• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Елорда 27 Қазан, 2021

Бұқаралық спорт бүр жарған шаһар

746 рет
көрсетілді

Саламатты өмір салтын ұстанып, спортты серік еткен адамның алар асуы да, бағындырар биігі де көп болмақ. Сондықтан шынығып, шымыр болуға ұлт болып ұмтылып келеміз. Соның жарқын дәлелі ретінде Нұр-Сұлтан қаласының аумағында бұқаралық һәм балалар спортын дамытудың дара даңғылы сәт санап қалыптасып келеді. Мәселен, күні кеше елордада «Қолжетімді спорт» жобасы қолға алынды. Соның нәтижесінде, қала тұрғындары спорттың 11 түрі бойынша таза ауада жаттығып жүр.

Жаттығуға арналған жоба

Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттерді іске асыру аясында қолға алынған болатын. Тың қадам Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен іске асырылуда. Ең бастысы, жаттығу сабақтарын білікті жаттық­ты­рушылар тегін өткізеді. Осылайша, мұндай ашық жаттығулар қала тұрғындары арасында бірден танымал бола бастады. Балалардан бастап, қарт адамдарға дейін жаттығу жасауға құмартып келеді.

«Қолжетімді спорт» жобасы бар еке­нін естіп, қуанып қалдым. Қазір менің уақы­тым да, жасым да денсаулығыма көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Өз басым скан­ди­на­виялық серуендеумен айна­лы­самын деп шештім. Мұнда ба­лалардың ақы төлемей-ақ айналысып жүргеніне куәмін. Баласын қымбат секцияларға жетелеп, ақы төлеуге әркімнің мүмкіндігі бола бермейді. Ал мұнда барлық жағдай жасалған», дейді қала тұрғыны Нұрбағила Дәуітбаева.

Жыл бойы қала тұрғын­да­рының, соның ішінде бала­лардың демалыс уақы­тын тиімді өткізу және саламатты өмір сал­­тын насихаттау мақсатында қол­ға алын­ған жобаның мәні мен маңызы зор. Жоба жоспары бойынша жаз айларында жү­гіру, йога, зумба, воркаут, скан­ди­на­виялық жүріс, тыныс алу гимнас­тикасы, стритболдан тегін жаттығулар мен сабақтар ұйымдастырылса, қыс мезгілінде шаңғы және коньки тебуден тегін жаттығулар өтеді. Осы жоба аясында биылғы ақпан-наурыз айларында қалалық дене шынықтыру және спорт бас­қармасы қала тұрғындары үшін конькимен және шаңғымен сырғанаудан кәсіби жат­тық­ты­рушылармен тегін жатты­ғу­лар ұйым­дастырған болатын. Нәти­же­сінде, елор­даның 2 мың тұрғыны (соның ішінде ба­лалар да бар) конькимен және шаң­ғы­мен сырғанауды тегін үйренді. Жоба қала­мыздың шет аймақтарының тұрғын­да­рын да қамтыды.

Сонымен қатар жоба аясында жаз айларында футболдан Aula ligasy және стритболдан Nursultan CUP турнирлері ұйымдастырылды. 2 мыңға жуық баланы қамтыған жарыс ата-аналар мен балалар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Aula ligasy турнирінің соңғы кезең ойындары «Астана Арена» спорт кешенінде өтті. Бұл өз кезегінде балалардың спортқа деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттырды. Алдағы уақытта мұндай шараларды дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ аулаларда те­гін жаттығу жұмыстарын ұйым­дастыру мақсатында республикалық Aula fit жобасы қолға алынды. Нұр-Сұлтан қаласындағы 6 аулада футбол, шахмат, стрит воркаут, баскетбол, балалар фитнесі бо­­­­йынша әр аулаға жаттықтырушы-нұсқаушылар бекітіліп, әр тоқсан сайын тегін жаттығулар өтті. Қала шетіндегі бірнеше орта мектептер мен спорт нысандарында (№68 орта мек­теп, №49 орта мектеп, сондай-ақ «Нурал», «Аспан» спорт кешендері мен «Асылхан», «Профит», «Қорғалжын» спорт клубы мен «Күйгенжар» тұрғын үй алабында) жекпе-жек спорт түрлерінен үйірмелер ашылып, балалар спортпен тегін шұғылдануда. Ал қаланың 91 жалпы білім беретін мектебіндегі 52 спорт секциясында 30 мыңға жуық бала спортпен шұғылданады. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында «Арқа Alan» ұлттық спорт түрлері орталығы ашылды. Аталған орталықта қазіргі таңда 600-ден аса бала шұғылданады.

