БҰҰ әлемнің көптеген елінің қолдауымен 2021 жылды «Халықаралық креативті экономика жылы» деп жариялағаны белгілі. Қолдау білдірген елдер мәлімдемесінде креативті индустрия пандемиядан соң әлем экономикасын қалпына келтіруге мүмкіндік беретіні айтылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық креативті экономика жылы елімізде де креативті индустрия құруда талантты жастарға назар аударуды, жұмыспен қамтуды, Үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын құруды тапсырды. Яғни ғылым, мәдениет және заманауи шығармашылық салалары бойынша Ұлттық білім хабы, «Таланттар фабрикасы» сияқты орталықтар құрылып, еліміздің барлық өңіріндегі дарынды жастардың кәсіби мамандардан білім алып, олардың шеберлік сағаттарына қатысуға жол ашылады делінді. Бірақ әзірше еліміздің заңнамалық құжаттарында креативті индустрияның нақты анықтамасы жоқ. Яғни өкілетті органдармен осы саланы дамытудың нақты бағыттары белгіленбеген соң, мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылмаған. Білікті мамандар да аз. Өйткені креативті индустрияның мақсаты – қаржылық табыс қана емес, әлеуметтік және азаматтық даму.
– Жалпы, «Креативті экономика» терминін алғаш рет ньюйорктік Businessweek журналы 2000 жылы қолданған. Сондықтан креативті индустрия дегеніміз – экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі. Бүкіл әлемде креативті индустрия әлеуетті өнеркәсіптік саясаттың бір бөлігіне айналды. Бұл ерекше салалар Ұлыбритания, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей және басқа да елдерде мемлекеттік қолдауға ие, – дейді экономист ғалым Әлия Әбішева.
Креативті индустрияның қарапайым сипаттамасына келсек, шығармашылық қызметтің әртүрлі салаларында жаңашыл инновациялық технологиялардың алатын орнымен ерекше. Мысалы, жерлесіміз Иманбек Зәйкеновтің әлемдік «Грэмми» музыкалық премиясының жеңімпазы атануы да креативті индустрияның музыка, өнер, жарнама, сәулет, кинематография, анимация, дизайн салаларындағы шығармашылық қызметпен тікелей байланысты екенін көрсетті. Бұл Иманбек сияқты ойлау қабілеті ұшқыр, креативті, талантты және бірегей жастарды біріктіретін болса, заманауи цифрлы құралдар арқылы өмірдің түрлі саласында алдымыздан жетістіктер күтері анық.
Ә.Әбішеваның айтуынша, экономикадағы «креативті экономика», «креативті индустрия», «білім экономикасы» сияқты жаңа терминдер тікелей жастардың зияткерлік білім деңгейімен байланысты. Креатив білімділік хабына айналады да, нарыққа өз өнімдерін шығаруға мүмкіндігі бар креативті жастар келе бастайды. Әрине, креативті кәсіпкерлік бағытын, креативтік әлеуетті, креативті экономиканы дамытуда мемлекеттің қолдауы қажет. Бұл жастардың жаппай шетелге кету үрдісіне де тоқтау болар еді. Мысалы, АҚШ елшілігі өңірдің креативті экономикасын дамытуға қолдау көрсетпек. Еліміздегі АҚШ елшілігінің мәдениет және білім беру мәселелері жөніндегі атташесі Эмбермен (Amber Aura) Павлодар облысы әкімдігіндегі кездесуде өңірдің креативті экономикасын дамытуға ерекше назар аудара отырып, өзекті және әлеуетті ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Жыл соңына дейін С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми кітапханада америкалық ерекше жоба бөлімі ашылады. Бұл – креативті өнертапқыш жастардың идеялары мен инновациялық жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігі. Кітапханада ашылған Maker Space шығармашылық зертханасына кез келген оқушы мен студенттер өздерінің жобаларын жасау үшін келеді. Яғни Maker Space – идеяларды іске асыруға арналған шығармашылық шеберхана. Жобалар мен стартаптарды іске асыруда пікірлестерді қасыңнан табасың.
Орталықтың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов, АҚШ-тың еліміздегі елшілігі миссиясы басшысының орынбасары Джуди Куо қатысты. Жаңа жоба аталған елшілік пен Chevron компаниясы арасындағы меморандум барысында жасалды.
– Бұл білімге, ғылымға құштар жастарды табуға мүмкіндік береді. Жобаның мақсаты – өңірде креативті экономиканы дамыту. Тегін жұмыс істейтін орталық креативті экономикадағы жаңа бағыттың ашылуына жол ашады, жастарға жаңа технологиялармен жұмыс жасауға қолдау көрсетеді, – дейді С.Шаяхметов.
Елшілік өкілі Джуди Куоның айтуынша, елімізде осы іспетті 10 орталық ашылмақ, Павлодарда бесінші нысан ашылып отыр.
