Еліміздің ғылым саласында жүрген қыздарымыз аз емес. Алайда олардың жеткен жетістіктері мен отандық ғылымды дамыту жолында төккен тері, қосқан үлесі туралы көп айтылмайтын секілді.
Әйел заты!
«Әйел заты» дегенде біздің көз алдымызға ең әуелі адал жар, аяулы ана, отбасының берекесі, асыл әже, тіпті бір әулеттің алтын қазығы болып отырған ақ самайлы кейуана оралады. Түптеп келгенде қатепті қара нарыңыздың да белін қайыстырар, мен-мен деген атпал азаматыңыздың да қолынан келмейтін осынау ауыр жүк пен қасиетті міндеттің үдесінен шығудың өзі-ақ әйел-ана біздің мәңгі ұлықтауымызға лайық екендігі, тіпті анау-мынау емес, қасиетті «Құранның» өзінде айтылады. Ал сол әйел-ана жаңағы айтылған ауыр да жауапкершілігі мың батпан қасиетті борышын өтеудің сыртында, «инемен құдық қазумен» пара-пар ғылыммен айналысып жүрсе ше?! Ондай ерлікті дөп басып бейнелейтін теңеу тауып айтудың өзі бір қиямет! Міне бүгінде қазақ қыздарының біразы «инемен құдық қазатын» азапты «тірлікке» өз еріктерімен жегіліп жүр. Әрі ғылымдағы жеткен жетістіктері де аз емес. Бағындырған биіктері де осал емес. Солардың бірі һәм бірегейі – елімізге және көптеген шетелдерге белгілі ғалым, тарихшы-шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент мүшесі, «Парасат» орденінің иегері Әбусейітова Меруерт Қуатқызы.
Мен Меруерт Қуатқызының есімімен шетелде жүргенде-ақ таныс едім. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Бейжіңде оқып жүрген студент кезімізде біз оқыған университет кітапханасына, әлемге әйгілі «Пекин кітапханасына» сол замандағы ҚазССР ҒА «Хабаршысы», РСФСР ҒА шығыстану бағытындағы «Хабаршысы» барып тұратын. Ол кезде орысшаға тісіміз емін-еркін батпайды, дегенмен «М.К.Абусеитова» деген есім-сойына қарап дәу де болса қазақ қызы болар деп ойлап қояр едік. Кейін қытай ғалымдарының қазақ тарихына қатысты зерттеу еңбектерінен «қазақ ғалымы М.Қ.Әбусейітованың пікірінше» деп келетін сілтемелерді жиі кездестіретін болдық. Ал отанға оралғаннан кейін өзіміз де «шығыстану ғылымы» дейтін ұлы мұхитқа қайығымызды салдық. Содан бері Меруерт Қуатқызының әрбір жаңа еңбегін іздеп оқып жүрдік. Ал ол кісі Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институтын басқарған жылдарда институт ғалымдары әзірлеген еңбектерді мүмкіндігінше жеке кітапханамыздың қорына алу әдетімізге айналып үлгерді. Сөйтіп жүрген күндерде, ойламаған жерден жолымыз түйісіп былтырдан бері әйгілі ғалым апамызбен әріптес болып, бір мекемеде бірге еңбек ету бақыты бұйырды.
Жақын араласқанда білгенім, Меруерт Қуатқызы қазақ, түркі халықтарының жазба және ауыз әдебиетін, философиясын, тарихын, фольклорын терең зерттеп, отандық шығыстану ғылымының дамуына зор үлес қосып жүрген ғалым ғана емес, әйгілі ойшыл-ағартушы, әулие Мәшекеңнің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпағы екен.
Ендігі сөздің ауанын бүгінде өмірдің үлкен белесіне шығып, мерейлі жасқа жетіп отырған Меруерт Қуатқызының өмір жолы мен еңбектеріне бұрайық.
Осындай мәдени, рухани дәстүрлерге толы ортада өмірге келіп, тәрбие алған Меруерт Қуатқызы «тарих ғылымы» атты ұшы-қиырсыз білім теңізіне студент кезінен бойлай еніп, дарынды шығыстанушы В.П.Юдиннің ғылыми мектебінен бірақ шығады. С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетін (ағылшын тілін терең оқытатын арнаулы бөлімін) 1974 жылы бітіргеннен кейін, Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) Шығыстану институтының аспирантурасы мен докторантурасында шығыс қолжазбаларына негізделген зерттеу жұмыстарын жүргізетін маман ретінде тыңғылықты дайындықтан өтеді. Бұл жұмыс өз кезегінде бірнеше шетел тілдерін білуді қажет етеді. Сонымен талапты да талантты қыз ағылшын тіліне қоса, парсы және түрік тілдерін меңгеріп алады.
