• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қазан, 2021

Атырауда экономикалық қылмыстардың залалы 2,8 млрд теңгені құрады

693 рет
көрсетілді

Атырауда 9 айда экономикалық қылмыстардан келген залал мөлшері 2,8 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облыстық Экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Қахарман Жәрдемовтің мәліметінше, бизнес өкілдері де заң бұзушылыққа жиі барады. Заңсыздықтың дені салық төлеуден жалтару, жалған шот-фактураларды шығару, мемлекеттік қаражатты жымқыру немесе ұрлаумен байланысты болып отыр.

«Биылғы 9 айда департаменттің өндірісінде 71 қылмыстық іс болды. Оның ішінде департамент қызметкерлерімен сотқа дейінгі тергеу басталған 56 қылмыстық іс бар. Бұл – тергеу жүргізіліп жатқан істердің жалпы санының 78,9 пайызы. Осы кезеңде 34 қылмыстық істің 18-і сотқа жолданып, 16 іс ақталмайтын негіздерге сәйкес қысқартылды. Тергеуі аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған залалдың сомасы 2,8 млрд теңгені құрады. Оның 2,4 млрд теңгесі мемлекет пайдасына өтелді» дейді Қахарман Жәрдемов.

Оның айтуынша, департамент қызметкерлері Д. есімді әйел құрған ұйымдасқан қылмыстық топты анықтаған.

«Күдікті 2017-2019 жылдары 715 млн теңгеден астам мөлшерде залал келтіре отырып, әртүрлі кәсіпкерлік субъектілерден бюджетке салық төлеуден жалтаруға ықпал еткен жалған шот-фактуралар жазып берген. Сот үкімімен Д.-ның қылмыспен тапқан қаражатқа сатып алған мүлкі тәркіленіп, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушыларына  түрлі жылдарға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды» деп мәлім етті Қахарман Жәрдемов.