«Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы және партияның Мәжілістегі фракциясының мүшесі Қайырбек Сүлейменов тұңғыш рет азаматтарды қабылдады.
Қабылдауға 20-ға тарта адам жазылыпты. Олардың дені қаржы полициясы мен мемлекеттік органдар қызметкерлеріне, сондай-ақ, сот жүйесіне шағымдарын айта келіпті. Бұл ретте қылмыстық істерге қатысты сот шешімдеріне риза еместігін білдіріп жатқандар да болды. Мысалы, Көкшетау қаласының тұрғыны Әсем Шамгунова Ақмола облысындағы экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлерінің үстінен шағымданып, қылмыстық іс қозғау қаулысымен келіспейтіндігін жеткізді. Ал ауыл тұрғыны Галина Сикачино Астана қаласы ауданаралық мамандандырылған сотының қылмыстық іс жөніндегі шешімімен келіспейтіндігін білдірді.
Сондай келіспеушілігін білдіріп, кеше Қоғамдық қабылдауға Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев та бас сұқты. Ол Қайырбек Сүлейменовтен алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс мәселесін қарауды сұрады. Оның айтуынша, пәтер сыйға тартылған жаттықтырушы Махмұдов өзіне алған міндеттемесін орындамаған. Ал аталған баспанаға бір тиын салмаған үшінші жақ оны иеленуге талпынып жатқанға ұқсайды. Оның үстіне, Олимпиада чемпионы өзін және сенімді өкілін судья сот процесіне шақырмай, сырттай шешім шығарғанына келіспейтіндігін білдірді. Ал сенімді өкілдің сырқаттанып қалуы туралы анықтамасы бола тұра, оны судья қаперге алмаған. Сөйтіп, сот ертесіне таңертеңгісін өтіп, жапа шегуші жақтың қатысуынсыз шешім шығарылған.
Спортшының шағымын тыңдап болған соң, Қ.Сүлейменов соттың заңсыз шешім қабылдауы бойынша деректі анықтау үшін шағымды Жоғарғы Сотқа жолдайтынын айтты. Сәрсекбаевтың басындағы жағдайға түсінік бере кеткен «Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Руслан Асаубаев ешкім соттар мен тергеу органдарының жұмысына араласа алмайтынын, бұл жерде мәселе партия тарапынан жапа шегушіге құқықтық кеңес берілетіндігінде екенін жеткізді. Онда да құқықтық қолдау тегін негізде жасалады. Яғни барлық тиісті қағаздары реттелгеннен кейін қорғаушылар іске кірісетін болады.
Жалпы, партияның Орталық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі жыл басынан бері жеті депутат пен жеті мемлекеттік орган лауазымды тұлғаларының қабылдауында мыңға тарта адамның болғанын алға тартты. Оның айтуынша, 2014 жылдың қаңтары мен 1 ақпаны аралығында құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне шағымданған 194 арыз түсіпті. Олардың ішінде 72 адам сот шешімдерімен келіспейтіндіктерін білдірсе, 61-і сот шешімдерінің орындалмайтынына шағымданған. Және де мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттері мен әрекетсіздіктері үшін де 88 адам шағымдарын айта келгені мәлім болды. Бұдан басқа 275 азаматқа заңдық кеңес беріліпті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».