• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Қазан, 2021

Франция тізгіні үшін тайталас

366 рет
көрсетілді

ПАРИЖ. Таяуда жүргізілген сауалдама бүкіл Францияны дүр сілкінтіп өтті. Әсіре оңшыл эссеист, тележүргізуші Эрик Земмур алда келе жатқан президенттік сайлауға қатысса, 17 пайыз дауыс жинауы мүмкін екен. Осылайша, ол екінші орынға шықпақ. Оған қоса, әсіреоңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясы атынан сынға түсетін Марин Ле Пенді басып озбақ.

ПАРИЖ. Таяуда жүргізілген сауалдама бүкіл Францияны дүр сілкінтіп өтті. Әсіре оңшыл эссеист, тележүргізуші Эрик Земмур алда келе жатқан президенттік сайлауға қатысса, 17 пайыз дауыс жинауы мүмкін екен. Осылайша, ол екінші орынға шықпақ. Оған қоса, әсіреоңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясы атынан сынға түсетін Марин Ле Пенді басып озбақ.

Земмурдың танымалдылығы 2000-жылдардан бастап артты. Ол теледидардан жиі көрініп, конс­ервативті Le Figaro газетіне тұ­рақты түрде мақала жазып тұр­ды. Сөйтіп ол саяси ойындағы ма­ңыз­ды ойыншыға айналды. Оның көз­қарасы қазіргі саяси жү­йені шай­қалтуға бағытталған. Бірақ ал­дағы президенттік сай­лауға қа­тыс­ты нақты бір ұстанымы жоқ.

Земмурдың саяси тірегі – Cnews арнасы. Ықпалы мол бұл арнаны Vivendi group ком­па­ния­сының басты қожайыны, мил­лиар­дер Винсент Боллор қаржы­лан­ды­рады. Әдетте ең қызықты бағ­дарламасын көретіндердің саны әрі кетсе 800 мыңнан әрең аса­тынына қарамастан, Cnews-дің аудиториясы кейінгі төрт жылда екі есе өсті. Осылайша, Cnews Францияда тәулік бойы жұ­мыс істейтін арналардың ішін­де екінші орынға нық бекіді.

Компанияның бизнес үлгісі өзекті жаңалықтарды түсіндіру және күрделі мәселелерді жеңіл жеткізетін пікірталастарға негіз­делген. Бірақ көбіне экстремалды ұстанымдарды көрсетеді. CNews бен Zemmour-дың жетістігінің кілті – олар Дональд Трамптан үлгі алады. Яғни экстремалды пікір ұстанады әрі арандатуға жиі барады. Мысалы, Земмур таяуда қоғамды дүр сілкінтті. Ол аты-жөні Мұхаммед секілді «шет­ел­дік­терге» елге кіруге тыйым салу­ға шақырды.

Француз әсіре оңшылдары кейінгі 30 жыл ішінде исламға, иммиграцияға, білім берудегі сәтсіздіктерге сын айтып, сондай-ақ француз өркениеті құлдырап барады деп дау-жанжал көтеріп жүр. Земмурдың экстремистік пікі­рі мұндай көзқарасты күшей­те түсті. «Экстремист» деген бергі жағы. Земмур кейінгі бір­неше жыл ішінде өшпенділік пен нә­сіл­дік зорлық-зомбылыққа ша­қыр­ғаны үшін екі рет жауапқа тартылды.

Земмур өзінің La France n’a pas dit son dernier mot (Франция өзінің соңғы сөзін айтқан жоқ) атты жаңа кітабында осындай зорлық-зомбылыққа шақыратын тақырыптардың бәрін қамтыған. Ол бүкіл дінді жеккөрінішті етіп көрсетіп, сөйтіп иммиграцияға қарсылық туғызудан үміттенеді.

Оның пайымдауынша, мұсыл­ман иммигранттар Еуропаның жергілікті тұрғындарын «бат­пақ­қа батырып», жерін басып алады. Осылайша, жаңа «колониза­торлардың» қала көшелерін исламдандыруы француз ұлтының келешегіне қауіп төндіреді.

«Францияның бірде-бір ша­ғын қаласы, бірде-бір ауылы ұрлық, зорлау, тонау, азаптау және өлтірумен айналысатын шешен, косовалық, магриб немесе африкалық бандалардың жабайы топтарынан қорғалмаған», деп жазады ол.

Земмурдың тарихты ашық түр­де бұрмалағанына таңғалудың қа­жеті жоқ. Екінші дүниежүзілік со­ғыс кезінде нацистік Виши ре­жімі «француз еврейлерін қорға­ды» дейді ол. Ол агрессивті түр­де жүр­гізетін осындай қыңыр сая­сатын бәріне міндетті деп есептейді.

Земмур келер жылғы көктем­де өтетін президенттік сайлауда осы тақырыптардың қызу тал­қы­­­ланғанын қалайды. Фран­ция­­ның телеарна қызметін рет­тей­тін le Conseil Supérieur de l’Audiovisuel (CSA) ұйымы оны бас­қа кандидат­тардан артық көр­сет­­пеуді тапсырды. Сөйтіп оның теле­дидардағы эфир уақы­тын қада­ғалап, өзге үміткерлер­ден ар­тық мүм­кіндікке ие болмауын бақыламақ.

