Қызылордадағы «Облыстық жастар ресурстық орталығы» мүшелері биыл жұртқа жәрдем көрсетіп, игілікті істердің басында жүрді. Осы жылғы 1 наурыз – Алғыс айту күнінде өткен брифингте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова кәсіпорындар мен ұжымдарды, жеке адамдарды жақсылық жасауға жұмылдырудың маңызын атап өтіп, сырбойылықтарды «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасына үлес қосуға шақырған еді.
Еліміз үшін де үлкен сынаққа айналған пандемия кезінде қиналған жұртқа жәрдем жасауға ұмтылған Сыр жастары аймақ басшысының шақыруына үн қосып, облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мен оның жанындағы Еріктілер фронт-офисі «Қызылорда тазалығы» мекемесінің 25 жұмысшысына азық-түлік, 1 отбасына тұрмысқа қажетті жиhаз жеткізіп берді. Олардан бөлек әлеуметтік тұрмысы төмен 10 отбасына көмек көрсетті.
Облыс орталығындағы «Бақытты отбасы» орталығы мен Еріктілер фронт-офисі жастары Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай 1000 отбасына азық-түлік себетін үлестірді.
Сырдариядағы су тапшылығы салдарынан биыл өңірді қуаңшылық жайлағаны белгілі. Оның зардабы әсіресе Арал ауданында қатты сезіліп, төрт түлікпен күн көріп отырған ауылдағы ағайынның біраз малы шығын болды. Осыған орай «Облыстық жастар ресурстық орталығы» барлық саладағы жастармен бірлесіп, «Жастардан жәрдем» атты акция жариялап, аймақ тұрғындарына, кәсіпкерлерге, еріктілерге үндеу жолдады. Үндеуге үн қосқан жастар жәрдемімен Арал ауданына 7 500 бума шөп жеткізілді.
«Облыстық жастар ресурстық орталығы» жанындағы Еріктілер фронт-офисінің ұйымдастыруымен тұрақты түрде «Донор бол», «Өмірді сақта» атты қан беру акциялары өткізіліп, оған сала мамандары, құқық қорғау қызметкерлері үлес қосты. Еріктілер республика көлемінде аталып өткен «Өз елімізде із қалдырмай Sayahattime» атты экологиялық акциядан да шет қалмады. Волонтерлер бастамасына «Жасыл ел» жастар жасағы, «Ай-Қанат» жастар қоғамдық бірлестігі мүшелері, қала тұрғындары қолдау көрсетті.
Жақсылық жасауға ұмтылған жастарға «Абзал және К» ТС, «Бастау-S» ЖШС, BIALI Sport дүкені, Esperanza кафесі және «Ауыл базары» ауыл шаруашылығы өнімдері дүкені демеушілік танытты.
ҚЫЗЫЛОРДА