Маңғыстау облысына қарасты Сайын Шапағатов елді мекені маңындағы құс фабрикасының далаға төккен қалдығы мал баққан шаруалардың наразылығын тудыры, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шаруалар «малымыз құс фабрикасының қалдығын жеп арам қатты» деп шағымданады. Айтуларынша, фабрикадан шыққан қалдық жайылым жеріне төгілген. Ал оның сыртында не қоршау жоқ, не арнайы белгі жоқ дейді шаруалар. Аймақтық mangystaumedia.kz сайтының мәліметіне сенсек, қазірдің өзінде полигон маңынан 5 түйенің өлексесі табылған.- Құс фабрикасының кесірінен халықтың малы осылай қырыла бере ме? Мына жайылымда жүретін түйенің есебі жоқ. Бұлай жалғаса берсе бәрі де өледі, - дейді түпқарағандық шаруаның бірі Алмагүл Есбергенова.
Олар өңірде онсыз да мал жейтін шөп жоқ, енді малымыз фабрикадан шыққан қалдықты жеп қырыла ма деп алаңдайды. Мәселен, Айгүл Раманова шамамен 15 миллион теңгеге 10-нан астам түйені несиеге алған. Айтуынша, жайылымда жүрген екі бірдей түйесі құс фабрикасының төккен қалдығын жеп арам өлген. Соның кесірінен Айгүл 2 миллион теңгеге жуық шығын келді деп отыр.
- Жайылымға қалдық төгуін қойып, өздеріне полигонға арналған жеріне төксін. Мал жайылымындағы өзі азғантай шұрайлы жер еді. Барлық шаруаның малы осы жерде жайылып жүреді. Біздің жайылымды жайына қалдырса деген ұсынысымыз бар, - дейді шаруа Айгүл Раманова.
Өзге де шаруалар осы мәселелердің шешілуін қалайды.
- 29 қыркүйек күні далаға төгілген қалдықтың маңында екі түйем өліп қалды. Түйелер күнде барып сол қалдықты жеп жүр. Түйе қайдан не жерін білмей, жемнің исіне барып қайта-қайта сол қалдықты жейді. Қазір фабрика маңында төгілген қалдықтың жан-жағын қоршап қойған. Бірақ ол да малға кедергі болмасы анық, - деді шаруа Нұркен Арал.
Биыл шілдеде ашылған құс фабрикасы Ақтаудан 33 шақырымда орналасқан. Фабрикадан шыққан қалдықты кәсіпорын аумағы мен 15 шақырымдағы мал жайылатын жерге төккен. Шаруалардың шуынан соң зауыт аумағындағы қалдық шашылған жерді қоршап қойған. Ал жайылымда ашықтан ашық жатқан қалдық әлі қоршалмаған, қалдық полигоны екенін көрсететін арнайы белгі де жоқ. Десе де үйіндінің бетін топырақпен жауып қойған. Ал, кәсіпорын басшылығы қалдықтар заңды тұрғыда белгіленген жерге төгілді деген уәж айтады.
- Кәсіпорын аумағына қалдықты әдейі төктік. Өйткені, біз ол жерге жеміс беретін ағаш еккен кезде еш нәтиже шықпады. Мамандар жердің құнары аз деген соң осындай шара қолдандық. Полигон жері рәсімделіп жатыр. Жер құжатын алған соң жобамызды бастаймыз, - деді «Ақтау Агро» ЖШС директоры Данияр Тұрғынов.
Қалдық төгілген жер Мұнайлы ауданының аумағына кіреді. Аудан әкімі Рахат Елтизаров телефон арқылы 50 гектар жер полигон үшін заңды түрде берілгенін хабарлады. Әкімдік құс фабрикасының басшылығына қалдық полигонын қоршауы тиіс екенін ескерткен.