• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 24 Қазан, 2021

Жаһандық жылынумен күрес

527 рет
көрсетілді

Алдағы аптада Глазгода Біріккен Ұлттар Ұйымының климат саммиті (COP26) басталады. Қазіргі таңда бүкіл әлем аталған жиынға көз тігіп отыр. Ұлыбританияда өтетін іс-шарада бірқатар маңызды мәселе талқыланбақ. Осы орайда, бірнеше елдің басшысы жаһандық жылынуға қарсы іс-қимылының жос­парымен бөлісті.

Әлемдегі мұнайды ең көп өн­ді­ретін Сауд Арабиясы 2060 жыл­ға таман мүлдем парникті газ шығармауға уәде берді. Бұл – атал­ған елдің бұған дейінгі өзіне алған міндеттемесінен екі есе көп.

Бұл ақжолтай жаңалықты тақ мұрагері ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Сауд Сауд Арабия­сының «Жасыл» бастамалар форумында айтқан сөзінде мәлімдеді.

«Сауд Арабиясы 2060 жылға қарай қазіргі көміртегі айналмалы экономикасы бағдарламасы аясында парникті газ қалдығын нөлге түсіруді мақсат етіп отыр. Мұндай қадамға жету барысында Сауд Арабиясының жаһандық мұнай нарығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылығын нығайтудағы жетекші рөлі сақ­талады», деді тақ мұрагері.

COP26 саммитінің прези­денті Алок Шарма бұл жаңалық­ты ыстық ықыласпен қабыл­дады. Оның айтуынша, мұн­дай мәлімдемелер басқа мемлекет­тердің климат өзге­руіне қарсы күресуіне ықпал етеді. Сондай-ақ А.Шарма Сауд Ара­бия­сының жоспарымен жіті танысуға ниетті екенін де жеткізді.

Халықаралық энергетика агент­тігінің атқарушы директоры Фатих Бирол да бұл бастаманы құптап отыр.

«Әр мемлекет парникті газ шығарылымын азайтуға әртүрлі жол­мен қол жеткізуі мүмкін. Бірақ климаттың өзгеруі бар­ша­мыз­ға ортақ. Осы орайда қаз­ба отын­дарды өндіруші негіз­гі мем­ле­кет­тердің мұндай қадам­дары және оны жүзеге асыруы жаһандық жылынуды тоқтатуда маңызға ие», деді ол.

Сауд Арабиясы экономикасы негізінен мұнай мен газ экспортына тәуелді. Ел билігі кейінгі кезде қазба отынға тәуелділікті азайтып, экономиканы әртараптандыруға ты­рысып жатыр. Бірақ әлі де мұ­най мен газдың үлесі басым, эко­номикасының негізін құрайды.

Ел басшылығы мәлімде­ген жоспардың әлсіз бір тұсы бар. Сауд Арабиясы ішкі көмірқышқыл газы шығарылымын азайтуды жоспарлағанымен, бұрынғыдай мұнай мен газ экспорттауды жалғастыра бермек.

Сауд Арабиясы жылына 600 миллион тонна көмірқышқыл газын шығарады. Осылайша, әлем­дегі парникті газды көп шы­ғаратын 10 елдің қатарына кіреді. Қазіргі таңда бұл тізімде көш­ті Қытай бастап тұр. Шар­та­рап­та шығатын CO2-ның 28 пайы­зы осы Қытайға тиесілі.

Содан кейінгі орында АҚШ тұр. Америкалықтардың үлесі 15 па­йыз­ды құрайды. Бұдан бөлек, Үнді­стан (7 пайыз), Ресей (5 па­­­­йыз) және Жапония (3 пайыз) да ауаны ластайтын елдер қатарында.

Климат саммиті қарсаңында Ұлыбритания ханзадасы Уильям да пікір білдірді. Ол BBC арнасына берген сұхбатында ғарышқа коммерциялық сапарға шығуды сынға алды. Ханзаданың айтуынша, климаттың өзгеруі бүкіл адамзатты алаңдатуы тиіс мәселе. Осы орайда ғарышқа құмартудың орнына жерді аман алып қалудың өзектілігіне тоқталды.

«Бізге бүкіл әрекетімізді ға­рышқа сапарға шығуға емес, пла­­не­тамызды сақтап қалуға жұмыл­­дыратын нағыз ақылдылар керек. Егер мұқият болмасақ, бала­лары­мыздың болашағына балта шабамыз», деді ханзада Уильям.

Қытай басшысы Си Цзиньпин БҰҰ Бас Ассамблеясының сам­митінде бұдан былай шетелде кө­мірмен жұмыс істей­тін жаңа энер­гетикалық жоба­лар­дың құ­рылысын қаржыландыр­май­тынын мәлімдеді.

«Қытай басқа дамушы елдерге көмек көрсету барысында жасыл және көміртегі шығарылымы аз энергияны дамытуға қолдауды күшейтеді. Сондай-ақ шетелде көмір арқылы жұмыс істейтін жаңа жобаларға қаржы салмайды», деді Бейжің басшысы.

Ал Америка Құрама Штат­тары­ның президенті Джо Байден 2024 жылға қарай кедей елдерге қаржылық көмекті екі есе ұл­ғайтуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл қаражат парникті газ шығарылымын азайтуға жұмсалмақ.