Сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстарға талдау нәтижесі Түркістан облысында тіркелген құқық бұзушылықтың көбі мемлекет мүлкін жымқыру, парақорлық, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және қызметтік жалғандық жасау деректеріне қатысты екенін көрсетіп отыр.
Жыл басынан бергі 9 айда сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне жалпы 73 қылмыстық іс тіркелсе, сыбайлас жемқорлық санатына жататыны – 55. Соның ішінде ауыр қылмыстары – 51, ауырлығы орташа – 18, онша ауыр емес – 4. Жалпы тіркелген қылмыстардың ішінде парақорлық қылмысы – 37, жымқыру дерегі – 25, өкілеттігін асыра пайдалану – 3. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар саласы және оған қарасты құрылымдық бөлімшелер қызметкерлері тарапынан шағын және орта кәсіпкерлік қызметіне заңсыз араласудың 7 дерегі анықталып, 7 азамат ұсталып, екеуі сотталды. Аталған кедергілердің орын алуына мемлекеттік кірістер басқармасы, полиция қызметі, санитарлық-эпидемиялық және әкімшілік мекемелер түрткі болған. Жоғарыдағы деректерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хакім Көшқалиев Қоғамдық кеңесте жасаған баяндамасында келтірді. Жыл басынан бері жүйелі сыбайлас жемқорлықтың дерегі анықталған, мемлекеттік бағдарламалар бойынша 35 қылмыс тіркелген. Облыстық деңгейдегі бірінші басшыларға қатысты – 3, ал аудан және қалалық деңгейде 7 қылмыс анықталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында 900 мыңға жуық адамды қамтыған 1887 іс-шара өткізіліпті. Ал Protecting business andinvestments жобасы аясында жалпы соммасы 684 782 492 274 теңге болатын 76 ірі инвестор мен кәсіпкерлер департамент тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге алынған. Жобалық кеңсеге кәсіптік субъект өкілдерінен 72 шағым мен өтініштер түсіп, олардың барлығының заңды құқықтары қалпына келтірілді. «Сапалы жол» жобасы аясында 10 аудан, қалада жол сапасына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 44 кемшілік анықталыпты. Анықталған кемшіліктер негізінде тиісті мекемелерге ұсыныс хат жолданып, бүгінге дейін 36 кемшілік қайта қалпына келтірілген. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг спортшылардың жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына қатысуы бойынша, сондай-ақ жерге орналастыру жобасын дайындау салаларына қатысты жүргізілді. Енгізілген ұсыныстардың саны – 9. Биылғы 9 айда өндірісте жалпы 227 қылмыс болған, департамент қызметкерлерінің тіркегені – 104. Өндіріспен 125 қылмыс аяқталып, негізгі 20 қылмыстық іс сот қарауына жолданған. Қалған 105-і қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылған. Жалпы сотқа жолданған қылмыстық істер бойынша 560 млн теңге залал келтіріліп, 336 млн теңгесі өндірілген», деді Хакім Көшқалиев.
Сондай-ақ департамент басшысы қоғамдық кеңес жұмысына тұрақты қатысып, ел пікірімен санаса әрекет етуге әзір екендігін білдірді. Сыбайлас жемқорлықпен күресте азаматтарды көтермелеудің жаңа сараланған жүйесі енгізілгені мәлім. Яғни мұндай жағдайлар туралы хабарлаған адам ақшалай қаражатпен ынталандырылып қана қоймай, мемлекеттің қорғауында болады. Департамент басшысының айтуына қарағанда, қылмыстың ашылуына жәрдемдескен 9 тұлғаға 1 762 690 теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілген.