• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2014

Баға бұғауланады

237 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингке Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов және Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғалым Оразбақов қатысып, теңге бағамының өзгеруіне байланысты өз салаларында қолға алынған шаралар жайын баяндады. Теңге бағамының өзге­руі­не байланысты халық тұты­натын негізгі тауарларға, мұнай өнімдеріне және ауыл­ша­руашылық өнімдеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде ел Үкіметі министрлерге бірқатар маңызды міндеттер жүктеп, шұғыл тапсырмалар берген болатын. Бүгінде соған орай, әрбір ведомство тиісінше жұмыс атқаруда. Коммуналдық қызметтер қымбаттамайды Брифингте Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов коммуналдық және басқа да реттелетін қызметтерге тарифтер теңге бағамының өзгеруіне байланысты өспейтінін хабарлады. Мұнымен қоса, осы жылдың 1 мамырына дейін реттелетін қызметтердің барлық түрлеріне тарифтер өзгермейтінін мәлім етті. Ал бұдан арғы өзгерістер жоспарлы түрде жүргізілетін болады. «Теңге бағамының өзгеруі сегментке қатты әсер ете қояды деуге де негіз жоқ», деді М.Оспанов. Ол электр, жылу, су және газбен қамту сияқты коммуналдық қызметтерге тарифтерді мемлекет реттейтінін атап өтті. Сәйкесінше, аталған тарифтер тұрақты бақылауда және өтінімдерді қарау нәтижесі бойынша ғана өзгертіледі.   Бензинге алаңдаудың қажеті жоқ Бензиннің қоры мен оның бағасы төңірегінде дүрбелең болмауы тиіс, деді Ұ.Қарабалин. Ол жанар-жағармайдың бағасын бұрынғы деңгейде сақтау үшін министрлік барлық шараны қабылдайтынын жеткізді. Ведомство басшысы, отынның қоры 30-45 күнге жететінін баса айтты. Және бұл қор ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында отынның бағасын ұстап тұруға мүмкіндік беретінін айтып өтті. «Бірақ жұрттың бәрі тек осы қормен ғана күн көреміз деп түсініп отыр. Тағы да қайталап айтамын, зауыттар жұмыс істеп тұр, біздегі мұнай өнімдерінің негізгі бөлігін дәл осы зауыт­тар жеткізуде», деп түйіндеді министр. Бұл ретте Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасы М.Оспанов та елімізде бензиннің реттелетін сұрыптарына бағалар жоғарыламайтынын айтып отыр. Өздерiңiзге белгiлi, АИ-80, АИ-92/93 маркалы бензинiне және дизель отынына мемлекеттiк реттеу қолданылады. АИ-95-96 және АИ-98 бензинiне баға реттелмейдi және бәсекелес нарықта қалыптасады. Ал реттелетiн жанар-жағармайдың қазiргi бағалары биылғы жылдың бiрiншi тоқсанының соңына дейiн өзгермейдi. Агенттік төрағасы бағаны негізсіз көтергендер жазаға тартылатынын да еске салып өтті. Айталық, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша реттелетін жанар-жағармай түрлеріне шектік бағаларды арттырғаны үшін айыппұл шағын және орта бизнес өкілдеріне 200-300 АЕК, ірі бизнес субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға 1000 АЕК немесе 1 млн. 852 мың теңгені құрайды. «Егер көрсетілген фактілер қайталанса, заңсыз табысты толық көлемде алуға және аккредиттеу туралы куәліктен айыруға дейін шаралар қолданылады», деп толықтырды М.Оспанов. Сондай-ақ, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің аумақтық департаменттері күн сайын барлық өңірлерде жанар-жағармай бағасына мониторинг жүргізетінін басып айтты. Агенттік төрағасы, сондай-ақ, май құю стансаларында жанар-жағармай бағасында өзгерістерді байқаған пайдаланушыларды осындай фактілер туралы ТМРА орталық кеңсесіне немесе аумақтық департаменттерге агенттіктің сайтында көрсетілген телефондар бойынша шұғыл хабарлауға шақырды.   Нанның құны өспейді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков нан бағасы бойынша қазіргі бағаны сақтап тұруға барлық мүмкіндік бар екенін толық сеніммен мәлімдеді. Яғни, бірінші сұрыпты нан бағасы көтерілмейді. Бұл үшін алдын ала жасалған механизмдер мен мүмкіндіктер бар. Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорында 1,5 млн. тонна астық бар, егер қажет болған жағдайда, үкімет бұл астықты бағаны ұстап тұру үшін бөлетін болады. Қазір нарық бағасы бір қалыпты және бағаны көтерудің ешбір негізі жоқ», деді А.Мамытбеков. Министр, сонымен қатар, теңге бағамының өзгеруі отандық экспорттаушыларға оң әсер ететінін атап өтті.   Бағаны қолдан көтергендер жазаланады Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғалым Оразбақов теңге бағамын шетел валютасына түзетумен байланысты туындап отырған жағдай жекелеген нарық субъектілерінің тиісті тауарларға, оның ішінде отандық өндіріс тауарларына бағаны жасанды көтеруге бағытталған әртүрлі алыпсатарлық іс-әрекеттерге баруына әкеп соқты деп хабарлады. «Біріншіден, жосықсыз кәсіпкерлердің назарын мынаған аударғым келеді. Бәсекелестікті қорғау агенттігі мұндай көріністерге қарсы күрес жүргізеді және оларды тауар нарықтарынан алып тастау үшін тиімді тетіктерге ие. Бұдан басқа, осы заң бұзушылықтар үшін қатаң санкциялар көзделген», деді агенттік төрағасы. Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар, мәселен, азық-түлік, көмір, цемент, коммуналдық қызметтер және басқалар, тауар­ нарығы субъектілеріне алыпсатарлық бағаның өсуіне және сауда кәсіпорындарына сауда орындары үшін жалға төлемінің қымбаттауына жол бермеу туралы хаттар және монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескерту жіберілген. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».