Алматыда Еуропа елдері мен Ресейден келгендерге бақылау күшейтілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиолог мамандары мен медицина қызметкерлері осы елдерден Алматы халықаралық әуежайына келгендерді бақылауды күшейтті. Шетелден келген барлық жолаушылар жоғары температураны тіркейтін арнайы құралмен сканерленеді.
«Ресей Федерациясындағы жағдай күрделене түсті, біз Еуропа мен Ресейден келгендерді бақылауды күшейттік, өйткені онда қазір аурудың күрт өскені байқалады. Румынияда, Ұлыбританияда және Балтық елдерінде антирекорд тіркелді. Халық қазіргі уақытта айналымдағы дельта штамына жете мән беруі керек. Егер бұрын диарея сияқты КВИ симптомы басым болса, бүгінде оған нейротоксикалық синдром қосылды, бұл - есте сақтау қабілетінің нашарлауы. Науқастар ауруханаға түскен кезде есін жоғалтады. Бас миы зақымданады, ауырып жазылған адамды постковид синдромы мазалайды», деп түсіндірді Жандарбек Бекшин.
Сонымен қатар ол қауіп аймағында әлі күнге дейін ауруды қиындататын қарт адамдар бар екенін айтты.
«Ең көп жұқтырғандар - 20-39 жастағы азаматтар, олар аптасына жұқтырғандардың 28%-ын құрайды, 24% - 40-59 жастағы тұрғындар, 25% - 60 жастан асқан адамдар. Соңғы аптада балалар мен жасөспірімдер арасында ауру көрсеткішінің 2,6% өскені байқалады», дейді Алматының бас санитар дәрігері.
Жандарбек Бекшин вакциналануды кейінге қалдырмауға, адамдар көп жиналатын орындарға, түнгі клубтарға, мейрамханаларға баруды, үй іс-шараларын өткізуді шектеуге шақырды.
«Қазір иммундық қабат 54% пайызға жетті. Егер осындай қарқынды сақтап қалатын болсақ, онда вакцинация мерзімі жыл соңына дейін созылып, 70%-ға жетуі мүмкін», деді спикер.