Аспирантураны бітірген соң Қазақстан ҒА Тарих, археология және этнография институтының Шығыстану бөлімінде кіші, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі (1978-1992 жж.) болып қызмет атқарады.
Меруерт Қуатқызының алғашқы ғылыми туындысы 1975 жылы жарық көрді. Содан бергі уақытта оның шетелдік қолжазбалар қорында алғаш айқындалған және ғылыми айналымға енгізілген жазба шығыс (парсы- және түркітілді) дереккөздерін зерттеуге арналған, қазақ, орыс, ағылшын, француз, түрік және парсы тілдерінде жарияланған, жалпы 300-ге жуық ғылыми еңбегі басылып шықты. Олардың ішінде 11 монография және 3 оқулық: «Казахское ханство во второй половине XVI в.» (1985); Утемиш Хаджи «Чингиз-наме» (1992); «Казахстан и Центральная Азия в XV-XVII вв.: история, политика, дипломатия» (1998); «История Казахстана и Центральной Азии» (2001); «Письменные источники по истории и культуре Казахстана и Центральной Азии XV-XVIII вв.» (биобиблиографический обзор) (2001); «История и культура малочисленных народов Казахстана» (для 10класса, 2001); «Қазақстан тарихы шығыс миниатюраларында» (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде, 2010) «Рукописи и артефакты из фонда Анри Мозера» (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде, 2011), «Қазақ хандығы» (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде, 2015) «Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті жөніндегі мыңжылдық деректемелер» (2015), «Қазақстан тарихы жөніндегі артефактілер, жазбаша, ауызша, эпиграфикалық деректемелердің жинақтама каталогы» (2015), «Казахстанское востоковедение. К двадцатилетию образования Института востоковедения им. Р.Б.Сулейменова» (2016), «Қазақстан тарихының мыңжылдық дереккөздері» (2019), «Казахское ханство» (2020) және т.б. Олардың бәрінде Қазақстанның Шығыс пен Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық және мәдени байланыстары, тарихымыздың бұрын беймәлім тұстары зерттеліп, жаңа тұжырымдар жасалды.
Меруерт Қуатқызының негізгі ұстанымы – дереккөздер тарих һәм шығыстану ғылымдарының іргетасы екендігінде. Хасан-бек Румлудың «Ахсан ат-таварих», Хафиз Таныштың «Шараф-наме-йи-шахи», Мухаммадиар ибн Араб қатағанның «Мусаххир ал-билад», Искандер Муншидің «Тарих-и аламара-йи Аббаси» деген Қадырғали Жалаиридің, Мұхаммед Хайдар Дулатидің, Махмуд аз-Замахшаридің, тағы басқа шығыс ғұламаларының еңбектерін жіті зерделеу арқылы оның осы ұстанымы зерттеулерінен айқын көрінеді. Оның «Түркі және парсы деректемелері», «ХV-XVII ғасырлардағы Қазақстан тарихы мен мәдениеті бойынша парсы дереккөздері», «Қазақстан тарихы бойынша шетелдік мұрағат қорларының құжаттары», «ХVІІІ – XІХ ғасырлардағы қазақ – қытай қарым–қатынастары тарихы бойынша мұрағаттық дереккөздері», «Еуразия тарихы мен мәдениеті бойынша жаңа мұрағаттық құжаттар», «Қазақ халқының тарихы және мәдениеті бойынша шетелдік қолжазбалар қоры» т.б. еңбектері отандық тарих ғылымының дамуына серпін беріп, оның деректемелік негіздері ғылымның өрісін кеңейтті.
