Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Тараз қаласында «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Аталған орталық «Таразға тарту» жобасы аясында бой көтерген. Бұл нысанды «АрайСтройМаркет» ЖШС директоры Арман Еділбаев өз қаражатына салып беріп отыр. Орталық заман талабына сай салынып, ұлттық нақышта безендірілген. Жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Ал алдына ақжаулықты аналардың құрметіне еңселі ескерткіш орнатылған.
«Анаға тағзым» орталығының ашылуына қатысқан облыс әкімі Б.Сапарбаев өткеннің өнегесін бүгінгі жас буынның бойына сіңіру керектігін айтып, орталықтың алдағы уақытта атқаратын жұмысына тоқталды. «Қандай заманда да абзал аналарымыз халықпен бірге ерлеріне сүйеніш, еліне тірек бола білген. Айша бибі, Қыз Жібек, Мәншүк, Әлия секілді көптеген тұлғалар ел өмірінде ойып тұрып орын алады. Небір қиын-қыстау кезеңдерде де аналарымыз тек отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, ауырлықты еңсеруге белсене араласты. Бабаларымыздан қалған «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді», деген асыл сөз бар. Ана мен баланы қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту және дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Осы орайда пайдалануға беріліп отырған «Анаға тағзым» орталығы бір жағынан сұлулық пен ізгіліктің бейнесі, екінші жағынан тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болар қазақтың анасы деген атқа лайық XXI ғасыр әйелінің қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл жер ардақты әйел-аналарымыз бен қыз-келіншектеріміз үшін ұлтымыздың құндылықтарын дәріптей отырып, қазіргі заманның талабына сай қасиеттерді бойына сіңіретін басқосу алаңы болады деп есептеймін», деді. Сонымен қатар Б.Сапарбаев нысанды салып берген кәсіпкер Арман Еділбаевқа жамбылдықтардың атынан алғыс айтты. Сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған аналардың мәселелеріне құлақ түріп, оларды шешу жолындағы орталықтың атқаратын қызметіне тоқталды. Ұсыныс, ой-пікірлер де барынша ескерілетін болады. Тіпті, қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы органдардың өкіл-дері де осында шақыртылып, түрлі мәселе бойынша қабылдаулар мен кездесулер өткізіледі.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құнанбай» фильмінде Абайдың әжесі Зеренің бейнесін сомдаған актриса Нұрсифат Салықова өз сөзінде ақылман, данагөй ұлы аналардың ізгі жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа, оның ішінде қыз балаларға рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие беруді мақсат еткен орталық жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді. Сонымен қатар салтанатты шараға ел анасына айналған танымал тұлғалар мен елімізге белгілі азаматтарды дүниеге әкелген ардақты аналар, спорт пен өнердегі қыз-келіншектер, сондай-ақ кәсіпкер әйелдер мен қоғам белсенділері қатысты. Көпбалалы ана Сапура Ержанова өңірдегі аналарға айрықша көңіл бөліп отырған Мемлекет басшысына, облыс әкіміне ризашылығын жеткізді. Бұдан кейін қонақтарға ғимараттың құрылымы таныстырылып, қазақы дәстүрмен тұсаукесер рәсімі өтті. «АрайСтройМаркет» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында сыйға тартқан үш қабатты ғимараттың барлық залы, дәлізі ұлттық нақышта безендірілген. Аталған орталықта жас және көпбалалы аналар үшін түрлі курстар ұйымдастырылып, оларға психологиялық және құқықтық тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Орталықтағы «Мирас» экспозициялық залында ұлттық салт-дәстүр барынша насихатталады. «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғалидің айтуынша, мұнда «Сырғалым» сырласу клубы, «Ерке сылқым» хореографиялық залы, «Қызғалдақ» ұлттық экотәрбие клубы, «Сырлы әлем» бейнелеу өнері және «Ана тілі» шешендік өнер мектептері, «Қазына» ұлттық аспаптар сыныбы, «Ынтымақ» коворкинг залы, «Береке» аспаздық, «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиялары жұмыс істейді.