Шымкент қаласында «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасының аясында әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған қала тұрғындары өз пәтеріне қол жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған «Шаңырақ» бағдарламасы (5-10-20) азаматтардың тиімді несиемен баспаналы болуына септігін тигізіп отыр. Жобаға тек баспанаға мұқтаж адам ретінде жергілікті әкімдік кезегіне тұрған тұрғындар ғана қатыса алады. Бұл ретте Шымкент қаласындағы «Тұран» шағын ауданындағы екі көп қабатты үйден 200-ден астам пәтер өз иелерін тапты. Осы маңда аталған бағдарлама аясында бой көтерген тағы 27 көпқабатты үй дайын тұр. Оған көп ұзамай тағы 1 728 отбасы қоныстанбақ.
Осылайша бірнеше жыл бойы жергілікті атқарушы органда тұрғын үй кезегіне тіркелген шымкенттіктер қоныс тойын тойлап жатыр. Солардың бірі 47 жастағы дәрігер Алтынай Карақұлова 2014 жылы кезекке тұрып, содан бері өз жалақысынан ай сайын жарна төлеп, көптен күткен межелі күнді жақындатты. Төрт жасар ұлы Айбол мен екі жасар қызы Айлиды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана үшін алдымен балаларының дені сау болғаны және жалдамалы үйде күнелтпей өскені үлкен арман болатын.
– Өмір бойы жалдамалы пәтерде тұрып келдім. Ал қазір, Құдайға тәубе, өз үйім бар. Менің бұл күйімді ондаған жыл бойы «шағын болса да, өз үйім болса» деп армандаған адам ғана түсіне алады. Маған бірден алпыс шаршы метрлік пәтер бұйырды. Енді балаларымның өз бөлмесі, менің өз бөлмем болады. Ал асүйдің өзі қандай кең! Бәрі ұнайды. Тезірек көшіп алғанша тағатсызданып барамын, – дейді пәтерінің кілтін енді ғана қолына алып, қуанышы қойнына сыймай тұрған Алтынай.
Шымкенттегі №36 орта мектебінің педагог-логопеді Назира Баймұхамедова да қоныс тойын тойлаушылар қатарында. Кілтін алуға әпкесімен бірге келіпті. Біраз жыл бұрын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозит ашып, ақша жинауға кеңес берген, ынталандырған осы әпкесі екен.
– Мен Назираны депозит ашуға мәжбүрледім десем де болады. Тіпті ай сайын ақша салуын бақылап отырдым. Әрине, оған жалдамалы пәтердің ақысынан бөлек арттырып, ақша жинау оңай болған жоқ. Қазірдің өзінде «Шаңырақ» бағдарламасына қатысу үшін ай сайынғы табыс деңгейі жетіспеді, мен бірлесіп қарыз алушы болдым. Мен бауырымның өз пәтері болғанын қалаймын, – дейді Ләззат Саттаева.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, егер өтініш берушінің ай сайынғы табысы қарызды ресімдеу үшін жеткіліксіз болса, оның туыстары кепілгер бола алады.
Салтанатты рәсімге қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков қатысып, қоныс иелерін құттықтады.
– Қазіргі кезде Шымкентте тұрғын үй алу кезегінде 46 мыңнан аса адам тұр. Азаматтарды тұрғын үймен барынша қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Бүгін біз қоныстанушылардың шексіз қуанышына куә болдық. Баршаңызды өміріңіздегі осы бақытты сәттермен құттықтаймын, отбасыларыңызға бақыт пен амандық тілеймін, – деді Ерғали Білісбеков.
Биыл қала әкімдігі тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды қолдау үшін тұрғын үй сертификаттарына 500 млн теңге бөлді. Әрбір азаматқа қайтарымсыз негізде ипотекалық кредит бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеуге 1 млн теңгеден беріледі. «Шаңырақ» бағдарламасының алғашқы 224 қатысушысы арасында 184 қоныс иесі осындай сертификатқа ие болды.
Осы жылы Шымкентте «Отбасы банк» «Шаңырақ» бағыты бойынша сатылатын 1 728 пәтердің 1 328-інің иесін конкурс арқылы кезекте тұрғандар арасынан анықтады. «Отбасы банк» Шымкент филиалының директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 400 пәтер бойынша конкурс өтеді. Барлық ақпаратты BASPANA.KZ сайтынан және банктің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан толық алуға болады.
«Шаңырақ» бағдарламасы ең алдымен тұрғын үй бағасының төмендігімен тартымды. Әр шаршы метр 200 мың теңге тұрады. Нарықтық бағамен салыстырғанда 30-50 пайызға аз.
Несиелеу шарттары да өте тиімді. Бағдарламаға отбасының әрбір мүшесіне шаққанда соңғы алты айдағы табысы жылына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 еселенген мөлшерінен аспайтын, кезекте тұрған азаматтар қатыса алады. 2021 жылы бұл сома 129 392,7 теңгені құрайды. Несие жылдық 5 пайызбен 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл ретте бастапқы жарна 10 пайызға тең.
– 10 пайызбен шектелуге болады, содан кейін қалауынша ай сайынғы төлемдер деңгейін төмендету үшін бастапқы жарнаны ұлғайтуға да болады. «Шаңырақ» бағдарламасы қатысушының төлем қабілеттілігін растау кезіндегі қолайлы шарттарымен тартымды. Бұл азаматтардың едәуір басым бөлігінің бағдарламаға қатысуына мүмкіндік береді.
Бағдарламаға қатысушылар үшін тағы бір бонус бар екен. Жарнаны несие бойынша Шымкенттегі ұқсас пәтерді жалға алудың ай сайынғы төлемі деңгейінде, тіпті одан да төмен көлемде төлеуге болады. Бұл отбасылық бюджетке ауыр тие қоймайды.
– Егер классикалық ипотекамен салыстыратын болсақ, бұл бағдарламаға қатысушыларды несие төлеуге жақсы ынталандырады. Кейін өзіңе қалмаса да жалға берілетін тұрғын үй төлеміне қаржы құйғаннан гөрі өз баспанаңның шаршы метрлерін бірте-бірте сатып алудың үлкен айырмашылығы бар. Нәтижесінде, біраз уақыттан кейін адамның өз үйі болады. Кез келген отбасы үшін, әсіресе тұрғын үйді алғаш сатып алғандар үшін бұл – жақсы база. Әрине, бағдарлама қатысушыларына белгілі бір талаптар қойылады. Мысалы, кезекте тұрғандардың соңғы бес жыл ішінде жеке меншік құқығында баспанасы болмауы тиіс, – дейді Дәурен Саудабаев.