Ғалымның басты зерттеу бағыттарының бірі де бірегейі Қазақстанның біртұтас этномәдени кеңістігі болып табылатын Орталық Азияның құрамдас бөлігі екендігі туралы теориялық-методологиялық ұстанымы төңірегінде шоғырланған. Оған ғалымның Қазақ хандығының ХVІ – XVII ғасырлардағы тарихи-мәдени байланыстары, көрші мемлекеттермен қарым-қатынастары, көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара ықпалы, түркі халықтарының мәдени мұрасы, қазақ мемлекеттілігінің тарихы, қазақ хандарының дипломатиялық жазбалары, Орталық Азиядағы ислам өркениеті, Дешті Қыпшақ пен Иранның тарихи-мәдени байланыстары, Иран мен Орталық Азиядағы сопылық, қазақ хандарының қытай императорларына жолдаулары, Орталық Азия тарихы мен мәдениетінің біртұтастығы, Орталық Азия мен Үндістандағы дәстүрлер және қазіргі заманғы құндылықтар үндестігі т.б. мәселелерге арналған еңбектері дәлел бола алады.
Меруерт Қуатқызы 1998-2013 жылдар аралығында Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры лауазымында жемісті еңбек еткеніне дүйім жұрт куә. Осы жылдарда Шығыстану институтының ғылыми-зерттеу қызметінде жаңаша бағыт алған және қазақстандық шығыстанудың қолданбалы зерттеулер топтамасын кеңейткен «Қазақстанның Шығыс елдерімен тарихи-мәдени және саяси-экономикалық өзара қарым-қатынасы» атты бағдарламасының негізін қалаушы және ғылыми жетекшісі болды. Сонымен бірге «Қазақстан және Шығыс елдері», «Қазақстан Шығыстың халықаралық қатынастар жүйесінде: тарих, қазіргі заман және перспективалары», «Жібек жолының тарихи орталықтарының жаңғыруы, түркітілді мемлекеттер мәдениетін сақтау және сабақтаса дамуы», «Жібек жолындағы ғылым және руханият», «Орталық Азия халықтары мәдениетінің сабақтастылығы мен өзара әсері» тақырыбындағы іргелі ғылыми бағдарламалары әзірленіп, жүзеге асырылды. Зерттеу нәтижелері халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда ЮНЕСКО-ның қолдауымен бірқатар жоба жүзеге асырылды, сол зерттеулер мен жобалар аясында М.Қ.Әбусейітова ұлттық стратегияны, сондай-ақ Орталық Азиядағы әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар жөніндегі өңірлік стратегияны талқылауға және әзірлеуге қатысты.
Қазақстандағы шығыстық деректануды дамыту мақсатында 1981 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін, шығыс қолжазбалары мен архив материалдарын айқындау, жинау және оларды зерделеу үшін Ресей, Орталық Азия елдері, Ұлыбритания, Франция, Италия, Қытай, Иран, Түркия және т.б. архивтік қорларға жүргізілген археографиялық экспедиция жұмыстарын ойдағыдай басқарып келеді.
М.Қ.Әбусейітова «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда да ұйымдастырушылық қабілетін, қажыр-қайратын ешқашан аяп қалған емес. Оның жетекшілігімен 2 рет Ресей Федерациясына, 5 рет Қытай Халық Республикасына, Моңғолияға, Қырғыз еліне, Түркияға, Арменияға, Венгрияға, Швейцарияға археографиялық экспедициялар ұйымдастырылды.
М.Қ.Әбусейітованың жетекшілігімен «Цин патшалығы кезеңіндегі қазақ-қытай қарым-қатынастары туралы архив құжаттарының жинағы» (Қытайдың Бірінші тарихи архивімен бірлесе отырып, 2006-2010 жж.); «Орталық Азия тарихының ортақтығы: көне заман, орта ғасырлар және қазіргі заман» (2006-2010 жж.); «Қазақстан және Үндістан: өткені, бүгіні және перспективалары» (2009 ж. – қазіргі кезге дейін); «Дешті Қыпшақ пен Иранның тарихи-мәдени байланыстары» (Иранмен бірлесе тұрақты жұмыс істейді); «Лувэн (Бельгия) Католик университетімен Эрасмус + халықаралық жобасы (2013 ж. бастап бүгінге дейін) және басқа да халықаралық жобалар жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ профессор М.Әбусейітова халықаралық танымалдылыққа ие болған «Қазақстандық шығыстану зерттеулері» (40-тан астам кітап жарияланды) топтамасының негізін қалаушы және ұйымдастырушысы болып табылады. Бұл топтамада қазақстандық және шетелдік шығыстанушылардың ғылыми еңбектері, мақалалар жинақтары, сондай-ақ академик Р.Б.Сүлейменов, Г.С.Садвакасов, В.П.Юдин, Ю.А.Зуевті еске алуға арналған ғылыми оқулар материалдары жарияланады. Топтама Қазақстанда Шығыстану саласын дамытуға және іргелі зерттеулердің маңызды бағыттарының дамуына өз септігін тигізіп келеді. Осы топтамадағы кейбір кітаптар қазіргі парсы, түрік, қытай және жапон тілдеріне аударылған. 2019 жылдан бастап М.Қ.Әбусейітова «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» кітаптары топтамасын шығаруды қолға алды, оның аясында «Қазақстан тарихы бойынша мыңжылдық дереккөздер» атты кітап-альбом, «Қазақ хандығы», «Жошы ұлысының саяси тарихындағы ордалар (дереккөздер мен тарихнама)», «Қазақстанның ортағасыр тарихы хрестоматиясы (VI-XIX ғғ.)», «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары жарық көрді.