Қазіргі таңда қалада 33 аула клубы жұ­мыс істейді. Аталған клубтарда аз қам­­тыл­ған отбасылардан шыққан 3 мың­нан аса бала спортпен тегін шұғылда­нады. Қалалық мәслихат депутатта­ры­ның ұсынысымен жастар саясаты басқар­масына қарасты аула клубтарының спорт­тық бағыт­та­рын дене шынықтыру және спорт басқармасының құзыретіне алып, да­мыту қолға алынуда.

Биылғы бірінші жартыжыл­дық­тың қорытындысына сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласында 378 835 адам спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл жалпы қала халқының 31,5 пайызын құрайды. Осы көрсеткішті жылдың соңына дейін 35 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ үлкен теннисті барлық балаға қол­жетімді ету мақсатында жалпы білім бе­ретін мектеп аулаларындағы және сая­бақ­­тардағы теннис корттарын, қала бо­йынша игерілмей жатқан 14 алаңды қайта қалпына келтіріп, пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоба аясында ерек­ше қажеттіліктері бар және әлеуметтік аз қам­тылғандар санатына жататын балалар тенниспен тегін айналыса алады. Қала­дағы мыңнан астам бала тенниспен айна­лысса, жоба іске асқаннан кейін тенниспен 10 мыңға жуық бала айналысады деп күтілуде.

11 спорт мектебі бар

«Тәні саудың – жаны сау» дейді дана халқымыз. Егемен елдің ертеңі – бүгінгі балақайлар болған соң, дені сау ұрпақ тәрбиелеу мәселесі қашанда маңызды. Бұл ретте, жас ұрпақтың қанатын қатайтып, буынын бекітуге барынша көңіл бөлініп келеді. Мәселен, бүгінде балалар мен жасөспірімдерге арналған 11 спорт мектебі жұ­мыс істеп тұр. 73 бөлімшеде 8 032 спортшы спортпен тегін шұғылданады. Елор­далық жастар ден қойған спорттың 57 түрі – олимпиадалық спорт түрі саналады. Сонымен қатар ұлттық және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлері де бар. Спорт мектептеріне шәкірттер жыл сайын қыркүйек-қазан ай­ларында қабылданады. Ата-аналар бала­лары баратын спорт мектебі мен айналысатын спорт түрін таңдап, өтініш жазады. Дәрігерлік тексеруден өтіп, бала денсаулығында спортпен айналысуға еш кедергі жоқтығын растайтын анықтама алады. Тиісті құжаттарды тапсырған соң, балалар іріктеуге шақырылады. Іріктеу сынында балалардың әр спорт түрі бо­йынша белгіленген нормативтерді орындай алу қа­білеті сыналады.

