• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Қазан, 2021

Асыл ағаның шарапаты

571 рет
көрсетілді

Айтыс өнерінің дүлдүлі, Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновтің ұлы, 1980-2002 жылдар аралығында қазақ айтыс өнерінің қайта жаңғыруына сүбелі үлес қосқан, 300-ден аса өлең мен 60-тан астам әннің авторы, «Мәдениет қайраткері», Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» Әбдікерім Манаповты біздің өңірде білмейтін жан кемде-кем.

«Аға! Сені сағындым расыменен, Бұл өлең – сағынышты басу өлең. Қа­ламымды қайғыға малып қойып, Өлең жаздым көзімнің жасыменен», деп ақын Қалқаман Сарин жазғандай, Әбдікерім ағамызды сағынғанымнан қолыма қалам алдым.

Түркістан қаласының мәдениет бөлімін 20 жыл басқарған Әбдікерім аға өмірінің соңғы 12 жылында Түркіс­тан қаласында «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық-му­зейінде жауап­ты қыз­меттер ат­қарды. Міне, содан бері Әбекең екеуміз аға-іні болып араластық.

2009 жылдың тамыз айы еді. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тари­хи-мәдени қорық-музейіне дирек­тордың мәдени-көпшілік жұмыстар жө­ніндегі орынбасары болып Әбді­керім ағамыз тағайындалды. Әбе­кеңді бұрын айтыс сахнасында өнер көр­сеткенін, атақты айтыс­кер Манап Көке­новтің ұлы екенін, Түр­кістан қаласының мәдениет бөлі­мін ұзақ жыл басқарғанын сырттай білетінбіз. Ертеңіне кабинетке нұр­лы жүзді, сөзуар Әбдікерім аға келді де: «Ассалаумағалейкүм, бұл көрме және экспозиция бөлімі ме, ал танысалық, мен Әбдікерім Ма­напов деген ағаларың боламын. Осы бөліммен жұмысым тығыз байланысты екен», деп әрқайсымызбен жеке-жеке танысып, біраз әңгіме-дүкен құрғаннан кейін, сөз соңында: «Ал, жа­қындарым, бүгіннен бас­тап бәріңнің аттарыңның соңына «қо­жа» сөзін қосамын. Өйткені сендер әулие Қожа Ахмет Ясауидің шы­рақ­шысыңдар», деп әзіл сөзімен аяқ­тады. Кабинетте отырған бар­лық әріптесіміз күлкіге қарық болды.

Келесі күні музей кітапханасына жұмыста­рыммен шығып кетсем, Әбдікерім аға іздепті. Артынша барсам, жазу жазып отыр екен. «Кел, Берікқожа, сені іздеген себебім, жұмыс жоспарын жасап жатырмын. Көмегің қажет. Қасыма отыр да, мына жоспармен таныс», деп бума қағаздарын ұсынды. Танысып, оқып шықтым. Өте сауатты жазылған жоспар екен, күнін, айын көрсетіп жасалынатын жұмыстарды тізбектеп жазыпты. Сөз арасында Әбекең аудан орталықтарында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі күндерін өткізейік. Онда лекция, көрме жұмыстарын насихаттайтын боламыз. Осы жобаны қолға алайық дегенді айтты. Ол жоба, шыны керек, маған да ұна­ды. Басшылықтың тал­қы­­лауына ұсындық. Жоба бірауыздан мақұл­данды.

Көп ұзамай Әбдікерім Манапов аға мені бауырына тарта бастады. Бірде «Берікқожа, сен білесің бе, мен сенің жақын ағаң боламын», деді. Мен жымидым. Әбекең іркілместен, «Менің әкем Манап Көкенов Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында автоклуб меңгерушісі болып, «Қызыл отау» деген жерде жұмыс атқарған. Сыр мен Қаратаудың арасын жайлаған Шыңғыс төренің нағашы жұртынан тарайтын Орта жүздің Ақболат, Қырғызәлі, Алтый, Қараша, Қайрақ деген атадан тараған ұрпақтары тұрады. Әкем Манап ақын олармен жілік ұстасып, өте тығыз қарым-қа­ты­наста болып, осы аға­йындардың өкіл баласы атанған. Сон­да менің әкем сенің көкең болса, мен саған қалай аға бола алмаймын?!» деп әңгімені арыдан айтып, мен әп-сәтте Әбекеңе іні атанып шыға келдім.