Меруерт Қуатқызы 2002 жылдың қыркүйек айында Институт жанынан ұйымдастырылған ЮНЕСКО-ның «Ғылым және руханилық» кафедрасының меңгерушісі ретінде де қыруар жұмыс атқарып келеді. Кафедраның қызметі Шығыстану институтының ғылыми бағыттарымен үндес, өзектес. Оның алдында тұрған басты міндеттер де түрлі мәдениеттер мен өркениеттер, дінаралық, рухани және ғылыми ықпалдастық мәселелерін зерттеуге бағытталған. Бұл кафедра мәдениетаралық және дінаралық диалог бойынша UNITWIN/UNESCO Network атты ЮНЕСКО кафедраларының халықаралық желісіне енген.
М.Қ.Әбусейітованың тікелей басшылығымен ЮНЕСКО, ИЫҰ (Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы), IRCICA (Ислам тарихы, өнері мен мәдениеті бойынша зерттеу орталығы), Ислам әлемінің Ғылым академиясы, Ф.Эберт қоры, USAID, Француз Орталық Азияны Зерттеу Институты (IFEAC), Орталық Азияны зерттеу жөніндегі Еуропалық қауымдастық (ESCAS), Үндістанның Халықаралық істер жөніндегі кеңесі (ICWA) және т.б. шеңберінде 150-ден астам халықаралық және республикалық конференциялар өткізілді.
Сонымен бірге Алаш жұртының ғалым қызы қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс яғни 5 тілде шығатын: халықаралық SHYGYS журналын ұйымдастырушы әрі оның бас редакторы, сондай-ақ бірқатар отандық және шетелдік академиялық журналдардың редакциялық алқасының мүшесі болып табылады.
Меруерт Қуатқызы 2013 жылдан бастап – БҒМ Ғылым комитеті Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу бойынша республикалық ақпараттық орталықтың директоры қызметін атқарып келеді.
2018-2020 жылдар аралығында М.Әбусейітованың ғылыми жетекшілігімен «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» атты пәнаралық ғылыми-зерттеу бағдарламасы жүзеге асырылды. Бұл бағдарлама Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеуде жаңаша әдіс-тәсілмен, ұлттық тарихымыздың тұтастай көрінісін қалыптастыру үшін пәнаралық әрі транспәндік деңгейде жалпыгуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары мамандары бірлесе отырып, алғаш рет орындалды.
Ол 2013-2014 жылдары «Халық тарих толқынында» бағдарламаласы және 2018 жылдан бастап бүгінге дейін «Архив – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында орындалып жатқан «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті бойынша шетел архивтері мен қорларындағы археографиялық жұмыстар (айқындау, талдау, цифрлау)» жобасының жетекшісі, сонымен қатар «Ұлы дала тарихы мен мәдениетін зерттеу жөніндегі археографиялық қоғамдастықты» құрудың бастамашысы да Меруерт Қуатқызы екенін атап айтуымыз керек.
