• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Тарих 26 Қазан, 2021

Тылсым күшпен тіл табысқан

1215 рет
көрсетілді

Қазақта «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі, ажалсыз тірі жүреді» деген сөз бар... Кеңес заманында отбасыммен Одесса қаласына барған едім. Осы кезде мектептің саябағында демалып отырған Кеңес Одағының екі дүркін батыры атанған Владимир Алексеенконы танып, әңгімеге тарттым.

Ол екі қызымның атын сұрап, маған өткір көзін тастады. Бірін Алма, екіншісін Әлия дегенімде, «Әлия Молдағұлованың соғыс­тағы ерлігін естіген едім, Қазақстаннан екен­сің­дер ғой», деді Алексеенко. Сәл езу тартты да: «Қарулас досым Талғат Бигелдинов те қазақ­стандық еді, оның соғыстағы ерлігіне, же­тіс­тігіне тәнті болдым. Бірде жаңа ұшақ келді, нөмірі 13 екен. Бұл саннан орыстар күдіктеніп жү­реді ғой. Талғат 13 саны қазаққа құтты деп, со­ған оты­рып алды. Сол 13-нөмірлі ұшағымен алғаш рет фа­шистердің Берлиндегі соғыс нысандарын кар­таға түсіру тапсырмасын нәтижелі орындады. Бер­линдегі соғыс құралдары Талғаттың ұшағын көріп, оқ тигізе алмағанына қайран қалдық.

Талғат үш жүз рет әуе шабуылына қаты­сып, фашистердің ондаған соғыс нысанын талқандады. Фашистер Талғатты құртуға қаржы бөліп, талай ұшқышты ұшағының соңына салды. Солардың қай-қайсысы да Талғаттың ұшағына оқ дарыта алмай отқа оранып жатты. Қандай қиын тапсырмаларда Талғат «оны мен орындаймын» деп, ұша жөнелетін. Бірде генерал Кутаковты фашис­тер қоршап алғаны хабарланды. Жауды тез құртыңдар деген тапсырманы Талғат бірден қабылдап, белгілі жерге ұшып барып генералды ұшағына мінгізіп аман оралды. Сонда қоршап тұрған жаулардың бірде-бірі ұшаққа оқ атып қарсылық көрсетпегеніне қайран қаласың. Бұл не? Сиқыршы ма? Жоқ. Мұны Талғат Бигелдиновтің тылсым күшпен тіл табысқаны деген дұрыс шығар», деді.

Талғат ағамызбен бір кездесуімде менің қойған сұрағыма орай жұмсақ үнмен: «Қандай ажал төніп тұрса да Алла жолымды оңғарды. Алла тағала қолдаса ғана жауды жеңемін деген ой санамда ұдайы тұратын. Жаратқанға сиынып жүріп талай ажалмен беттескенде аман құтылдық. Фашистердің күрделі нысандарын бомбы тастап жойып жіберу оңай емес. Өйткені олар әуе шабуылынан қорғанатын қаруларын дайындап тұрады ғой. Осындай қиын сәттерде Жаратқан ие өзінің құдіретімен қолдағанын әрдайым сезіп жүрдім», деді.

Алла миллиондаған адамның біріне тылсым күштен қуат алатын қасиет береді деп ойлаймын. Тарихымызда қазақ батырлары­ның отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, қылыш басын шаппай­­тын, найза кеудесіне кірмейтін қасиетке ие ерекше адамдар ретінде сипатталуында Алланың құдіретімен байланыстыр­мау мүмкін бе?..

 

Табыл ҚҰЛИЯС,

жазушы