• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қазан, 2021

Зейнетақы жинақтарында 13 трлн теңге бар

349 рет
көрсетілді

Осы жылдың 1-қазанындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 13,1 трлн теңгеден астам зейнетақы жинағы бар. Тура бір жылдың ішінде, яғни 2020 жылдың 1 қазанынан 2021 жылдың 1 қазанына дейінгі аралықта зейнетақы жинақтарының сомасы 569,5 млрд теңгеге немесе 5 пайызға өскен.

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зей­нет­ақы жарналары есебі­нен жинақталған. Оның мөл­шері – 12,7 трлн теңге. Соң­ғы 12 айдағы өсім 4 пайызға тең. Мін­детті кәсіптік зейнет­ақы жарналары бойынша жи­нақталған зейнетақы жинақтарының сомасы 349,5 млрд теңгені құрады. Өсім – 16 пайыз. Ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша 1,6 млрд теңге жинақталған.

Осы жылдың тоғыз айында БЖЗҚ салымшылары өт­кен жылдың сәйкес кезеңімен са­лыс­тырғанда әлдеқайда көбі­рек қаражат салған. 1 қазан­дағы жағдай бойынша салым­шылардың шоттарына жалпы көлемі 1,2 трлн теңге зейнетақы жарнасы түскен. Бұл – 2020 жыл­дың сәйкес кезеңіндегі көр­сеткіштен 439,5 млрд тең­геге немесе 57 пайызға артық. Жарналардың жалпы кө­лемі­нің 95,7 пайызын БЖЗҚ-ға аударылған міндетті зейнетақы жарналарының түсімі құраған. Ол 917,4 млрд теңгеге тең. Соңғы 12 айдағы өсім – 24 па­йыз. Міндетті кәсіптік зей­нетақы жарналары бойынша 41,2 млрд теңге (өсім 17 пайыз), ерікті зейнетақы жарналары бойынша 496 млн теңге (өсім 41 пайыз) аударылды.

Салымшылардың жарналарынан бөлек, зейнетақы жинақтарының айтарлықтай өсуіне есептік кезеңде есептелген 1 трлн теңге көлеміндегі таза инвестициялық табыс та әсер еткен. Бұл көрсеткіш те өткен жылдың сәйкес кезеңінен асып түскен. Яғни 1 пайызға  немесе 7 млрд теңгеге артық. Ұлттық банктің басқаруымен БЖЗҚ зейнетақы активтері бо­йынша кірістілік жыл басынан бері 8,89 пайызды, ал инфляция 6,2 пайызды құрады. Бұл ретте соңғы 12 айдағы кірістілік10,08 пайызға, осы кезеңдегі инфляция 8,9 пайызға тең. 

БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 11,7 млн бірлікке жет­ті. Шот­тардың көбі міндет­ті зейнетақы жарналары бо­йынша ашылған – 10 909 456 бірлік. Одан кейін­гі орын­­да мін­детті кәсіптік зей­нет­­ақы жарналары есебінен қа­­лып­­­тасқан шоттар тұр – 534 067 бір­лік. БЖЗҚ-дағы ерік­ті зей­нет­ақы жарналары есебінен қалыптасқан шоттар саны қазір 54 013 бірлікке тең.

Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына шамамен 2,1 трлн теңге төленген. Төлемдердің басым бөлігін біржолғы зейнетақы төлемдері құрады – 1,9 трлн теңге. Одан кейінгі орында жасы бойынша зейнеткерлікке шыққандарға аударылатын төлемдер жай­ғасқан – 71,6 млрд теңге.

Сондай-ақ сақтандыру ұйым­­дарына аударылған аударым­дар шамамен 47,6 млрд теңгені, мұрагерлік төлем­дері 43,3 млрд теңгені, Қазақ­стан шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткендерге берілетін төлемдер 29,1 млрд теңгені, жерлеуге жұмсалатын төлемдер 4 млрд теңгені және мүгедектік бойынша төлемдер 1,6 млрд теңгені құраған.

Кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) – 28 525  теңге, ал ең жоғары сома – 673 643 теңге.