• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қазан, 2021

Тарих әркімге өзінің лайықты бағасын береді

571 рет
көрсетілді

Күн сайын таңсәріде велосипедпен қаламыздағы дендропаркте серуендейтінім бар...

Ызғып бара жатып, кейде жасамысы бар, егдесі бар бір топ азамат жүрістері біткен соң бір сәкіге жиналып шәй ішіп отыратынын көретінмін.

Сөйтсем, күн сайын дендропаркте серуендейтін бұл кісілер өзара кезектесіп бір-біріне шәй береді екен..

Бір күні соның кезегі өзімнің туысқан ағам Миятқа келіпті.

Мәкең сәлемдесе сала ызғиын деп тұрған мені тоқтатты да, ана жерге келіп ағаларыңа шәй құйып бер деп бұйырды.

Баласына бауырсақ, қатырма, туралған қазы, шәй, қымыз алдырған екен.

Сонымен жүрек жалғап отырып, біраз әңгіме кетті.

Жұрттың көбі тұрып кеткен соң еңселі, ақ шашты бір кісі келді.

Түрі таныс.

Баяғыда теледидардан талай көргем. Дендропаркке шыққалы күн сайын көретінмін.

Сол кісі соны тарихтың шетін шығарды...

«Дендропарк анооу бұқаның мүсіні тұрған жерден басталды.

1978 жылы Шымкент облыстық партия комитетінің І хатшысы болып тағайындалған Асанбай Асқарұлы, Мәскеуде жүрген мені облыстық комсомол комитетінің І хатшылығына шақырды.

Облыста 40 мың комсомол бар екен.

Іске кірісіп кеттім.

1979 жылдың 19-қарашасы күні Асекең облыстық партия комитетінің бюросын сол бұқа тұрған жерде өткізді (Ол кезде бұл жер қалалық қоқыс полигоны еді. Авт.).

Дәл осы жерге 40 мың түп ағаш отырғызып, үлкен бақ жасауымыз керектігін қадап түсіндірді.

Зауыт-фабрика басшыларына міндеттерін бөліп беріп, бүгін 4 адам ағаш отырғызатынан ескертті..

«Менімен бірге Облыстық атқару комитетінің төрағасы Шаймерденов, облыстық Кәсіподақ төрағасы Троян және облыстық Комсомол комитетінің І хатшысы қалсын!», деп сөзін аяқтады Асанбай Асқарұлы.

- Жүріңдер сол жерді көрсетейін, деп орнынан тұрды.

- Мынау ағашты кейін бір келгенінде Димекең отырғызып еді. Қурай бастапты. Мұны емдеудің жолы жоқ па екен?

- Емдеп жатыр. Дендропаркте ағаш емдейтін мамандар да бар екен, деді бір кісі.

 - Дұрыс болған екен...

 Сосын Абдулла аға А.Асқаров отырғызған ағаштан бастап, өзі отырғызған ағашқа әкелді.

 - Ағашыңызды балаларыңыз білетін шығар? - деп қалды біреу.

 - Ұл-қыздар мен немерелер келіп, күтім жасап тұрады! – деп еске алады Асқаров облысты басқарған кезде облыстық комсомол комитетінің І хатшысы болған Абдулла Ахметов ағамыз.

Алғашқы ағаштары 1979 жылы отырғызылған дендропарктегі ағаштардың саны айналасы 5-6 жылда 500 мыңға жетіп, КСРО-дағы ең ірі дендрологиялық ғылыми-зерттеу орталықтардың біріне айналды.

Оның 1360-ы Қазақстанда өспейтін экзотикалық ағаштар еді. Ғалымдар тіпті Солтүстік Америкада ғана өсетін Қызғалдақ ағашын да осында жерсіндірді.

Сондай-ақ дендропарктегі арнайы аллеяда Асанбай Асқаровтан бастап, Н.Назарбаев, Д.Қонаев, Сүлеймен Демирел, Ли Куан Ю және Қазақстан мен әлемнің атақты қайраткерлері отырғызған ағаштар бар.

120,5 га аумақты алып жатқан дендропарк бұл күнде қаламыздың тұрғындары жиі келетін ең көрікті демалыс орнына айналды.

Бар табыстарын Одақтық бюджет сыпырып әкететін оңтүстіктегі зауыт-фабрикалар мен кәсіпорындардың басшыларына тізеден баса отырып, қаражат бөлгізіп, Шымкенттің шырайын ашқан «Дендропарк», «Зоопарк», «Балалар теміржолы» және т.б. көпшілік демалыс орындарын салдырған Асанбай Асқаровты нағыз халық қаһарманы десе болады (өзі көпқабатты, көппәтерлі үйде тұрды).

Артынан сол үшін істі болып, түрменің азабын әбден тартты.

1987 жылы сәуір айынан 1991 жылғы тамызға дейін абақтыда отырды. Тергеу кезінде оған «Желтоқсан көтерілісін  ұйымдастырды», «ұлтшыл» деген секілді айыптар тағылды. Асқаровқа тағылған айыптың мүлдем негізсіздігін  Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты төралқасы анықтап, сот шешімімен ол толық ақталды және азаматтық құқықтары қалпына келтірілді.

Асекеңнің көрегендігіне бір ғана мысал - бүгінгі күні Түркістан облысындағы спорттық туризмге арналған нысандардың флагманы болады деп отырған Сайрамсу бойында салынып жатқан «Қасқасу» шаңғы базасын салу керектігін ең алғаш Асанбай Асқаров көтерген.

Қазір құрылысы қызу жүріп жатқан шаңғы трассаларының ұзындығы жоба бойынша 34 км болады (салыстыру үшін айта кетсек, Шымбұлақ шаңғы базасы трассаларының жалпы ұзындығы 12 км.).

Яғни, «Қасқасу» шаңғы базасы Орталық Азиядағы теңдессіз спорт кешені болмақ.

Асанбай Асқаров 1978 жылдан 1985 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы (қазіргі тілмен айтқанда облыс әкімі) қызметін атқарып жүрген кезінде қазір салынып жатқан «Қасқасу» шаңғы базасының құрылысын бастаған болатын (кейін Асекең істі болған соң құрылыс тоқтап қалып еді). 2012 жылы бір мезгілде 5000 адам дем ала алатын «Қасқасу» тау-шаңғы базасының құрылысы басталды.

Тарих әркімге өзінің лайықты бағасын береді».

Қазір Шымкент қаласындағы бір мектепке және қаладағы ең әсем демалыс орындарының біріне айналаған дендросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілген.

Бұл да болса биыл біз 30-жылдығын тойлағалы отырған тәуелсіздігіміздің арқасы.

 

Өмір Шыныбекұлы,

өлкетанушы.

ШЫМКЕНТ.