таңбалаушы, құрылыс суретшілері, колл-орталығының операторы, қойманың есепке алушысы секілді мамандар біртіндеп еңбек нарығынан шыға бастамақ.