Былтыр қалалық дене шы­нық­тыру және спорт басқар­масына бағынысты екі мекеменің жұмыс жүйесі өзгерді. «Толағай» жоғары спорт мектебі» – «С­портты олимпиада спорт түрлері бо­йын­ша дамыту дирекциясы» болып түрленді. Ал «Жігер» спорттық клубы» – «Спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясы» болып қайта құрылды. Алдағы уақытта басқарма тарапынан іссапарға бөлінетін қаражат тікелей екі мекемеге бөлінеді. Сондай-ақ қаражат әр спорт түрінің жылдық жоспары бойынша алдын ала бекітіледі. Осы өзгертулердің нәтижесінде, Олим­пиа­да­лық және Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту дирекцияларының құ­зыреті артып, Нұр-Сұлтан қаласының құ­рама командаларының спорттық іс-ша­ра­ларға, халықаралық додаларға да­йындық жұмыстары тиісті дең­гей­де жүзе­ге асуда. Сондай-ақ былтырдан бастап елордалық спорт­­шылардың іссапарға бөлі­не­тін қаражат тікелей қонақ­үйлер мен спортшылардың жеке есепшотына аударылып келеді. Бұл қадам спортшыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, спорттағы сыбайлас жемқорлықтың да алдын алатыны анық.

Спортшылар қаржыдан қағылмайды

Сананы тұрмыс билемей тұр­май­ды. Былтырдан бері жетіс­тікке жеткен Нұр-Сұлтан қала­сының спортшыларына ай сайынғы төлемақының да мөлшері ұл­ға­йып, оны алатын спортшылар саны 84-тен 170-ке дейін артты. Жаңа қаулыға сәйкес, Олим­пиа­да ойындарының елор­да­лық жеңімпаздары 97 334 теңгенің ор­нынан 694 500 теңге алады. Сол секілді Әлем чемпионатының үздіктеріне төле­не­тін ай сайынғы төлемақының көлемі де 93 794 теңгеден 277 800 теңгеге дейін өсті. Азия чемпионатының жеңім­паз­дары ай сайын 83 176 теңгенің орнына 222 240 теңге, ал Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары 79 637 теңгенің орнына 166 680 теңге төлемақы алады. Соны­мен қатар 2024 жылға дейін жат­тық­тырушылар мен спорт­­тағы оқытушылардың жалақысы 100 па­йызға өседі.

50 спортшыға білім гранттары берілді

Биыл елордалық спорт­шы­лар­ға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дене шынықтыру және спорт маман­дық­тарына қала әкімінің 50 бі­лім гранты берілді. «Небір мық­ты спортшылар, ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген саңлақтар мемлекеттік грантқа ілінбеген жағдайда құжатын қолжетімді мамандықтарға тапсыруға мәжбүр болады. Соның салдарынан біз мықты мамандар шығады деген спортшыларымыздан айырылып қалып жатамыз. Соған байланыс­­­ты, қала әкімі Алтай Көлгіновке ұсыныс жасалып, елордалық 50 спортшыға қала әкімінің грантын беру туралы шешім қабылданды. Жоғары оқу орындарын аяқтаған соң мамандар жаттықтырушы, нұсқаушы ретінде қалалық спорт ұйымдарына жұмысқа қабыл­да­нады. Өз кадрларымызды осы­лай дайындаймыз», дейді дене шынықтыру және спорт бас­қар­масының басшысы Самат Ерғалиев.

Сондай-ақ биыл балалар мен жасөс­пі­рім­дерге арналған спорт секцияларын жан басына шақ­қан­дағы нормативтік қаржы­лан­дыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама аясында мемлекет тарапынан 400 млн теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда 9 682 балаға ваучер берілді.

Спорттық инфрақұрылым дамып келеді

Бүгінде қалада 4 дене шынық­тыру және сауықтыру кешені салынуда. Әлем­дік аренада елдің атын шығарып, ме­рейін үстем етер спорт саласын дамы­ту­дың алғашқы қадамы қала тұрғын­дары мен қонақтарының спорт нысандарына қолжетімділігін арт­тырудан бас­талады. Жыл со­ңына дейін қала ма­ңындағы «Көктал-2», «Өндіріс», «Темір­жолшылар», «Үркер» тұрғын алап­­та­рында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілмек. Сары­ар­қа, Байқоңыр, Есіл, Алматы аудан­дарында ашылатын спорт кешендері бала­лар мен жасөспірімдерді ғана емес, аталған аудан тұрғындарының да спортпен шұғылдануына жағдай жасайды.