Земмур феномені түрлі көз­қарасты ұстанатын француз сая­си партияларының бәрін алаң­да­тады. Бірақ олардың алаң­дау се­беп­тері де әртүрлі. Әсі­ресе оның әрекеті Ле Пенге қат­ты әсер етеді. Өйткені ол әсі­ре оң­шыл­дардың басты өкілі болу­дан үміт­тенеді. Дәстүр бойын­ша Фран­циядағы наразы топ дауы­сын не популистерге, не қол­дау­­шы­сы аз үміткерге береді. Мә­се­лен, 2017 жылғы сайлауға дейін бұл топтағылар негізінен Ле Пеннің партиясын қолдады.

Ле Пен 2017 жылы өзін пре­зи­­денттікке заңды кандидат ретінде көрсету үшін партия­ның көшбасшысы ретінде ұста­ны­мын әкесінен (партияның негі­зін қалаушы және бұрынғы көшбас­шы) және оның реакциялық, нә­сілшіл және антисемиттік көз­қарасынан өзгеше екенін көр­сетуге тырысты.

Бір жылдан кейін ол тіпті пар­тия­ның атын өзгертті. Бірақ мұн­дай өзгеріс оған тиімді бола қойған жоқ. Соның салдарынан Ле Пенді қолдайтындардың біраз бөлігі Земмурды жақтап шыға келді. 28 қыркүйекте жарияланған сауалдама Ле Пенді қолдайтындар саны 2017 жылғы президенттік сайлаудың бірінші турында қол жеткізген 28 пайыздан 16 пайызға төмендегенін көрсетті.

Земмур сонымен қатар дәс­түр­лі оңшыл орталық Les Républicains партиясын да алаң­датады. Көптеген француз кон­сер­ваторы бұрын антисе­мит­тік көзқарас ұстанған «Ұлттық бірлестікке» дауыс беруге ниетті емес. Бірақ олар сефард еврейі Зем­мур­дың иммиграцияға қатыс­ты қазіргі оңшыл көзқарасын пайдаланып кете алады.

Ең сорақысы, Земмур атақты Шарль де Голльдің үш сүйікті та­қы­рыбын – ұлттық тәуелсіздік, әлеу­­меттік саясат және хрис­тиан­дық Франция идеясын икемдеп, өзін Голлизм идеясының бас­ты қолдаушысы ретінде көрсе­теді. Әсіре оңшылдар мен оңшыл­дар арасындағы нәзік тақы­рыпты қозғай отырып, республи­ка­шы­лардың Ле Пенге ешқашан бермеген дауысын тартып алмақ.

Бірақ Земмур кандидатурасы оңшылдарға зиян тигізуімен қатар, оған қызмет етуі мүмкін. Егер Земмур Ле Пенді жеңсе, сауал­дамадағы қазіргі фаво­риті Ксавье Бертран секілді тағы бір оңшыл үміткер сайлаудың екінші турына өтіп, қазіргі президент Эммануэль Макронның басты қарсыласы атануы мүмкін. Мак­рон халықтың қолдауын иеленіп кетуі мүмкін Бертраннан қауіптенуі керек. Өйткені солшыл және центристік сайлаушылар Макронның екінші мерзімге сайлануына кез келген жағдайда кедергі жасағысы келеді.

Сондай-ақ тым оңшыл тақы­рып­тардың қызу талқылануы Мак­ронға зиян тигізуі мүмкін. Ол эко­но­микалық және әлеуметтік жетіс­тіктерін, білім беру саласын­да атқарған шараларын және оның еуропалық көзқарасына ек­пін бергісі келеді. Бірақ «ислам» мен «иммиграцияны» басты проб­лема етіп көрсететін попу­лис­тік қарсыласына қарсы үгіт жүр­гізгенде бұл оңайға соқпайды.

Земмур сайлауға қатыса ма, әлде жоқ па, белгісіз. Кей сарапшылар оның кем дегенде 500 әкімнен қажетті мақұлдауды жинай алатынына күмәндана­ды. Бірақ оның кандидатурасын қолдайтын француз сайлаушыларын елемей тұра алмай­мыз. Қоғамның едәуір бөлігі саяси элитаның қазіргі саясатынан көңі­лі қалғаны анық.

Земмур қандай шешім қабыл­даса да, ол CNews және басқа да оңшыл БАҚ-пен бірге саяси пікір­таластарды өзгертіп, бү­кіл үмітк­ерді иммиграция мен қыл­мысқа назар аударуға мәж­­бүр етті. Макрон да Марокко, Ал­жир және Тунис азаматтарына виза беруді қатаңдатуға шешім қабылдады. Осылайша, үміт­кер болмаса да Земмур қазірдің өзінде келесі жылғы сайлаудағы басты қарсылас атанып отыр.

 Бенедикт БЕРНЕР,

саясаттанушы,

Гарвард университетінде және Sciences Po университетінде медиа және демократия бойынша дәріс оқиды

 Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org