Соңғы жылдары еліміздің жетекші экология мамандары, География және су қауіпсіздігі институты өзекті экологиялық мәселе – шөлейттенуге байланысты дабыл қаға бастағаны белгілі.
Мен экологиялық мәселелермен көп жылдар бойы айналысып жүрген ғалым ретінде осыған қатысты өз ұстанымымды жеткізгім келеді.
Әлбетте, шөлейттену – қазіргі уақытта әлемнің барлық елдерінің жер өнімділігіне және азық-түлік қауіпсіздігіне бірінші дәрежеде әсерін тигізетін адамзаттың ең маңызды жаһандық проблемаларының бірі. Шөлейттену салдарынан болатын ауыл шаруашылығы өндірушілері табысының жыл сайынғы шығыны миллиардтаған долларға бағаланады. Айта кеткен жөн, алғаш рет шөлейттену мәселесіне жұртшылық назары 1968-1973 жылдары ауған еді. Ол кездері Сахара шөлінің оңтүстік аймақтары апатты құрғақшылыққа ұрынып, салдарынан халықтың едәуір бөлігі қырылып, ауыл шаруашылығы толықтай құлдырады.
Қазақстанға келсек, бірқатар облыста атмосфералық құрғақшылықтың туындауынан табиғи жемшөп алқаптарының жойылуы, үй жануарының өлімі және жабайы жануарлардың қырылуы бәрімізге ауыр тиеді. Аталған мәселемен осыған дейін кешенді айналысқан емеспіз.
Қазақстандағы шөлейттену мәселесін шешудің маңызын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтты. Онда әлемде су ресурстарының жеткіліксіздігіне байланысты елімізде су үнем- ділігін жаңа технологиялар мен цифрландырудың көмегімен арттыру қажет екені аталып өтілді. Су тапшылығы шөлейттенуге жол ашады. Бұл – аксиома.
Әлемнің саяси картасында Қазақстан аумағы Орталық Азия құрлығының тереңінде орналасқандығы, 2 млн 725 мың шаршы шақырымды алып жатқаны, айқын аридті климатпен сипатталатыны, әлсіз ылғалдылығымен және республиканың едәуір бөлігінде шөл және шөлейт аймақтардың таралуымен ерекшеленетіні мәлім.
Республиканың солтүстік бөлігінде ғана орманды дала зонасы жіңішке жолақпен созылады. Осының барлығы ел өңірлерінде ауыл шаруашылығы жерлерінің әр түрлі құрылымда болуына себепші.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, шөлейттену мәселесінің, оның қай өңірлерде қалай, не себептен, оның болжамы қандай, ненің ықпалымен туындап жатыр – осы сұрақтарға айқын жауабымыз болуы тиіс және соған сай ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Мұндай ғылыми-зерттеу жұмыстарын тәжірибесі мол, маманданған, материалдық-техникалық базасы мықты ғылыми мекемеге табыстау қажет. Біздіңше, шөлейттену мәселесі бойынша көптеген зерттеулер жүргізген, нәтижелерін тәжірибеге енгізген бірден бір ғылыми-зерттеу институты – бұрын Академия құрамында болған География институты, қазіргі Ғылым комитетіне қарасты География және су қауіпсіздігі институты.
Осыған орай қазір бізге бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру саласындағы ауқымды жобалар қажет. Сол жоба мен бағдарламалар арқылы ұсынылатын нәтижелердің көмегімен Қазақстандағы шөлейттенуді тоқтатуға және болдырмауға тиісті іс-шаралар жасалады.
Бүгінде, өкінішке қарай, Қазақстанның барлық өңірінде шөлейттену үрдістері өршіп отыр. Тіпті оның жеделдеу үрдісі байқалады. Мемлекет аумағының 66%-ы шөлейттенуге ұшыраған. Шөлейттенудің даму қарқыны мен ауқымы ең алдымен климаттық өзгерістерге және адамның шаруашылық қызметіне байланысты.
