Оны бізге Денис Тен алып берді
Сүйінші, ағайын, сүйінші! Газетке енді қол қойылғалы жатқанда, сағат түнгі 01-ден жаңа ғана өте бергенде редакциядағы теледидардың тікелей эфирі Сочиден тамаша сәтті көрсетті. Қазақстан құрама командасының үкілеген үміті – мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен бүкіл елге қуаныш сыйлады – ХХІІ Олимпия ойындарында тұңғыш медалімізге қолымызды жеткізді. Денис шын мәнінде мүмкін еместі мүмкін етті деудің ешқандай артығы жоқ. Иә, мұның алдындағы қысқа бағдарламада тоғызыншы орынға ғана тұрақтаған спортшымыз кеше еркін бағдарламада тамаша өнер көрсетіп, төрешілерден 171,04 балл алды. Сөйтіп, өзінің алдына жапониялық Юдзуру Ханю мен канадалық Патрик Чанды ғана салып, Олимпиада жүлдегері атанды. Денис Теннің қола медалі – Қазақстан спорты тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан алынған алғашқы награда. Қуаныш құтты болсын! _________________ТЕННІҢ ТАМАША ТАБЫСЫ
Қазақстан құрамасын 25-ші орынға алып шықты
Сочиде өтіп жатқан XXII Қысқы Олимпия ойындарының жетінші жарыс күні, ақпанның 13-і тосын оқиғаларға толы болды. Бұлардың қатарында Германия құрамасының тағы бір алтын медаль алып, топбасылық тұғырын бекемдей түскені де, атақты мәнерлеп сырғанаушы Евгений Плющенконың жеке өнер көрсетер алдында кенеттен жарыс жолынан шығып қалғаны да, осы сайысқа қатысқан біздің үкілі үмітіміз Денис Теннің кестенің кеуде қатарынан көріне алмауы да, сол сияқты қазақстандық биатлоншы Ян Савитскийдің күтпеген жерден алғашқы жиырма саңлақтың сапынан табылуы да бар. Жалпы, бұл күні олимпиадашылар жарыстың жеті түрінен бақтарын сынаса, солардың бесеуі мәресіне жетіп, жүлдегерлер анықталды. Ал бұрнағы күні басталған хоккей турнирі енді ғана қызып келеді. Қазақстан спортшылары осы аталған бәсекелердің бесеуінде ел намысын қорғады. Және әркім әрқалай қорғады. Енді осы және басқа да әңгімелерге қысқаша тоқталып өтейік. Шаңғышылар шағым айтуға кірісті Бұл күннің жарысы да түс ауа басталды. Сайыс біздің қыздардың қатысуымен өткен шаңғы жарысынан сөре тартты. Олар 10 шақырымға классикалық әдіспен жүгірді. Біз бұл сынақта жұлдызы жарқырап шыға келетін майталмандарымыз болмаса да, таңнан тырмысып жолға шығып, ұшар таудың ұшпасындағы «Лаура» кешеніне арнайы атізін салып тағы да бардық. Біріншіден, бүгінгі әлемде әйелдер арасында көш бастап жүрген көріктілерді көзбен көрмек үшін. Екіншіден, өз өрендеріміздің шама-шарықтарын байқамақ үшін. Үшіншіден, келгелі бері өзімізге ұнап қалған жоғары жоталар жонындағы Альпі аумағы тектес атыраптың саф ауасын тағы бір мәрте талмай жұтып, тұмса табиғатын тамашаламақ үшін. Айналып келгенде, барғанымыз үшін тіпті де өкінген жоқпыз. Доспамбет бабам айтпақшы, «Тоғай, тоғай, тоғай су, тоғай көрдім, өкінбен». Себебі, алға қойған үш мақсатымыз орындалды. Бардық. Көрдік... Сосын... Алып-ұшқан көңілді бастық. Ең бастысы, спорттың