2009 жылы мемлекет және қоғам қайрат­кері Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен шығарма­шылығына арнап Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Хұжыра бөлмесінен тақырыптық көрме қою жұ­мыстары қолға алынған болатын. Алайда музей қорында Өзбек­әлі Жәнібековке қатысты жә­ді­гер аз еді. Әбекең көрменің бүкіл құ­жаттарымен танысып, қалған жәдігерлерді аб­зал ағаның зайыбы Халихан Айдосқызымен сөй­лесіп, уақытша көрмеге алдыруды ойлайды. Көп ұзамай ойға алған шаруамыз оңынан болып, Алматы қаласынан Өзбекәлі Жәнібековтің пайдаланған заттары мен жазған мақалалары және кітап­тары қолы­мызға тиді. Кейіннен көр­меге біржолата берілді. Сол жыл­дары Әбдікерім аға бастаған музей қызметкерлері Қызылорда облы­сының Жаңа­қорған, Шиелі аудандарында «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің күн­дерін сәтті өткізді. Араға аз уақыт салып бұл жоба Оңтүс­тік Қазақстан (қа­зіргі Түркістан) облысының Кен­тау, Отырар, Созақ аудандарында жал­ғасын тапты.

Ақын жанын көп толғандыратын дүние Қожа Ахмет Ясауидің отбасына қатысты зерттеулердің лайықты дең­гейде жүргізілмегендігі еді. Әр сөзінде Қожа Ахмет Ясауидің ұлы Ибраһим сұлтанның қа­бірінің ба­сына белгітас қою қажеттігін ылғи жиналыстарда айтып отыратын. Түркістандық көнекөз қария И.Жол­дасқожаұлының қолында сақтал­ған деректерінің негізінде қала­дағы И.Жансүгіров көшесінде орналасқан үйлердің бірінің жанын­да мүрдесі қалған Ибраһим сұлтанның қабіріне ғылыми археологиялық зерттеу жүргізуге мұрын­дық болды. Археологиялық қазбаны тарих ғылым­дарының кандидаты, архео­лог-ғалым Марат Тұяқ­баев бас­таған қорық-музей мамандары жүргізді. Нәтижесінде, үйдің іргесінен Ибраһим сұлтанды жерлеген қабірдің басына егілген көп жылғы дарақ талдың тамырын тапты. Әрі қарай сүйекке жетер тұста үй опырылып құлап кету қаупі болғандықтан, үй иесі әрі қарай қазуға рұқсат бермеді. Қазба жұмысы сол жерден тоқтатылды. Үйдің иесі Б.Ебер­генов ағамыз азаматтық танытып, Ибраһим сұл­танның басына белгітас қоюға келісті. Күздің қоңыр салқыны түскен уақытта Ибраһим сұлтанға ар­нап дастарқан жайылып, құран оқылып, ас бе­рілді. Басына белгітас қойылды. Осы істің басында жүрген Әбдікерім ағамыз бірде «Берікжан-ау, ар­қам­нан ауыр жүк түскендей болды», деген еді.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Әбдікерім Манапов бастаған топ Қызылорда қаласы, Түр­кістан облысының Бәйдібек ауданы, Арыс ауданы, Шардара ауданы, Ордабасы аудандарында тақы­рыптық көшпелі көрмелерді ұйымдастырып, көп­шіліктің алғысына бөленді. Бірде Арыс қала­сына көшпелі көрме ұйымдастыруға бара жатқанда жолай, ақын Көпбай Омаровтың жамбасы тиген зиратына соғып, құран бағыштадық. Көлікпен әрі қарай зулап бара жатқанда Әбдікерім аға ақын Көпбай Омаровпен қалай айтысқандығы жөнінде сөз өрбітті: «Бірде облыстық айтыста Көпбай Омаровпен айтысып қаламын-ау деп көп дайындық жасадым. Кіндік қаным тамған Талапқа (қазіргі Манап ауылы – Б.Б.) барып әкемнен бата алып, ай­тысқа баратындығымды жеткіздім. Әкем Манап ұзақ ойланып отырып: «Балам, Көпбай деген айтыс­тың арыстаны онымен сөз қағыстырғаның дұрыс болмайды-ау, – деді. – Айтысып батасын ал. Жаман болмайсың». Араға апта салып Шым­кентте Көбекеңмен айтыстым. Нағыз айтыстың арыс­­таны екен. Сөз соңында ол кісіге іні атанып, бата­­сын алдым. Содан жаман болған жоқпын», деді.