Сондай-ақ М.Әбусейітова Қазақстанда шығыстану ғылымының дамуына орасан зор үлесін қосқан ғалым ретінде, шетелдік қорларда сақталып келген жаңа, зерделенбеген жазба, мұрағат және визуалды дереккөздерді алғаш рет тапты. Олар – Францияда, Париждегі Гиме мұражайында табылған «Қазақтардың Цин императорына аттарды сыйлауы» атты бірегей суреті; Берн Тарихи архивіндегі (Швейцария) қазақтардың тарихы мен мәдениеті бойынша қолжазбалар мен артефактілердің бай коллекциясы; Қытайдың Бірінші тарихи архивінде табылған қазақ хандары мен сұлтандарының іргелес мемлекеттердің билеушілерімен дипломатиялық қатынас хаттары бойынша мұрағаттық құжаттары және Қазақстанға көшірмесі түрінде (72 812 құжат) алып келінді; қазақстандық музейлік топтамаларда аналогі жоқ XVI-XIX ғғ. қазақтардың тарихы мен мәдениеті бойынша жаңа жазба және архивтік материалдар мен артефактілер (63 экспонат) ғылыми айналымға енгізілді; қазақ даласын билеушілердің миниатюра және портрет түріндегі визуалды дереккөздері тұңғыш рет Ұлыбритания, Франция, Италия кітапханалары мен музейлерінен әкелінген көшірмелер және басқалары.
Әріптестік ынтымақтастық және халықаралық ғылыми бағдарламалар мен жобаларды іске асыру мақсатында қазақтың ғалым қызы Қытай, Жапония, Иран, Түркия, Үндістан, Моңғолия, Франция, Венгрия, Ресей және т.б. елшіліктермен жүйелі байланыстар орнатып, оларды дамытуда ұйтқы болды. Қысқасы Меруерт Қуатқызы басқарған жылдарда Шығыстану институтының шетелдік 40 ғылыми мекемемен ынтымақтастық туралы келісім-шарттарға қол қойылды.
Атап айтар болсақ, Шығыстану институты бүгінде бір кезде Меруерт Әбусейітова салып кеткен дәстүрлі даңғыл жолды бойлап Оксфордтың Исламды зерттеу орталығы, Кембридж университеті жанындағы Орталық Азиялық форумы (Ұлыбритания); Қытайдың Бірінші тарихи архиві (ҚХР); Лувэн Католиктік университеті (Бельгия); Берн университеті, Берн тарихи музейі (Швейцария); Халықаралық орталықазиялық зерттеулер институты (МИЦАИ); Әлеуметтік тарих және дінді зерттеу институты (Италия); РҒА Шығыстану институты (Ресей, Мәскеу), РҒА Шығыс қолжазбалары институты (Ресей, Санкт-Петербург) және т.б. беделді шетелдік шығыстану орталықтарымен ғылыми байланыстар орнату мен бірлескен ғылыми бағдарламаларды әзірлеу, ғылыми мақалалардың халықаралық жинақтарын, ғылыми журналдар, монографиялар әзірлеуде, бірлескен халықаралық конференциялар, семинарлар өткізуде белсенді жұмыс істеп келеді.
Сонымен бірге профессор М.Әбусейітова отандық ғылым мен білімнің безбенделер жауапты сәті мен эксперттік тобына қатысты бірқатар комиссиясының мүшесі. Атап айтқанда ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның мүшесі; Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының мүшесі қатарлы қоғамдық қызметтерді абыроймен атқарып келеді.
Әсіре астын сызып отырып айта кетер жағдай Меруерт Қуатқызы Қазақстанның шығыстану және тарих ғылымын дамытуда жас кадрларды даярлау мен оларды тәрбиелеу ісіне ерекше көңіл бөліп келеді. Атап айтқанда, оның жетекшілігімен 10 докторлық және 25 кандидаттық диссертация (олардың қатарында АҚШ, Жапония, Францияның зерттеушілері бар) дайындалды және қорғалды.
Меруерт Қуатқызы жеке күш-жігерімен 2003-2010 жж. Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Д55.40.03 Диссертациялық кеңестің төрағасы ретінде елімізде шығыстану саласы бойынша көптеген мамандардың дайындалуын қамтамасыз етті. 2011-2012 жж. БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті Президиумының мүшесі болып та қызмет атқарғаны бар. 2015-2021 жж. «Халықаралық қатынастар», «Шығыстану» және «Тарих, түркология, археология» мамандықтары бойынша Диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары болып қызмет жасады.
Қорытындылай келгенде айтарымыз, профессор М.Қ.Әбусейітова – тал бойына туа біткен кісілік пен әдептіліктің, біліктілік пен білгірліктің арқасында, сонымен бірге өмірден жүре келе жинаған дарынды ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде отандық шығыстану ғылымының «Меруерт мектебі» деп аталатын айшықты мектебін құра білді.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының
бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор