Осы уақытқа дейін елімізде 928 211 адам індетке шалдығып, 12 мыңдай адам көз жұмған екен. Әрине, бұл – ресми дерек, шын мәнінде КВИ жұқтырғандар саны мұнан да көп және өз бетінше үйінде ем-дом қабылдады деген долбар айтуға дәлел мен дәйек аз емес.
Індеттің қақпасы болған Алматы әлі күнге дейін «қызыл аймақта». Ал қаланың бас санитар дәрігері күздің басында «Дельта» штамының 15 мутациясы анықталғанын мәлімдеген еді. Дегенмен оның айтарлықтай эпидемиялық маңызы болмаған.
«Қазір штамм мутацияланып, Еуропа мен Ресейдегі жағдай қатты ушығып тұр. Шекаралас жатқан Ресей Федерациясында індеттің таралу қарқыны өткен жылғы шарықтау шегінен де асып түсті. Мұның барлығы адамды шошытатыны сөзсіз. Алдын алу шараларын қабылдап, мегаполистегі бақылау күшейтілді. ДДҰ мәліметінше, Ұлыбритания, Румыния және Балтық жағалауы елдері коронавирустың таралуы бойынша антирекорд орнатып отыр. Сол себепті Ресейден ғана емес, Еуропадан келгендерге де бақылау күшейтілді», дейді Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
Ол кезекті баспасөз мәслихатында: «Ел «дельта» штамының қаншалықты қауіпті екенін ұғыну үшін оның салдарын түсінулеріңізді сұраймын. Бастапқыда диарея синдромы басым болса, қазір жүйке-токсикалық синдромы көп кездеседі. Осының салдарынан адамның миына зақым келіп, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Адам коронавируспен ауырып шыққан соң да оны постковидтік синдром мазалайтын болады. Осы синдром әсерінен көз жұмғандар да көп. Осы орайда қалмай екпе алуларыңызды, көпшілік орындарға бармауларыңызды сұраймын», деді.
Ж.Бекшин Ресей Федерациясымен арада екпе паспортын бірге мойындау туралы келісім жоқ болғандықтан, шекарадан өткен азаматтардан 72 сағатқа дейін жарамды ПТР-тест нәтижесі сұралатынын еске салды.
«Дерттің төмендеу қарқыны сақталған жағдайда айдың соңында тәулігіне індет жұқтырғандар саны 300-ден азаяды деп болжанып отыр», деді Ж. Бекшин.
Бас санитарлық дәрігер эпидемиялық ахуалдың тұрақтануына халықтың иммундық қабатының өсуі себеп болды деп есептейді. Бұл бүгінде 54%-ды құрайды (екінші компонентпен халықтың ресми санының 45,8%-ы + жыл басынан бері ауырып жазылғандардың 7,9%-ы вакциналанды). Сонымен қатар КВИ жағдайларының төмендеуіне КВИ науқастары мен байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға баруын шектеуге тыйым салу ықпал еткен. Инфекцияның таралуын азайтуға Ashyq жобасы мен жұмысы және үй карантинін бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар, вакциналанбаған немесе ПТР-сыз қызметкерлердің күндіз жұмыс істеуіне тыйым салу әсер етті.
«Бірақ бізде халықтың тығыздығы жоғары және жалғасып жатқан ішкі көші-қон жағдайында вакциналанбағандар да көп. Азаматтар шектеу шараларын бұзуды жалғастырып, бетперде кимейді, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды, сондай-ақ жекелеген кәсіпкерлер Ashyq жүйесінің талаптарын өтірік орындайды», деді бас санитарлық дәрігер.
Осы арада Алматыда Еуропа елдері мен Ресейден келгендерге бақылау күшейтілгеніне тоқтала кеткен жөн. Себебі, көрші елде індет қайта өршіп тұр. Ковид бойынша антирекордтар Еуропа және Балтық елдерінде орнатылды. Осындай жағдайға байланысты, көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиолог мамандары осы елдерден Алматы халықаралық әуежайына келгендерді бақылауды күшейтті.
«Ресей Федерациясындағы жағдай күрт күрделене түсті, біз Еуропадан келгендерге бақылауды күшейттік, қазір аурудың күрт өсуі байқалады. Румынияда, Ұлыбританияда және Балтық елдерінде антирекорд жазылды. Халық қазіргі уақытта айналымдағы «дельта» нұсқасына толық мән беруі керек. Егер бұрын диарея сияқты КВИ симптомы басым болса, бүгінде оған нейро-токсикалық синдром қосылды, бұл есте сақтау қабілетінің нашарлауы. Науқастар ауруханаға түскен кезде есін жоғалтады. Миы зақымданады, ауырып жазылған адамнан көпке дейін індет белгілері қалмайды», деді Ж.Бекшин.
«Әлі күнге дейін қауіп аймағында қарттардың жағдайы қиын екенін ұмытпау қажет. Ең көп жұқтырғандар – 20-39 жастағы азаматтар, олар аптасына жұқтырғандардың 28%-ын құрайды, 24%-ы – 40-59 жастағылар, 25%-ы – 60 жастан асқандар. Соңғы аптада балалар мен жасөспірімдер арасында аурушаңдықтың 2,6%-ға өскені байқалады», деді Алматының бас санитарлық дәрігері.
Ж.Бекшин қазіргі коронавирустың «дельта» нұсқасы жайлап тұрғанда, оның өршуін басу үшін иммундық қабатты 80%-ға жеткізу керектігін қайта-қайта қаперге салып отыр. Алайда вакциналаудың күнделікті өсуі 1%-ды құрайды.
«Қазір иммундық қабат 54%-ды құрайды. Егер осындай қарқынды сақтап қалсақ, онда вакциналау мерзімі жыл соңына дейін созылып, 70%-ға жетуі мүмкін», деді Ж.Бекшин.
Бас санитарлық дәрігер қазіргі коронавирустың «дельта» нұсқасының өте қауіпті екенін, Алматыда осыған қатысты жағдайдың 95%-ының тіркелгенін, ауырып жазылғандар арасында ағзаның әлсіреуі мүмкін екенін, әсіресе соңғы уақытта індет жұқтырғандарда жүйке-токсикалық белгілері басым екенін еске салды.
АЛМАТЫ