Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов министрліктің алқа отырысында Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау және ведомствоның ағымдағы жылдың 9 айындағы қызметінің қорытындылары туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өз сөзінде ЕХӘҚМ басшысы азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
«Бүгінде зейнеткерлер саны 2,2 млн адамды құрайды. Жүргізілген индекстеуді есепке алғанда бюджеттен зейнетақының орташа мөлшері – 99 857 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 68 774 теңге, базалық зейнетақы – 31 083 теңге. Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес зейнетақы жинақтарын жеткіліктілік шегінен тыс 500 мыңнан астам адам алды. Жыл басынан бері азаматтар өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге және зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияға 1,9 трлн теңгеден астам қаражат жіберді», деді Серік Шапкенов.
Сонымен қатар ол ынтымақты зейнетақыдан жинақтаушы зейнетақыға көшуді ескере отырып, жоғалған табысты зейнетақымен алмастыру коэффициенті жыл сайын төмендейтінін атап өтті.
БЖЗҚ-ның актуарлық есептеріне сәйкес, 2026 жылы зейнетақы орташа айлық жалақының 39% жуығын ғана алмастыратын болады. 2040 жылы - 20%, ал 2060 жылы-бар болғаны 18%.
«Зейнеткерлердің, оның ішінде болашақ зейнеткерлердің жағдайы нашарламауы керек! Қазіргі уақытта зейнетақы жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі қолданыстағы Тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біріншіден, базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу есебінен ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіру көзделеді. Екіншіден, қолданыстағы Тұжырымдамада 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарналарын енгізу көзделген. Нәтижесінде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін халықаралық еңбек ұйымы ұсынған стандарттан төмен емес – жоғалған кірістің кемінде 40%-ын сақтау қамтамасыз етіледі», деп хабарлады министр.