Елдегі климаттық өзгерістердің үрдісі көңілді жұбатпайды. Егер әлем бойынша соңғы 50 жылда ауа температурасының орташа өзгеруі шамамен +1,70 С құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш – +2,40 С. Әрбір 10 жылда шектен асу шамамен 0,480 С құрайтыны анықталды, мұның өзі аумақ ылғалдылығының төмендеуіне алып келеді.
Ғылыми есеп 1965 жылдан 2015 жылдар аралығында Қазақстанда орташа су көлемі 122,6 текше км-ден 93,4 текше км-ге дейін қысқарғанын дәлелдейді. Қазақстанның 8 су шаруашылығы бассейнінің 7-і – трансшекаралық бассейн, яғни біз көрші мемлекеттердің су шаруашылығы саясатына тікелей тәуелдіміз. Қазіргі көп өңірлердегі су тапшылығы халықтың тұрмыс-тіршілігінің қысқаруына алып келеді.
Еліміздегі шөлейттенудің өршуі ауыл шаруашылығы саласында іске асырылған мемлекеттік бағдарламаларға да ықпал етті. Республиканың солтүстігінде тың және тыңайған жерлерді игеру, сондай-ақ шөлді аймақта суармалы егіншілікті дамыту үшін Сырдария өзенінің ағынын бөгеу жөніндегі бағдарламалар естеріңізде болар.
Республиканың орманды дала, дала және құрғақ далалық табиғи зоналарында егістік алқаптарын кеңейту жолымен бұрынғы Кеңес одағында астық өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеру бағдарламасын (1954-1960 жылдар) іске асыру жердің түрлі дәрежеде деградациялануына, топырақ өнімділігі деңгейінің төмендеуіне (гумустың күрделі жойылуына) алып келгеніне куәміз. Сондай-ақ 1970-1980 жылдары республикадағы мал шаруашылығын дамыту бойынша іске асырылған бағдарламалар Қазақстанның шөл және шөлейт өңірлеріндегі күрделі үрдістерді асқындырып жіберді.
Республиканың мал шаруашылығын дамытудың жемшөп негізі ретінде жайылымдар республиканың барлық жер қоры бөлігінің 67,6%-ын алып жатыр, бұл 184,3 млн га құрайды және әлемдегі 5 орынға сәйкес келеді. 73 млн гектардан астам жайылымдар орта және күшті дәрежеде деградацияланған, бұл мал шаруашылығының өнімділігіне теріс әсер еткен. Жалпы, жайылымдарды шамадан тыс пайдалану экологиялық құрдымға айналды. Елді мекендердің айналасында орналасқан жайылымдарда мал басының өсуі нәтижесінде мал өрісі тарылып, ауыл маңындағы жайылымдардың ықтимал мүмкіндігін азайтты. Мұндай жағдай құнды жайылымдық өсімдіктердің жойылуына, арамшөп топтарының қалыптасуына, топырақтың беткі қабатының бұзылуына алып келді, шөлейттенудің дамуына жайылымдық мал шаруашылығының әсері күшейе түсті.
Сондай-ақ Қазақстандағы шөлейттену КСРО ыдырап, ұжымшарлар тарағаннан кейін табиғи ландшафттар мен дәстүрлі тыңайған жерлер ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік жерлерге айналған кезде апатты халге жеткені көп айтылды.
Иә, елімізде табиғи және антропогендік факторлардан туындаған шөлейттенудің мынадай үдерістері кең ауқымда дамып, дегумификация, су эрозиясы, дефляция және қайталама тұздануға жол ашты.
Егістік жерлеріміздің 60%-ында топырақты құрғату үдерісі байқалады. Тәлімді егістік алқаптарымыздың жалпы көлемінен күшті дәрежедегі дегумификация есебінен 1,5 млн га шөлейттенді. Гумустың ең көп жойылуы шөлейтті аймақта шамамен – 28%.
