• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Қазан, 2021

Әлемді рухани құндылық құтқарады

1362 рет
көрсетілді

Алматыда «Ортақ этостың қалыптасуы: Саналы өзара тәуелділік дәуіріне аяқ басу» атты халықаралық кеңес өтті. ЮНЕСКО қолдауымен құрылған Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығы мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесе ұйымдастырған іс-шараға руханият пен өнер, қоғамдық келісім саласындағы жаһандық сарапшылар қатысты.

Осымен төртінші мәрте өтіп отырған ауқымды шара­ның мақсаты – адамзаттың бейбіт өмір сүруіне кедергі келтіре­тін келеңсіздіктермен бірлесе кү­ресу һәм бүгінгі және келешек ұрпақты адамзатқа ортақ құн­дылықтар арқылы ынтымаққа ұйыс­тыру. Өмір сүру салты бір-бірімен мүлде қабыспайтын түрлі халықтарды мәдениеттер тоғысы арқылы біріктіруді көздеген жоба озық білімге апаратын үздік идея­ларды әлем жұртының игілігіне бағыттауды көздейді.

– Адамзат баласының алдынан күн сайын шешімі күрделі мәселелер көлденеңдеп шығып жатыр. Бұдан мұқалмай өту үшін рухани бірлік керек. Білім – адамды шырқау биікке көтеретін ұлы күш. Әлем жастары адами асыл-қасиеттердің нәрін мәдениеттер байланысы арқылы сіңіреді. Оларды ізгілікке бейілдендіру, бір-бірін құрметтеуге үйрету үшін ортақ алаң керек. Біздің негізге алып отырған мақсатымыз да осы. Жыл сайын Кеңестің ауқымы артып, әлем халқын алаңдатқан өзекті проблемалар, тарих пен мәдениет тақырыптары талқыланып жүр, – дейді Халық­аралық Мәдениеттерді жақын­дастыру орталығының директоры, айтулы ақын Олжас Сүлейменов.

Конференцияның «Саналы өзара тәуелділік және планетар­лық сана» деп аталған бө­лімін­де мәдени әртүрлілікті сақ­тау, бостандық, теңдік, ынты­мақ­тастық, төзімділік, әлеуметтік интег­рация және табиғатты қорғау сынды маңызды та­қырыптар тал­қыланды. Ал «Тұ­рақты дамуда маңызды диалогке қолдау біл­діру» секциясында адамзат дамуының этикалық, тари­хи, әлеуметтік және мәдени аспек­тілері, сондай-ақ мәде­ни плю­рализм мен ғылымдағы диалогті қолдау мәселелері қа­ралды.

Жаһандық басқосуда мәде­­ниеттердің шынайы жақында­суына қолдау білдірудегі білім беру мен БАҚ-тың рөлі, әлеу­меттік желілердің үлесі сынды зерттеу тақырыптары да назардан тыс қалған жоқ.

 – Әлем өзгерді. Адамдардың өмір сүру дағдысы да бұрынғыдай емес. Технократия салтанат құрған дәуірде көп жетістікке жеткенімізбен, рухани құнды­лықтар құлдырай бастады. Айдай әлемге ауыз салған пандемия адамзатты үрей құшағына алды. Бұл соғыстан кейінгі бетпе-бет келген үлкен қасірет. Ертеңгі күн­ге сенім әлсіреп, адамдардың бола­шаққа деген үміт атмосферасы тұмандана түсті. Нақ осы кезде әлемді құтқаратын құдіретті күш – рухани бірлік пен мәдени ынтымақтастық. Осы алаң арқылы әр елдің мәдениеті мен тарихы таныстырылып, өткен күндер еншісінде бұдан да ауыр, бұдан да қиын кезеңдер өткеніне ой жүгірту арқылы бүгінгі жағдайды сараптай аламыз. Адамзаттың түпкі мұраты бақытты өмір сүру. Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығы әлем елдерін бақытты тіршілік кешуге, шынайы өмір сүруге үндейтін жоба деп есептеймін, – дейді конференция қатысушылары­мен Ресейден онлайн байланыс­қа шыққан М.В.Ломоносов атындағы ММУ-нің бірінші про­ректоры Игорь Абылгазиев.

Жастардың бойына адам­зат­тың тұрақты дамуына бастайтын қайрат құйып, білім мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор. Себебі адамзат өрке-ниетінің өрлеуіне үлес қосатын этикалық және азаматтық көзқарасы жоға­ры ұрпақ қана осы байланысты жалғай алады. Сарапшылар бұл үшін дәстүрлі кеңесте көтерілген мәселелерді зерттеп-зерделеп, мә­дени ынтымақтастыққа бастайтын жобаларды жандандыра беру қажет деп есептейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2013-2022 жылдар аралығын Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы деп жариялағаны әмбеге аян. Олжас Сүлейменов жетекшілік ететін Алматыдағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы музей құндылықтары мен тарихи-мәдени мұраны анық­тау, толықтыру, зерттеу және насихаттау жұмыстарымен айналысып келеді.