Қала әкімі Алтай Көлгіновтің қолдауы­мен «Астана Арена» спорт кеше­нінің жаны­нан «Жа­уын­­герлік өнер орталығы» мен «Бокс орталығы» ашылды. Жирентаев көшесінде оң жағалау тұр­­­ғындары үшін Жекпе-жек ор­та­лығы, Тәуелсіздік сара­йында Көркем гимнастика орталығы мен «Сарыарқа» велотрегі жанынан Дзюдо орталығы өз қызметіне кірісті. Бірқатар спорт­тық ны­санға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған орталықтар заманауи құрал-жаб­дықтармен жаб­дық­та­лып, қазіргі таң­да балалар тегін жаттығу жұмыстарын жүргізуде.

Биыл мемлекет-жеке серік­тес­тік аясында «Қазақстан» спорт сарайына күр­делі жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізу мақ­са­тында словакиялық құрылыс ком­­па­ниясымен келісімшарт жасалды. Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасы бағдарламасы аясында қаладағы «Толқын», «Жеңіс», «Барыс» спорт кешендерінде күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама аясында «Үрмелі футбол манежі» де ауыстырылды. «Астана Арена» стадионының футбол алаңы да ауыс­тырылып, нысан қазір ха­лық­ара­лық футбол қауым­дас­ты­ғының (FIFA) талаптарына сай келеді.

Былтыр қарашада Жеңіл атлетикалық спорт манежі пайда­ла­нуға берілді. Зама­науи үлгіде жоғары технологиямен жаб­­­дық­талған кешенде жеңіл атлети­ка­­ның барлық түрін дамытуға жағдай жасал­ған. Сонымен қатар манежде спорт­­шы­лар Қазақстан және Әлем чемпио­нат­та­ры­на, Олимпиада ойындарына алаң­сыз дайындалуы үшін барлық мүм­кін­дік қа­рас­тырылған. Қазіргі таңда қала­лық жеңіл атлетика федерациясының жұ­мы­сы жан­данып, жеңіл атлетикадағы 48 бағыттың 22 бағыты қарқынды дамуда. Сондай-ақ биыл қалада спорт колизейі ашылды. Триатлон паркі, ЕҰУ ғимараты жанындағы көпір астында арнайы спорт алаңдары жасақталды. Қаладағы барлық саябақта Street Workout алаңдары мен жат­ты­ғуға арналған құрал-жабдықтар бар.

Шаһардағы веложолдар мен жүгіру жол­дарының да көлемі жыл санап ұл­ғайып келеді. Қазір­гі таңда қала аума­ғын­да велосипед жолының ұзындығы 70 шақырымды құрайды. Алдағы уақытта ұзындығы 123 шақырым бола­тын веложол төселмек. Соны­мен қатар мүм­кін­дігі шектеу­лі жан­дарға арналған Пар­алим­пиа­да­лық жаттығу орталығы жұ­мыс істейді. Халықаралық дең­­гей­дегі ма­ман­дан­дырылған орта­лықта 17 спорт түрі бойынша тегін жаттығу өткізіледі. Бүгін­де ор­талық айына 3 400-ден аса адамды қабылдайды.

Тағы бір маңызды қадам ре­тін­де қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының тап­сыр­масы негізінде «Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, мүгедек спортшыларға арналған спорт мектебі» КММ-де ашылған следж хоккейді айтуға болады. Бұл спорт түрінен алғашқы 3 даярлау тобы бар. Жалпы, спортшылар саны – 15 адам. Жаттығулар «Тарлан» мұз айдынында өтеді. Сондай-ақ биыл елордада шайбалы хоккейден еліміздегі тұңғыш әйелдер академиясы ашылды. АҚШ-тағы хоккей клубының жат­тықтырушысы болған Бұлбұл Қар­танбайдың бастамасымен ашылған академияға қалалық әкімдік жан-жақты қолдау көрсе­туде. Аталған академияда балалар тегін жаттыға алады.

Цифрландыру – жеңістің бастауы

Мемлекет басшысының цифр­­­­ландыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында жоспар жасалуда. Осыған орай E-sport бірыңғай цифрлы платформасы іске қосылды. Аталған платформа құрама спортшылары мен жат­тықтырушылары тізімінен бастап, жа­рыс қорытындыларының хаттамаларын, оқу-жаттығу процесін және спорт нысандарының жұ­мысын қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ алдағы уақытта қала тұрғындары үшін Nur-Sultan Sport-City қосымшасы жасалуда. Аталған қосымша арқылы қала тұрғындарына спорт нысандары мен спорт үйірмелері, қаладағы спорттық іс-шаралар туралы ақ­параттар қолжетімді болады.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға ат спорты манежі ашылады

Жыл соңына дейін ерекше қа­жеттілігі бар балаларды иппо­терапия әдісімен емдейтін ат спорты кешенін ашу жоспарлануда. Орталық мүмкіндігі шектеулі ба­лаларды оңалту жұмыстарын жүргізбек. Сондай-ақ ат спорты манежі ұлттық спорт түрлерін дамытып, республикалық және халық­аралық деңгейдегі жарыс­­­тар өткізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, манеж жанынан ұзын­ды­ғы 13,2 шақырымды құрай­тын атпен жүруге арналған жол төселді.

Елорданың спорт сала­сын­дағы ең басты жаңалығы ре­тінде спорт­шы­ларға арналған алғашқы меди­ци­налық орта­лық­тың ашылуын айтуға болады. Биыл пайдалануға берілетін бұл орталық­та спортшылар арнайы дәрігерлік тексеруден өтіп, спорт дәрігерлері, психологтер мен спорттық массаж жа­саушы­лар, спортшылардың тамақтануын қада­ға­лай­тын арнайы мамандардың көмегіне жү­гіне алады. Сонымен қатар диспансерде спортшылардың ем алуын білікті спорт дәрігерлері бақылауда ұстайды. Бұған дейін спортшыларға №5 қалалық емхана медициналық қызмет ұсынып келген еді. Мұндай медициналық көмекке жү­гі­ну қо­л­айсыздық туғы­­зып, олардың дайын­д­­ығы мен сауықтыру процесіне кері әсе­рін тигізген соң бұл мәселені спорт­шылар қала әкімімен кездесуде көтерді. Спортшылар шаһар басшысынан жеке медициналық мекеме бөлуді сұрады. Елордалық спортшылардың бұл ұсынысы қала әкімі Алтай Көлгіновтің тарапынан қолдау тапты.

Ірі спорттық іс-шаралар орталығы

Бүгінде елордада спорттың әр түрінен ірі республикалық, халықаралық шаралар өткізіліп келеді. Бұл қадам тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арт­тырып, қаладағы спорттық инфра­құрлымның дамуына жағ­дай жасайды. Жыл басынан бері қала әкімдігінің қолдауымен грек-рим күресінен халықаралық турнир, жеңіл атлетикадан қала чемпионаты, жүзуден қаланың ашық чемпионаты сынды ірі іс-шаралар өтті. Сонымен қатар жыл са­йын қазақ күресінен «Қазақстан ба­ры­сы», бәйге түрлерінен «Ел­басы кубогі», көкпар, теңге ілу, аударыспақ секілді ірі додалар ұйым­дастырылуда. Мұның бәрі елор­дада ұлттық спорт түр­ле­рінің қарқынды дамып келе жатқанының көрінісі.

Сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға негізделген Астана марафон, Астана дуатлон, қысқы триатлон, велошеру, «Бұрқасын» қысқы фестивалі секілді ірі додалар елордалықтардың асыға күтетін іс-шараларына айналды. Елдегі пандемия кезінде қала тұр­­ғындары арасында онлайн жүгіру,онлайн велошеру сынды онлайн жарыстар да тұрақты түрде өткізіліп келеді.