Қостанайдағы «Достық үйінде» А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Сапар Қолдыбаевтың «Тарихи үдерістердің философиялық-эпистемологиялық проблемалары» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы және Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен бұл шараға тарихшы ғалымдармен бірге зиялы қауым, студент жастар қатысты.
Тұсаукесер кешті ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділда Мақанов «Тарихи үдерістердің философиялық-эпистемологиялық проблемалары» кітабының жарыққа шығуын ұлттық санаға сәуле түсірер оқиға деп бағалады. Төрт-бес жыл бойы жазған монографиясында белгілі ғалым Сапар Қолдыбаев ұлттық тарихты жазудың теориясы мен философиясына жаңа көзқарас тұрғысынан келеді.
– Мен бұрын құқық философиясымен айналысқан едім. Мені соңғы жылдары тарих философиясы қызықтырды, мен соны зерттедім. Тарих философиясы бүгінде неге өткір тұр? Отандық тарихты теориялық-әдіснамалық қайта зерделеу Қазақстанның мемлекеттік-этникалық өзін өзі анықтау, билеу, көпғасырлық өзіндік даму тарихы бар байырғы ұлт қазақ мүдделерін негізге алу тұрғысынан жүргізілуі керек. Бүгінде Отан тарихының дамуын тарихи танудың әдіснама саласының маңызды бір бөлігі болып табылатын тарих философиясының мәселелері жете жасалмағандығы ерекше сезіліп тұр. Бәрімізге мәлім және толғандырып жүрген мәселе, әлі күнге дейін отандық философия отандық тарихи үдерісінің дүниетанымдық, іргелі мәселелерін қажетті деңгейде қайта зерделей ала алмай отырғандығы, соның ішінде, біз, қазақтар, кімдерміз, дүниежүзілік тарихта қандай орын аламыз, біздің арғы аталарымыздың тарихта қандай рөлі болған деген сияқты сауалдарға жауап берілмегендігі, – деді кітап авторы Сапар Қолдыбаев.
Кітаптың тұсаукесер кешінде ғалымның әріптестері В.Гершун, Т.Нұртазенов, А.Айтмұхамбетов, Е.Әбіл және басқалар тарих философиясы мен теориясын зерделеуге арналған жаңа шығарма жөнінде жылы пікір білдірді. Олар «Тарихи үдерістердің философиялық-эпистемологиялық проблемалары» кітабын қазақ халқының және Қазақстан тарихын жаңа көзқараспен зерделеуге қосылған сүбелі үлес және құнды еңбек деп бағалады. Кітапты Раритет баспа компаниясы 2000 данамен шығарды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.