Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының президенті, профессор Бағдат Телтаев жол төсемінің құрылымында пайдаланылатын табиғи беріктігі төмен тас материалдардың тұрақтылығын арттыру үшін жаңа технологиялар құрылғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.
Қазақстанның бірқатар өңірлерінде, әсіресе, батыс аймақтарда құрылымы кеуекті, мәселен, әктас және ұлутас сияқты беріктігі төмен табиғи материалдар бар екені белгілі. Кеуекті материалдарды қолданған кезде тас ылғалды сіңіріп алып, қыста қатқан кезде бұзыла бастайды, яғни циклдық тоңу-еру процесі кезінде тез бұзыла бастайды. Арнайы технологияларсыз мұндай материалды жол саласында қолдануға болмайды.
Сол себептен, жол мамандары құрылыс материалдарын басқа аймақтардан әкелуге мәжбүр. Ал бұл құрылыс құнына елеулі әсер етеді.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары материалдардың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретін арнайы изоляциялық қабат құрудың жолын тапқанын мәлімдеді.
«Осындай ғылыми зерттеумен химия ғылымдары мамандарымен бірігіп айналысып жатырмыз. Осы изоляциялық қабат жасаудың екі әдісін, яғни екі құрамын таптық. Сол екі құрам да алғашқы зертханалық зерттеулер кезінде оң нәтиже берді», деп атап өтті Телтаев.
Осы әдісті жартылай өндірістік жағдайда зерттеу басталып, жолдың тәжірибелік учаскесін салу жоспарлануда. Егер инновация өзінің тиімділігін дәлелдесе, алдағы уақытта қолдануға ұсынылады. Ғалымдардың айтуынша, технология үнемді, оны практикада, әсіресе жергілікті маңызы бар жолдарда кеңінен қолдануға болады.