Италияның Лидо-ди-Йезоло қаласында кикбоксингтен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Байрақты бәсекеге әлемнің 65 елінен 1700-ге жуық спортшы қатысты. Әлем біріншілігінде сынға түскен елордалық спортшылар ел қоржынына екі алтын, үш қола жүлде салды. 63 келі салмақта кикбосингтің К-1 нұсқасы бойынша Нұрдәулет Қалшора жарыс жеңімпазы атанса, 54 келі салмақ дәрежесінде Ерлан Шағбан «фулл контакт» бөлімінде қарсылас шақ келтірмей алтынан алқа тақты. Осылайша Ерлан Әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Ал, Батырхан Қуандықов (фулл контакт, 63кг), Шыңғысхан Тлемисов (К-1, 63кг) және Әділ Мырзағалилар (лоу-кик, 71кг) чемпионаттың қола жүлдесін иеленіп, ел мерейін үстем етті. «Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Әлем чемпионатына дайындығым да жақсы болды. Еліміздің туын өзге елде көкке көтергеніме қуаныштымын», деді чемпионат жеңімпазы Нұрдәулет Қалшора.