бұл түрін елімізде жақсылап дамытуға барлық жағдайдың бар екеніне көз жеткізіп қайттық. Бізден бұл жолы жарыс жолына үш спортшы шықты. Олардың арасында Сочиге келетіні ең соңғы күндері ғана шешілген Елена Коломина да болды. Әлбетте, біз жасы қазір 33-ке келіп отырған бұл шаңғышыдан кемел келешек күтеміз деп айта алмаймыз. Сол сияқты 26-дағы Татьяна Осипованы да шаңғы жолында жарқын болашақ күтіп тұрғанына иланбасақ керек. Бірақ 22-ге енді келген Анастасия Слонованың шеберлігіне шеберлік, қабілетіне қабілет қоса түсуіне әлі талай мүмкіндігі бар. Қыздарымыздың осы жарысқа қатысуларының өзі елдегі өскелең ұрпаққа серпін беріп жатса, ендігі жеңістің еншісі де сол болмақ. Бұлардың арасындағы үздігі Елена мәре сызығын 36-болып қиып өтсе, Анастасия – 46, Татьяна 52-орындарға жайғасты. Егер жарыс жолына 76 спортшының қатысқанын ескерсек, мұның өзі тым нашар нәтиже емес екенін байқаймыз. Біз келгенде таудың басының өзі айтарлықтай жылы болып тұрды. Аспанда әдеттегідей бір шөкім де бұлт жоқ. Осында келген кәнігі мамандар мен жанкүйерлердің де көбі мұндай «жылы Олимпиаданы» бірінші рет көргендерін айтып, таңдайларын қағып жүр. Алайда, оның азабын спортшылар тартып жатқан сияқты. Сондықтан да, журналистер мұнда екінші мәрте Олимпиада чемпионы деген атаққа қол жеткізген 31 жасар поляк Юстина Ковальчиктің жеңісін экстремальді жағдайдағы ерекше табыс деп бағалап үлгерді. Бұған қоса, ол осы жолда келе жатып, табанын бірнеше жерден сындырып алыпты. Мұны соңынан түсірілген рентген толық айғақтап берді. Соған қарамастан, бірінші орын үшін күресті тоқтатпаған. Бұл қандай өжеттік, өршілдік, өлермендік десеңізші! Осылайша, қаһарман қыз қатарынан екінші рет Ойындардың жеңімпазы болуымен бірге, өз елінің құрамасы қоржынына екінші алтын медальді қосты. Жарыстың соңынан шаңғышы қыздар трассаның ауырлығын алға салып, бірінен соң бірі шағым айтуға кірісіп кетті. «Бұл жарыс өмірімдегі ең қиындардың бірі болды», деді әуелі Ковальчик. Ал көмбеге екінші жеткен швед Шарлотта Калла мен үшінші тұғырдан орын алған норвег Тереза Йохауд екеуі, тіпті, Сочи трассасының жақсы халде емес екенін ашып айтты. Жұрт түгел үлкен үміт күткен норвег Марит Бьорген көмбеге 1,5 шақырым қалғанда аяғының сырғанап, ілгері басқан қадамының кері кете бергенін жеткізді. Бұған тау басында күннің күрт жылып кетіп, Цельсий бойынша 20 градустан да жоғарыға шығып кетуінен трасса қарларының ери бастағаны әсер еткені анық. Биатлоншылар тағы жарыс жолына шықты Біздің «тағы» деп салмақ сала жазып отырғанымыз бекер емес. Қарап тұрсақ, бұған дейін спорттың бұл түрінен мұнда ерлердің 10 шақырымдық спринті, 12,5 шақырымдық ізбе-із жүгіруі, әйелдердің 7,5 шақырымдық спринті және 10 шақырымдық ізбе-із жүгіруі деп аталатын бағдарламалары бойынша төрт рет сайыс өтіп қойыпты. Ал бесіншісі, бұрнағы күні жігіттердің 20 шақырымдық жеке жарысы