Топырақ дефляциясының дамуында жеңіл механикалық құрам, белсенді желдің әрекеті секілді табиғи факторлардан бөлек, айтарлықтай маңызды антропогендік фактор орын алып отыр. Бұл – аумақты ауыл шаруашылық дақылдарын егу үшін жырту. Қазіргі уақытта бұл үдеріспен егістікке пайдаланылатын 11,2 млн га жер қамтылған.
Малдың реттелмеген өрісі, яғни шамадан тыс жүктеме, бұталы өсімдіктерді кесу, жолдардан тыс жерлерде автокөліктердің тәртіпсіз қозғалысы топырақтағы дефляциялық үдерісінің күшеюіне ықпал етеді. Дефляцияның ең күшті әсері құрғақ жылдары, топырақ ылғалының жетіспеушілігі айрықша болған кезде көрінеді. Қазақстанда дефляция үрдісі әсіресе Қызылқұм, Мойынқұм, Үлкен және Кіші Борсық құмдарының ауқымды алқаптарында, шөл, шөлейт және дала зоналарында жеңіл механикалық құрамдағы топырақтарда белсенді көрінеді.
Республикада жел эрозиясына ұшыраған (дефляцияланған) жерлер 24 млн гектардан асады.
Су эрозиясы – топырақтың су ағындарымен жойылуы және шайылуы Қазақстанның ауыл шаруашылығына үлкен экологиялық залал келтіреді. Ағынды су шұңқырлар мен жартастарды құрайды, жерден органикалық және минералды заттарды жуып шығады, бұл топырақ құнарлылығының жойылуына алып келеді. Шайылған топырақтың ең көп аймағы Қазақстанның Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Ақмола облыстарында орналасқан.
Сонымен қатар республиканың 35,8 млн гектарын сортаңды топырақ алып жатыр. Одан бөлек, тұздану салдарынан 1 млн гектардан астам суармалы жердің жойылуы, жыл сайын республикада ауыл шаруашылық өнімдерінің жетіспеушілігіне алып келеді.
Сортаңды топырақтардағы шөлейттенудің ерекшелігі олардың зоналық және құрылымдық әртүрлілігімен байланысты. Сортаңданған топырақтың үлесі барлық суармалы егістік алқаптың шамамен 31,3%-ын құрайды. Суармалы егіншілікте қалыптасқан жағдай өсімдік шаруашылығы өнімінің жалпы жинағын 1,6-1,8 есеге төмендетті.
Тұтастай алғанда, 1990 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде республиканың барлық облыстарында суармалы егіншілікте пайдаланылатын жер алқаптары 2,5 млн гектардан 1,7 млн гектарға дейін қысқарды, олардың қазіргі уақытта шамамен 1,2 млн гектары пайдаланылады.
Елімізде ауыл шаруашылығын дамытудың қазіргі кезеңінде шешуді талап ететін аса маңызды мәселе – табиғи ортаға ауыл шаруашылығы жүктемесі нормаларының асып кетуінен туындайтын шөлейттену үрдістерінің дамуын бейтараптандыру. Қалыптасқан жағдайда шөлейттенуге қарсы күрес кезінде аумақты ландшафттық ұйымдастыру жүйесіне және оны зоналық-аймақтық деңгейде дамытудың негізгі заңдылықтарына аса мән берілуге тиіс. Еліміздің түрлі табиғи-климаттық аймақтарындағы шөлейттенуді тоқтату амалдарына қатысты зерттеулерге басымдық беруіміз қажет.
Қорыта келгенде айтарымыз, жерімізді шөлейттенуден мүмкіндігінше сақтау – мемлекеттің және қоғамның міндеті. Шөлейттенумен ғылыми күресті кәсіби маманданған орталыққа, білікті қызметкерлері және лайықты материалдық-техникалық базасы бар ғылыми ұжымға тапсыру маңызды. Ең бастысы, «судың да сұрауы бар» дегендей, мұндай мекеменің мемлекеттік және кәсіби жауапкершілігі бірінші орында тұрады.
Әлия БЕЙСЕНОВА,
ҰҒА академигі