Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында аграрлық саясатта сабақтастық жоқтығын, министр ауысса, саланың саясаты да өзгеретінін сынай келіп: «Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр.
Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет. Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуға тиіс. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек», деп қадай айтқан болатын.
Расында да, ауыл шаруашылығын қолдау құралы болып саналатын субсидияға республикалық бюджеттен жыл сайын бөлінетін жүздеген миллиард теңгеден шаруа қожалықтарының көпшілігіне соқыр тиын да бұйырмайтындығы, оны өңірлердегі шенеуніктер өз қалтасындағы ақшасындай көріп, егін егіп, мал бағумен айналысатын жақын-жұрағаттары мен «бармақ басты, көз қыстыға» әккіленіп алған ірі шаруашылықтардың басшыларына ғана мырзалықпен үлестіретіні жайлы сыни пікірлер талай беделді мінберден көптен бері айтылып жүргенімен, олардан тиісті қорытынды шығарылмай келеді.
Пайымдап қарасақ, субсидия дегеніміз – мемлекеттік бюджетке халықтың төлеген салығынан түскен қаржыдан бөлінетін демеуқаржы. Демек жыл сайын ауыл шаруашылығы саласы қомақты субсидия алып отырғандықтан, салық төлеушілердің азық-түлік бағасы тұрақты болуын талап етуге хақысы бар. Өкінішке қарай, қазір тіпті Үкімет қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енгізілген нан мен сүт өнімдерінің, жұмыртқаның бағасы да күрт қымбаттап, тұтынушылардың орынды ренішін туғызып тұр. Осыған орай, Президент жақында Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында азық-түлік бағасының қымбаттауына және ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесіне қатысты пікірін ортаға салып: «Ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаржы бөлсек те, азық-түліктің басым бөлігін сырттан аламыз. Өзге елдер субсидияның не екенін де білмейді. Білсе де, дәл осындай мол қаржы бөлінбейді. Бір жағынан адамдарды босаңсытып жібердік, екінші жағынан сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алдық. Бұл мәселемен түбегейлі айналысуымыз керек», деді.
Субсидия еліміздің ауыл шаруашылығы саласын алға бастырмай тұрған сыбайлас жемқорлықтың белең алуының басты себептерінің бірі десек, қателеспеспіз. Соның салдарынан жергілікті билік басындағы шенеуніктермен «тіл табыса білген» ауыл кәсіпкерлері ғана шаруаларын біршама дөңгелетіп жүр. Олардың араларында оңай баюдың жолы осы екен деп, еңбекке ақы төлеу қорының көлемін мемлекеттен алған субсидия сомасынан асырмай, жұмыскерлеріне мардымсыз жалақы төлейтіндер, машақаты көп мал шаруашылығымен шұғылдануды қиынсынып, жалдаған механизаторлары жылына екі-үш-ақ ай жұмыс істейтін егіншілікпен ғана айналысуды жөн көретіндер де аз емес. Сондай бүгінгі Шықбермес Шығайбайлар төлеп жүрген шайлыққа жетпейтін айлық үшін оларға малай болғылары келмейтін ауыл жастары лайықты табыс табу мақсатымен қалаға кетіп жатыр. Ал субсидиямен «семірген» директорлар: «Жастардың жұмыс істегілері келмейді. Қартайған механизаторлардың орнын ертең кім басады?» деп, байбалам салып, кінәні өздерінен емес, «балаларды жастайынан қоғамға пайдалы еңбекке тәрбиелемей отырған» ата-аналардан, мектептен, одан қалды биліктен іздегілері келетінін қайтерсің. Олар сол «жалқау» жастардың қаладағы базарларда зыр жүгіре жүк тасып, нәпақа тауып жүргендігін көрсе де көрмегенсиді, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерге заңсыз барып, күшке түсетін қара жұмыстарды атқарып, Абай бабамыз айтқандай, «есектің артын жуса да, мал тауып» жүргендігін естісе де естімегенсиді.