сипатында болып өтті. Шыны керек, баяғыдан биатлон, соның ішінде ерлер биатлоны әзірге «біздің спортымыз» емес. Қалай айтқанда да, спорттың бұл түрінен біздің жігіттердің арасында тап қазір «күлдір, күлдір кісінетіп, күреңді мінетін, күдеріден бау тағып, ақ кіреуке киетін» керімсал кербездер жоқ. Осыны білген соң, біз екеуі қатар шамада өтетін болғандықтан, Адлердің Олимпия паркі аумағындағы «Айсберг» мұз айдынында өтетін ерлердің қысқа бағдарлама бойынша мәнерлеп сырғанау додасына баруды жөн көрдік. Адалын айтқанда, соңынан, нәтиже түгел белгілі болған соң, осынымызға ептеп өкінгендей де болғанбыз. Бұған төменде Денис Теннің төмендеу, жоғарыда биатлоншылардың жоғарылау көрсеткіштерге қол жеткізгендері себеп болды. Айтатыны жоқ, бізді биатлоншы жігіттердің өз алған биіктерін жарыстан жарысқа көтеріп келе жатқаны қуантты. Қазақстандық үш спортшының арасында тағы да Ян Савитский алда болды. Бұған дейін 10 шақырымдық спринтте 43-орын алған ол келесі 12,5 шақырымдық ізбе-із қуалау сынағында 29-орынға табан тіреді. Енді, міне, әр елден жиылған 89 серкенің арасында 20-болып көмбеге жетіп отыр. Осындай серпілісті 22 жасар Антон Пантов та көрсетті. Ол 10 шақырымдық спринттегі бірінші жарысында алған 80-орнын бұл жолы 27-шіге алмастырды. Мұнда тек бұған дейінгі екі жүгірісінде алтыншы ондықтың аумағынан табылған Сергей Наумик қана көгертпеді. Ол соңғы сөреде 76-орынға сырғып кетсе, Александр Трифонов 85-позицияда қалып қойды. Олимпиада бұл стартта да өзінің екінші дүркін чемпионы атанып отырған тарланның талантына тәнті тұрды. Оны бұған дейін 12,5 шақырымдық ізбе-із қуалауда алдына жан салмаған француз Мартен Фуркад жасады. Екінші орын неміс Эрик Лессердің еншісіне бұйырды. Осы жігіт жарыс біткен бойда өзінің күміс медалін үйде өзін қадағалап қарап отырған ГДР құрамасы сапында үш Олимпия ойындарына қатысқан 67 жастағы бұрынғы шаңғышы атасы Аксель Лессерге сыйлайтынын жарияға жар сала айтыпты. Ал тұғырдың үшінші сатысына күтпеген жерден ресейлік Евгений Гаранычев орналасты. Одан мұндай табысты жерлестерінің өзі күтпесе керек. Міне, тап осындай күтпеген жеңіс біздің ордамызда да болса екен, деп қоямыз. Соның бірін әзірге құпия сыр етіп, көкірек түкпірінде ұстап жүрміз. Алла қаласа, оның орындалып қалуы да ықтимал. Үшінші орыннан үміт бар Біздің «көбе бұзар жебеге» санап жүрген ерлеріміздің бірі мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен еді. Турнирдің увертюрасы Денис үшін тым тәуір басталғандай сезілген. Мұндағы гәп мынада, осы жаттығулар кезінде оқыс қимылдан белін қатты ауыртып алған ресейлік жұлдыз Евгений Плющенко артынша өзінің жарыстан бас тартатынын жариялап жіберді. Бұл бұған дейін әлемдік рейтингте төртінші болып тұрған Теннің турнирді бір саты жоғарыдан бастап, үштікке еркін енуіне мүмкіндік беретін еді. Бірақ біз Денистің жаттығу сәтіндегі қимылдарынан бұрынғы