Облыстық кітапхана директоры Шолпан Шаяхметованың айтуынша, студенттер робот құрастыру, 3D модельдеу, ағаш және темір өңдеу жұмыстарымен айналыса алады. Кабинетте қажетті құралдар жеткілікті. Алдағы уақытта мектеп оқушылары мен колледж және жоғары оқу орны студенттеріне экскурсия ұйымдастырылады.
Жергілікті стартапшыларға ерекше мүмкіндік беретін Business Ertis Innovation аясында облыста ғылым-бизнес-мемлекет үдерісін қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта облыс орталығында Ғылыми-техникалық кеңес отырысы өткізіледі. Оған жергілікті жүйе құраушы кәсіпорындар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысады. Кәсіпорындар тарапынан нақты техникалық тапсырмалар мен қаржыландыруды жергілікті жоғары оқу орындарына аудару мәселесі де анықталды. Жоғары оқу орындары, колледждер жобаға бизнес тұрғысынан қарап, экономикалық өзара тиімді әріптестік құра алады. Бұл облыстың стартапшылары үшін де жақсы мүмкіндік. Мысалы, Торайғыров университетінің командасы республикалық Student Energy Challenge-2020 республикалық байқауының жеңімпаздары атанды. Олар байқауға AirFlux инновациялық энергия үнемдейтін бактерицидті желдеткішін ұсынды. Enactus резиденттері мен стартап академиясының менеджерлері Рустам Қабден, Айжан Қалиасқар, Гүлдана Теміршот стартап-жобаларын дамытуға 3 мың доллар ұтып алды. Олар енді бұл қаражатқа жаңа құралдар жинауға қажет шикізаттарды сатып алмақ. Университеттің екінші командасы – ENACTUS KAZAKHSTAN Online National Expo 2020 студенттік кәсіпкерлік, стартаптар мен инновациялардың ұлттық кубогының чемпионы атанды. Студенттер «Қаржылық сауаттылық пен стартаптарды дамытуға бағытталған оқушылар мен студенттерге арналған Jaryq атты білім беру» онлайн-платформасын жасап шыққан.
– Жобаларды бизнес-модельдерді қолдана отырып әзірледік. ENACTUS WORLD CUP 2021 әлемдік кубогына бес билет ұтып алдық. Біз енді Ұлттық чемпион ретінде еліміздің намысын халықаралық дәрежеде қорғайтын боламыз, – дейді Enactus Toraighyrov командасының капитаны Әділет Дәуітов.
Жуырда облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов «Креативті индустрияны дамыту жөніндегі» республикалық жобалық кеңсенің жетекшісі Данат Жумин және өңірдің шығармашыл жастарының қатысуымен өткен диалогтік алаңға қатысты. Диалогтік алаңда креативті индустрияның әлеуеті жоғары екені, қазір оны дамыту тұжырымдамасы дайындалып жатқаны, шығармашылық орталықтар ашу, креативті кәсіпкерлерді қолдау, тіпті Иманбек пен Скриптониттің жетістікке қалай жеткендері жайлы талқыланды. Өңір басшысы облыс орталығында бұрынғы темір жол колледжінің негізінде Technikum шығармашылық орталығы ашылатынын атап өтті.
– Бұл жерде спортпен айналысып, шығармашылық жәрмеңкелер мен шеберлік сыныптарын өткізіп, жаңашыл білім алуға болады. Сондықтан шығармашылық өкілдері бас қосып, креативті идеялар туындайтын кездесу орнына айналады деп үміттенеміз. Орталықтың жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, келесі жылы оны жүзеге асыруға қажетті қаржы бөлінеді, – деді облыс әкімі.
Креативті индустрия дегеніміз – шығармашылық арқылы ұлттық экономиканы дамыту. Дамыған мемлекеттерде креативті индустрия ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрайды. Елімізде өндірілетін ішкі жалпы өнім 2,3 пайызға жеткен. Бұл салада тұрғындардың 3,6 пайызы еңбек етуде.
– Әрине, креативті индустрияны дамыту үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Мысалы, қалалар мен аудандарда шығармашыл жастардың өз өнімдерін шығаратын орындары аз екені бәрімізге белгілі. Орталықты құрудан бөлек оны дұрыс басқару да басты мәселе, – дейді Данат Жумин.
Біз күнделікті жастарды жұмыспен қамту қажеттігін жиі айтамыз. Жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беретін көше бойындағы жұмысқа шақырған жарнамалар да көп. Бірақ креативті үздік ой жетіспейтіндей. Екіншіден, жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі қолдаулар болғанымен, жастардың көбі сол шаралар туралы білмейтіні өкінішті. Қазір жастар саясатына қатысты заңға қажетті түзетулер енгізілуде. Түзетулер бойынша жергілікті әкімдіктердің қызметін бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» деген арнайы тіркес қосылады. Егер Technikum сияқты шығармашылық орталықтар көбейсе, түрлі кеңес алуға жұмыссыз жастарға да мүмкіндік туар еді.
Павлодар облысы