Осыдан он шақты жыл бұрын Үкімет облыс әкімдерінің, мүдделі ведомстволардың, агроөнеркәсіп кешенінің ірі құрылымдары басшыларының қатысуымен селекторлық кеңес өткізіп, онда ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту мәселелері талқыланған болатын. Сонда баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министріне бір өңірдің жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры: «Облыстық бюджеттен ауыл шаруашылығына субсидия бөлуге бола ма?», деген сұрақ қойды. «Неге болмасын, болады. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының бюджетінен ауыл шаруашылығын дамытуға едәуір субсидия бөлініп отыр» деп жауап берді министр. Сол сәтте Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәжіліс залында селекторлық кеңеске қатысып отырған біз, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері, өз құлағымызға сенбегендей, аң-таң болған едік. Өйткені өзіндік табысының мардымсыздығына байланысты ел қазынасынан жыл сайын көп субвенция алып отырған облыс бюджетінің қаржысы Қызылжар өңірінің әлеуметтік саласының толып жатқан мұқтаждығын шешуге жетпей жатқанда одан ауыл шаруашылығын дамытуға субсидия бөлу ақылға сыймайтындай көрінген. Кейін сұрастырып білсек, расында да, республикалық бюджеттен бөлінген миллиардтаған теңге субсидия аздай, облыстық бюджеттен де өңірдің өсімдік шаруашылығын дамытуға қыруар демеуқаржы бөлінеді екен. Ал оны жыл сайын сыйынғанынан сүйенгені зор басшы басқаратын бір шаруашылық қана «ебін тауып» алып жүргенін естігенімізде жағамызды ұстағанбыз...
Иә, ел қазынасынан ауыл шаруашылығына жылма-жыл мол субсидия бөлінетіндігіне қарамастан, азық-түлік бағасының қымбаттауына жол берілгендігімен келісу қиын. Әсіресе, коронавирус пандемиясы халықтың әл-ауқатына теріс әсерін тигізіп тұрған қазіргі кезде. Себебі Мемлекет басшысы осы аса қатерлі індеттің зардаптарын ескере отырып, 2020 жылғы 16 наурызда қабылдаған «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлыққа сәйкес Үкімет 2020 жылғы 21 наурызда «Қазақстан Республикасының халқы мен экономикасының үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік пен басқа да тауарларға шекті бағаларды белгілеу тәртібін бекіту туралы» қаулы алған болатын. Онда орталық және жергілікті атқарушы органдар шекті бағалардың жоғарыламауына бақылау жүргізетіндігі, ал сауда орындарына әкімшілік заңнамада көзделген жауапкершілік жүктелетіндігі атап көрсетілген. Сонда қалай болғаны? Үкімет қабылдаған шешім қағаз жүзінде қалғаны ма? Атқарушы билік органдары шекті бағалардың өсуіне неге қатаң бақылау орната алмай отыр? Бағаның қымбаттауына кінәлілер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ме, әлде, сауда орындары ма?
Бұл сауалға жауап іздегенде биылғы маусым айында картоп килосының бағасы 400 теңгеге дейін шарықтап, жұртшылық наразылығын туғызғаны еріксіз еске түседі. Осы жайлы журналистердің сұрағына бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі: «Бағаны көтеретіндер – делдалдар мен дүкендер. Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері картоптың килосын өз қоймаларынан 200 теңгеге сатады. Қалған 200 теңге – делдалдар мен супермаркеттердің үстемеақысы. Бұл мәселемен қазір Сауда және интеграция министрлігі айналысып жатыр», деп жауап берген болатын. Расында да, содан кейін картоп бағасы біршама төмендетіліпті. Алайда өзге азық-түлік өнімдерінің нарқы аспандап бара жатыр. Оларға неге тоқтам болмай тұр?
Шынтуайтында, егер субсидия азық-түлік өнімдерін өндіруді арттыруға және олардың бағасын мемлекеттік реттеуге тиісінше ықпалын тигізе алмайтын болса, онда, бәлкім, ауыл шаруашылығын субсидиялауды мүлдем доғару қажет шығар. Ал мемлекет реттей алмай отырған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын да нарықтың өзі реттеуіне қалдырып, субсидияға бөлінетін жүздеген миллиард теңгені халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын материалдық қолдауға жұмсаған жөн болар. Қалай десек те, құмға сіңген судай болып, еш қайтарым бермей, «арыстанның үлесіндей» бөлігі жергілікті жерлердегі жемқор шенеуніктердің көмейіне жұтылып жатқан субсидия мәселесін майшаммен қарайтын кез жетті.