Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанай қаласында жолдарды қайта жөндеу кезінде 27 млн астам теңгені жымқыру дерегін анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша аумақтық департаменті сыбайлас жемқорлық дерегін анықтады.
Тергеу мәліметтері бойынша, мердігер «Galara» ЖШС мен Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арасында 612 миллион теңгеден астам сомаға Қостанай қаласының Набережная көшесін қайта жөндеу шарты жасалған.
«Galara» ЖШС Бас директоры ТКШ бөлімі инспекторының көмегімен іс жүзінде көрсетілмеген (құм-қиыршық тас қоспасынан, ұсақ тастан жасалған негіздердің төсейтін және тегістейтін қабаттарын орнату бойынша) қосымша қызметтер бойынша орындалған жұмыстардың жалған актісін ұсынды.
«Жалған акт негізінде ЖШС есепшотына 27 миллионнан астам теңге негізсіз аударылды. Кәсіпорын директоры мен бөлім қызметкері 5 жылға бас бостандығынан айырылды», делінген ҚР ҚМА баспасөз қызметінің ақпаратында.