өзіне тән жарқылдарды көре алмай, қайран қалдық. Бұған қоса, ол бір рет құлап та алды. Сол сәтте оның содан бірер күн бұрын интернет-басылымдардың біріне берген сұхбатында қазір қатты толқып жүргенін айтқаны есімізге сарт етіп түсе кетті. Расында да, Денис толқып жүр екен. Қазылар алқасының бағасы, тіпті, спортшының өткен жылдан бергі аралықта көрсеткен ең жоғары көрсеткішінен де жоғары болып шықты. Бірақ бұл мөлшер оның алғашқы алтылыққа ілігуіне мүмкіндік бермеді. Жапон мәнерлеп сырғанаушысы Юдзуру Ханю 101,45 балмен жеке-дара көш бастаған «серілер шеруінде» ол 84,00 ұпаймен тоғызыншы орынға тұрақтады. Екінші орынға былтыр Денистің жеңісін тартып әперді деп, біз жаппай жазғырып келген канадалық Патрик Чан 97,52 балмен табан тоқтатты. Үшінші орын 86,98 бал алған испан Хавьер Фернандеске бұйырды. Біздің екінші мәнерлеп сырғанаушымыз Абзал Рақымғалиев алғашқы ондықтың шегінен тасқары қалды. Дегенмен, турнирге қатысып жатқан 30 атлеттің ауқымында мұның өзін нашар көрсеткіш дей алмаймыз. Осымен мәнерлеп сырғанаушылар қысқа бағдарламаны аяқтады. Кеше ол еркін бағдарламаға ұласты. Теориялық жағынан келгенде, Денис Теннің өзінен екі ұпайдай ғана алда тұрған испан саңлағын басып озып, үшінші орын алуына мүмкіндігі бар. Үміт ақталды! Қонақүйге жаңа жеттік. Келе салысымен редакцияға бұған дейін жіберілген мәтінімізді қайта қарап, түзетуге, толықтыруға ұмтылғанбыз. Сөйттік те ол ойымыздан дереу бас тарттық. Иә, мәнерлеп сырғанаудан қол жеткен қола медальдің – біздің Сочи Олимпиадасындағы тұңғыш медаліміздің, сегіз күн бойы тосқан алғашқы медаліміздің иесі Денис Теннің қысқа бағдарламада көрсеткен өнеріне көңіліміз толмағаны рас еді. Өткен жылы ғана Канададағы әлем біріншілігінде күміс медаль алған спортшымыздың қысқа бағдарламадан кейін тек тоғызыншы орынға іліккеніне көңіліміз толмауы әбден табиғи жағдай екені де түсінікті ғой. Әйтсе де, кеше Денис ерледі. Ғажап өнер көрсетті. Қысқа бағдарламада өзінен биік орында тұрған француз Бриан Жубер мен жапондық Тацуки Матидуды артқа қалдыра алды. Оған қоса біз өз тарапымыздан алтын медальге ие болған жапондық Юдзуру Ханюдың да, күміс медальге ие болған канадалық Патрик Чанның да еркін бағдарламада бір рет емес, екі рет құлағанын, соның өзінде төрешілер олардың өнерін өте жоғары бағалағанын айтпай кетуді жөн көрмей отырмыз. Ең бастысы – Қазақстан алғашқы медаліне ие болды! Жарыстың жай-жапсарын алдымен газет сайтына, одан кейін келесі нөмірге толығырақ жаза жатармыз. Ал дәл қазір, аттың жалы, түйенің қомында ноутбугімізге жедел түсірілген мына жолдарда отандастарымызды алғашқы медальмен құттықтауға асығулымыз. Жеңісті жол жалғассын деп тілейік. Сөз соңында Денистің қола медалі Қазақстан құрамасын бірден жалпыкомандалық есептегі 25-ші орынға алып шыққанын қуанышпен айтып қояйық. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Сочиден.