• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бокс 21 Қазан, 2021

Ақша емес, абырой қымбат

429 рет
көрсетілді

Жапония астанасы Токио қаласында өткен Жазғы Олимпиада ойындарынан жанарымен жер шұқып қайтқан боксшыларымызды жанкүйерлер жерден алып жерге салғаны белгілі. Нәтижесінде бас бапкер ауысты. Екі қола жүлдемен еңсесі түсіп қайтқан былғары қолғап шеберлері үшін Сербия астанасы Белград қаласында жалауы желбірейтін әлем чемпионаты жаңа мүмкіндік сыйлап отыр.

Біріншіден, боксшыларымыз осы әлем чемпионатында 13 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Екіншіден, әуесқой боксқа аңсары ауған жекелеген мамандар мен фанаттар 69 килограмм салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Абылайхан Жүсіповтың орнына лицензиялық сынға Асланбек Шымбергенов баруы керек еді дегенді алға тартқан болатын.

Асланбек ішкі чемпионатта Жүсіповтен жеңілсе де, халықаралық аламандарда талай мықтының мысын басқан. Ел де соны алға тартатын. Енді Сербия төрінде екі сайыпқыранымыз да бақ сынамақ. Абылайхан Жүсіпов 67 килограмм салмақта «кім мықты?» деген сауалға жауап іздесе, Шымбергенов 71 килограмм салмақта шаршы алаңға көтеріледі.

Әлем чемпионаты сынды байрақты бәсекеде алғаш рет қолғап түйістіретін Асланбектен дайындығы жайлы сұраған едік.

«Әлем чемпионатына бәрі мықты дайындықпен барады. Мен де жақсылап жаттықтым. Бұйырса елдің намысы үшін барымды салып, жанкүйерлерді қуантуға тырысамын» дейді Азия ойындарының күміс жүлдегері.

Тұңғыш рет AIBA жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйлық дайындап отыр. Осы орайда Асланбекке: «Үлкен көлемдегі сыйлық та чемпион атану үшін жігерлендіреді ме?" деген сауалды да қойдық.

«Мен үшін ақша емес, елдің абыройы қымбат» деп жауап берді Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Айта кетейік, Сербия астанасы Белград қаласында 24 қазан күні басталатын әлем чемпионаты 6 қараша күні түйінделеді. Бұл аламанда ұлттық құрама барынша жаңартылған құраммен топқа түспек. Токио Олимпиадасында 69 килограмм салмақта топ жарған кубалық Рониэль Иглесиас Сотолонго, Рио Олимпадасының күміс жүлдегері, бүгінде кәсіпқой бокста жарқырап жүрген өзбек оғланы Шахрам Гиясов та әлем чемпионтында 71 килограмм салмақта шаршы алаңға шығады. Асланбек бүкіләлемдік бокс сериясы аясында «Астана арландарының» құрамында жүріп бұл екі мықтыны да жеңген болатын.

Кезінде мамандар тарапынан «бірінші раундта бокстаспай, екінші және үшінші үш минуттықта іске кіріседі" деген сын естіген Шымбергенов бұл жолы үш раундта да бірінші нөмірде жұмыс істемек. Жеке бапкерімен тыңғылықты дайындалды. Соған қарағанда Асланбектің алтыннан үміті бар сияқты.