2012 жылы Қазақстан музейлері арасында алғаш рет реконструкцияланған тарихи қойы­лымдарды музей ісінде сахналау жұмыстары қол­ға алынды. Нәтижесінде, Абылайды хан көтеру реконструкцияланған қойылымын қою туралы Ғылыми кеңестің шешімі бекітілді. Енді тарихи қойылымның сценарийін кім жазады деген басты сұрақ күн тәртібіне қойылды. Таңдау Қа­зақстан Рес­публикасының Мәдениет қайраткері, ақын Әбдікерім Манаповқа түсті. Жұмыс тобы құрылып, нәтижесінде Орталық кітапхана, Қ.А.Ясауи атын­дағы ХҚТУ кітапханасындағы қазақ хандарына қатысты кітаптардың барлығын бөл­месіне жинап, он күндей тапжылмай дерек­термен таныс­ты. Оқып отырып, ойларын қағаз бетіне түсірді. Бар-жоғы он күннен астам уақытта қойылымның сценарийін жазып шықты. Жанын салып жазған сценарийді оқысаңыз, еш жалықпайсыз. Бұл іс-шараның бас­тамасы ғана еді. Хан, сұлтандар мен билер, батырлар және игі жақсыларға арнап киімдер тігілді. Осы қойылымды Түркістан қаласында Райым­бек Сейітметов атындағы музыкалық драма театры­ның әртістері керемет орындап шықты. Қойы­лымның көрсетіліміне Түркістанда өтіп жатқан «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға келген шетелдіктер де та­машалап, одан алған әсерлерімен бөлісті. Осы игі істі өткізуде Әбдікерім ағамыздың үлкен қол­таңбасы қалды.

2016 жылы Әбдікерім Манаповтың қаламынан мектеп оқушыларына арналған «Аманат», «Ерте үзілген әңгелек», «Ибраһим шайық», «Меккеде оқыл­ған намаз» сынды кітапшалары жарыққа шықты. 2020 жылдан бастап қорық-музей жанынан респуб­ликалық «Ясауи мұрасы» газеті оқырманға жол тартты. Басылымның бас редакторы болған Әбді­керім ағамыздың басқаруымен газет 2021 жыл­дың тамыз айына дейін үздіксіз шығып отырды.

2016-2018 жылдар аралығында Әбдікерім Манапов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Қожа Ахмет Ясауиге байланысты халық жадында жүрген көптеген аңыз-әпсананы жинады. Көп ізденді, экспедициялар ұйымдастырды. Нәтижесінде, 2018 жылы «100 аңыз» атты кітабы жарық көрді. Көп ұзамай бұл кітап орыс және ағылшын тілдеріне аударылды.

Өмірі өнегелі Әбдікерім Манаповтың шығар­ма­шылығы мен жүріп өткен жолдарына қатысты жазылған ескірмес естеліктердің бір парасын ғана назарларыңызға ұсындық. Себебі, ол кісінің бар­лық жұмысын зерделеп, жарыққа шығарсақ, газеттің бір беті ғана емес, екі-үш томдық кітап жа­зып шығуға болар еді. Сөз соңын­да айтпағымыз, ел­дің мәдениеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дарын иесі Әбдікерім Манаповтың артын­да қалған 300-ден аса өлеңі мен 60-тан астам әнін жинақтап, жарыққа шығару басты мін­детіміз болмақ.

 

Берік БАЙБОЛ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

 «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері