• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 18 Қазан, 2021

Түркістанда жол апатынан 6 адам қаза тапты

418 рет
көрсетілді

Түркістан облысында полиция екі жеңіл көліктің соқтығысуы салдарынан 6 адам қаза тапқан жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 16 қазан күні сағат 19:14 шамасында Шардара аудандық полиция бөлімінің 102 пультіне жол апаты туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы шықты. Полицейлер облыстық маңызы бар Жетісай-Шардара автожолының 172-шақырымында «Opel Vectra» автокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып, «Audi-100» автокөлігімен соқтығысқанын анықтады.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында екі жеңіл көліктің жүргізушілері мен 4 жолаушы қаза тапты, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. 6 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді. Аталған жайт ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі «Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан Жол жүрісі және көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша Шардара аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Тергеумен Түркістан облысы ПД анықтаушылары айналысуда. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу барысында жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталатын болады. Осы тұста ескерте кететін жайт, жедел-тергеу тобы оқиға орнын мұқият зерделеу кезінде, аталмыш автожолда қандай да бір заң бұзушылықтар жоқ екенін анықтады.

Яғни, жол қозғалысына қатысушылар үшін жақсы көрінетін, жүргізушілерді ескертетін жол белгілері орнатылған.

Түркістан облысының полицейлері барша көлік жүргізушілеріне әрдайым жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертеді.