Бүгінде Алматыда балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын өткізуге арналған жүз шақты орталық жұмыс істейді. Үйірмелер мен секциялар жұмысына қалалық әкімдік қолдау көрсетіп келеді.
Нәтижесінде, ата-аналар балалардың бос уақытына бола алаңдамай, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ашылған тегін секциялар мен мектептен тыс үйірмелерге қатыстыра алады. Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Президенттің бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында балалардың саламатты өмір салтын ұстануына барынша жағдай жасалып отырғанын жеткізді. Ескі футбол алаңдарын жаңғыртып, заманауи спорт кешендерін салу да осы бағытта қарастырылып отырған міндеттер. Балалардың кәсіби, сондай-ақ бұқаралық спортпен айналысуын қамтамасыз ету мақсатында былтырдан бастап мектептер жанындағы спорт аймақтарының инфрақұрылымы жетілдірілуде.
Осы орайда биыл барлығы 61 мектеп жанындағы спорт нысандарын жаңғырту жоспарланса, онда 73 футбол, 63 волейбол және баскетбол алаңдары, сондай-ақ воркаут-аймақтар мен жүгіру жолдары бар. Бұл алаңдарда кәсіби мамандармен жаттығу жағы да қарастырылған. Нәтижесінде, балалардың спортқа деген ынтасының арта түсетіні сөзсіз. Қазіргі кезде мемлекет-жеке меншік әріптестік аясында 8 спорт алаңы қалпына келтірілуде. Оның ішінде 4 стадионның жұмысы аяқталып, қалған құрылыс-монтаждау нысандары осы жылдың желтоқсанына дейін берілмек. Жалпы, 8 жоба бойынша инвестиция сомасы 400 млн теңгеден асады. Осы орайда барлық құрылып жатқан инфрақұрылым мемлекет меншігінде екенін атап өту қажет. Қалада 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін секциялар спорттың 71 түрі бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асып келеді. Бүгінде 24 мың өтініш берушіге ваучер табыс етіліп, 18 630 бала спорттың 26 түрі бойынша шұғылдануда. Ең танымал секциялардың қатарына футбол, таэквондо, каратэ, жүзу, дзюдо кіреді. Ал 2023 жылға қарай орталықтар санын 200-ге дейін жеткізу жоспарланған.